Жаңалықтар

Ел үмітін ақтады: Ермек Маржықпаев спорттық ату федерациясымен кездесті

Ел үмітін ақтады: Ермек Маржықпаев спорттық ату федерациясымен кездесті
Фото: Туризм жəне спорт министрлігі 22.12.2023 11:15 938

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спорттық ату федерациясының басшылары және жаттықтырушылар штабымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиын барысында оқ ату және стендтік ату өкілдері спортшыларымыздың соңғы ірі халықаралық турнирлердегі өнерін қорытындылап, Париж Олимпиадасына дайындық жоспарын таныстырды.

Қытайдағы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы стендтік ату бойынша – 2 алтын және 3 қола, оқ ату бойынша – 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Сары құрлық додасында З.Ирназарова, командалық скит микстте Ә.Орынбай мен Э.Ещенко және әйелдер арасындағы командалық скитте З.Кравченко, Ә.Орынбай, О.Панарина топ жарды.

Оқ ату және стендтік ату – медальдар ең көп сарапқа салынатын спорт түрлерінің бірі. Ұлттық құраманың кейінгі жылдардағы нәтижелері елімізде спорттық атудың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Мергендердің Азия ойындарындағы жетістігі баршамызды қуантты. Өнімді жұмыс істелгені көрініп тұр. Ең бастысы – сіздер бүкіл елдің үмітін ақтадыңыздар. Алда лицензиялық жарыстар мен 2024 жылғы жазғы Олимпиада күтіп тұр. Осы спорт түрін серік еткен команда көшбасшылары іріктеу сайыстарынан сәтті өтіп, төртжылдықтың басты додасында лайықты өнер көрсетеді деп үміттенеміз», - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Қазіргі уақытта спорттық ату бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында Париж Олимпиадасының 3 лицензиясы бар. 2024 жылға 4 лицензиялық турнир жоспарланған: 2 стендтік және 2 оқ ату бойынша. Демек, жолдамалар санын тағы да көбейтуге мүмкіндік бар.

Кездесу соңында Туризм және спорт министрі құраманың жаттықтырушылар штабына жеке алғысын білдіріп, оқ атудан бас жаттықтырушы Ольга Довгунға Мемлекет басшысының атынан естелік сыйлық табыс етті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға