Жаңалықтар

Еламан Юсуп: Көрерменге ой саларлық контент жасағым келді

Еламан Юсуп: Көрерменге ой саларлық контент жасағым келді
Фото: Жеке мұрағаттан 19.02.2025 13:02 330

Әлеуметтік желіде қоғамдағы түрлі тақырыптарды әзіл арқылы жеткізіп, көпшіліктің ықыласына бөленген Еламан Юсуп (@yussyela) – жайдарманшы, актер әрі контентмейкер. Ол шынайы өмірдегі оқиғаларды комедиялық форматта ұсынып, халықтың күліп отырып ойлануына ықпал етеді. Осы орайда El.kz Еламанмен видео контенті туралы әңгімелесті.

Өнерге жақындығым бала кезден басталды

Еламан 1999 жылы Шу қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Қарағанды облысы, Приозерск қаласында өтті.

Мектеп кезінде ән айтып, жайдарманға қатыстым. Университетте өз командамды құрып, 2018 жылы Әулие Ата лигасында чемпион атандық. Сол кезден бастап өнерге деген махаббатым артты, – дейді ол.

Еламан бастапқыда тек әзіл видеолар түсіргенімен, кейіннен әлеуметтік мәселелерді көтеруге бел буды.

Әлеуметтік желіде қандай форматта жұмыс істесек болады? – деп ұстазым Қасиет Кәріммен ақылдастым. Ол қоғамдағы шындықты әзілмен жеткізу идеясын ұсынды. Бұл бағыт оңай емес, бірақ көрерменнің қолдауы алға ұмтылдырды, – деп бөлісті ол.

Әр видеосының мәтінін әзілкеш айтыскер ақын Медеу Мырзатаймен бірлесе жазады.

Мен сюжет пен әзіл бөліктерін ойлап табамын, ал Медеу оны ұйқастырып береді. Осылайша алғашқы вайнымыз жарық көрді, ал халықтың жылы қабылдауы бізге үлкен мотивация болды, – дейді Еламан.

Әр бейнеролик – үлкен еңбек

Контент дайындау бірнеше кезеңнен тұрады.

Алдымен тақырып таңдаймыз, әзіл элементтерін құрамыз. Сосын ыңғайлы бит таңдап, мәтінін жазамыз. Студияда дауыс жазып болған соң, түсірілімге кірісеміз. Әртүрлі образдарға ену – ең қиын әрі қызықты кезең. Операторымыз Ельбрус Алтынбай мен костюмеріміз Айдана Сарсенбайдың көмегі үлкен, – дейді ол.

Көрермен пікірі – басты мотивация

Еламанның айтуынша, оның ең үлкен шабыт көзі – көрермендер. Жайдарманда сахнада тұрып, халықтың күлгенін естігенде ерекше әсер алатынмын. Сол эмоцияны қазір әлеуметтік желі арқылы сезінемін. Бірде бір көрермен: "Пассаттың өзі бұндай универсал емес шығар" – деп жазды. Осы пікірді оқып, біраз күлдік, – дейді әзілкеш.

Еламан Юсуп командамен бірге «Әпке», «Тезірек үйлен», «Қарызсыз өмір сүрейікші», «Көлік алғанда» сияқты да әуенді вайндар шығарды.

Мысалы, «Әпке» баласын демалыс күні інісіне қалдырып, тез келем деп кетіп қалатын әпкелер туралы. Әпкелер басында әп сәтте оралам дегенімен, баласын түннің бір уағында әкететін болып шығады. «Көлік алғанда» әуенді вайнында көлігі бар жігіт туыс-туғанға, дос-жаранға тегін шопыр болып кететіні айтылады. Ақыры соңында жаяу жүретін кезін сағынады. Еламан алдағы уақытта танымал әзілкештермен бірге вайн түсірмекші.

Ғалым да, шахтер да бас иген мұғалім, ешкімнің алдында бас иіп қалмасын" – Еламанның ұстаздардың қызметіндегі кейбір ащы шындықтарын жеткізген видеосы дәл осындай сөздермен аяқталады. Оның әрбір туындысы тек күлкі сыйлап қана қоймай, қоғамдағы маңызды мәселелерді астарлы әзілмен жеткізуге бағытталған. "Біздің мақсатымыз – көрерменге ой салу. Әзіл арқылы қоғамдағы кейбір жайттарға басқаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береміз, – дейді ол.

Болашақта киноға түсуді армандаймын

Еламан алдағы уақытта да қоғамда қызу талқыланатын тақырыптарды әзілмен жеткізуді жалғастырады. "Түрлі мамандықтар, отбасылық жағдайлар, күнделікті өмірдегі қызықтар – басты назарда. Қазір контентіміз жарнамадан табыс әкеліп жатыр, бірақ ең үлкен арманым – киноға түсу. Бұйырса, ол күн де алыс емес. Бұл жолда өз орнымды табу үшін көп іздендім, еңбектің ақталғанына қуаныштымын. Отбасыма, командама және өнердегі ағаларыма алғысым шексіз, – деп түйіндеді Еламан Юсуп.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға