Жаңалықтар

ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ СИМВОЛЫ – ТЕҢГЕГЕ – 25 ЖЫЛ

ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ СИМВОЛЫ  – ТЕҢГЕГЕ – 25 ЖЫЛ
15.11.2018 08:12 3999

Бүгінде біздің құлағымызға ең жағымды әуендердің бірі - су жаңа купюралардың шықырлаған дыбысы десек, қателеспейтін шығармыз.

Бұл қағаз барда бізге дүниенің кез келген құндылығы, қызметі, тіпті ең асыл жауһарлары қолжетімді сияқты. Дүниенің кез келген нүктесіне есік ашылатын тәрізді. Осындай зор мүмкіндіктерді беретін, әрине, төл теңгеміз. Бүгінде ол екінші мүшелден шығып жатыр. 25-ке келді. Ширек ғасырда ұлттық валютамыздың басынан не өтпеді дейсіз. Бір шолып өтсек.   

1992 жыл. Кеңес үкіметі ыдырап, алып империяның құрамдас бөлігі болып келген республикалар байланып тұрған қазығы құлағандай кері кетіп, тоқырай бастады. Ресей үкіметінің сол кездегі басшыларының бірі Егор Гайдар рубльді еркін қоя берді. Оның ақыры гипперинфляцияға ұласып, азық-түлік, тұрмыстық қажеттіліктердің бағасы 54 есеге дейін өсіп кетті. Көрші елдің басшылығы деноминация процедурасын қолға алмақшы болады. Бірақ, дәл сол жылдары рубльмен есептесіп жүрген Қазақстан мүдделерін назарға да алған жоқ. Сондықтан, тез арада ұлттық валютаны шығару күн тәртібіндегі ең өзекті мәселеге айналды.   

Алайда, дәл сол сәтте бұл оңайға соқпайтын шаруа екені баршаға аян еді. Алтын-валюта қоры жоқтың қасы еді. Тәуелсіздікке енді қол жеткізген мемлекеттер әлі де болсын рубль аймағынан шыға алмай, экономикаларын өз бетінше басқара алмады. Егемен елдің өз валютасы болғаны дұрыс дегенді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та жақсы түсінді. Сөйтіп, 1992-ші жылдың басында, бір топ банкирлерге құпия тапсырма беріледі. Сол кезден бастап, төл теңгемізді жасап шығару жөніндегі жұмыстар қауырт басталып кетті.

Осы ретте айта кеткен жөн, Америка құрама штаттары, Франция, Испания тәрізді елдердің банкнота шығаратын фабрикалары КСРО-дан ыдыраған республикаларға өз өкілдерін жиі-жиі жіберетін болған. Нарықтық экономиканың қыр-сырын меңгеріп алған олар, енді ғана тәуелсіздік алып, аяғына нық тұра бастаған мемлекеттерге жеке валюта қажет болатынын жақсы түсінген шығар, сірә. Осындай компаниялардың өкілдері Қазақстанға да бірінен соң бірі ағыла бастады. Алайда, төл теңгемізді шығару миссиясы тым құпия болғанын естен шығармаңыз. Сондықтан болар, ұлттық валютаны әзірлеп шығару міндеттелген топтың таңдауы аса танымалдығы жоқ, Ұлыбританияның шағын ғана «Харрисон және ұлдары» деген фабрикасына түседі.

Мәселені егжей-тегжейлі зерделей келгенде, ақша шығаруға қажет шығынның 30 пайызы баспаға емес, дизайнға кететіні белгілі болыпты. Тарихи деректерге сүйенсек, ұлттық валютаның купюрасын әдемілеп салып беру бастапқыда бірден 6-7 суретшіге жүктеліпті. Әрқайсысы 1 айдай уақыт бас алмай жұмыс жасайды. Кейін ішінен концепцияға ең жақын деген біреуі таңдалып, оның туындысы тағы бір айдай пысықталады. Ақырында белгілі суретші Тимур Сүлейменов бастаған бір топ жобаны соңына дейін жеткізеді. Портреті бар нұсқаларды "Харисон және ұлдары" компаниясының мамандары да қолайлы көрді. Сол таңдалып та алынды.

Теңгенің түр-әлпеті мен кескіні белгілі болғанда ғана құпияның шеті түріліп, хабар үкіметке жетті. Өйткені қыруар ақшаны 2 жылдық қорымен бірге басып шығару үшін құжаттар мен қаражат керек болды. Тақыр жерде отырған, доллар түгіл, бақыр тиыны жоқ мемлекеттік бюджет оған қаржыны қайдан тапты десеңіз, Мәскеуді жарылқап отырған отандық аффинажды зауыттан билік өз алтынымызды өзі сатып алып, 45 тоннасын Швейцария банкіне өткізеді. Содан түскен қаражат төл теңгемізді басып шығаруға жұмсалады. Алайда, құпия толығымен ашылған жоқ. Себебі ақша айналымға түспей, халықты дүрліктірудің қажеті жоқ деген шешім қабылданды.

Сөйтіп, екі жүк тасымалдайтын ұшақ, бір жарым ай көлемінде Ұлыбританиядан басып шығарылған теңгені тасымалдады. Бұл тасымалдың да құпиялылығы қамтамасыз етіліп отырды. Жасырын түрде елге жеткізіліп, банк қоймаларына орналастырылып отырды. Бұл 1993-ші жылдың күзі еді. Ал, сол жылдың 15-ші қарашасында, таңғы сағат сегізде Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық валюта – теңгені айналымға енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, тура 25 жыл бұрын тәуелсіз еліміздің төл валютасы әлем ақшаларының қатарына қосылды. Ал, қазіргі таңда еркін айналымда жүрген ақшалардың жалпы сомасы, Ұлттық банк деректеріне сүйенсек, 18 триллион теңгеге жуық.

Бұл қуанышты оқиға саналы әр Қазақстан азаматы үшін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Қолына Абылайхан, Абай, Сүйінбай Аронұлының бейнесі бар теңге тигенде халық тәуелсіздіктің нышанын көзбен көріп, қолмен ұстағандай болды деп еске алады кейбір ардагерлеріміз. Алғашқы купюралардың көлемі кішкентай болғанымен, өте құнды рөл атқарды. Сол сәттен бастап арнайы құрылған комиссия өз жұмысын бастап, азаматтардан рубль қабылдап, орнына ұлттық валюта қайтаратын болды. Әр адамға 100 мың сом тапсыруға рұқсат етілді, оған 200 теңге беретін. Яғни, теңгенің рубльге деген үстемдігі 50 есе болатын. Ал доллармен есептессең валютаның бағамы 1 теңгеге - 4 доллар.

Алайда, төл теңгеміздің мұндай бағамы санаулы айларға ғана жетті және оған қайтып оралмады. Бір жылдан кейін, яғни, 1994 жылы америка валютасы бірден 35 теңге болса, құлағымыз үйреніп кеткен девальвация туралы алғаш рет 1999 жылы естідік. Сол кезде доллар бағамы 119 теңге 52 тиынға шарықтады. Үкімет ұлттық валютаны ұстап тұруға арналған қаражат кеміп, жергілікті компанияларға қолдау көбейді деп түсіндірді. Жаңа ғасырға қазақтың ақшасы 142 теңгемен аттады. Кейінгі 5 жылда курс 132-146 аралығында тербеліп тұрды. Тіпті 120-ға дейін күшейген кезі болды. Бұл теңге тарихында күрт нығайып, доллар кері шегінген жалғыз жағдай.

2009 жылы екінші девальвацияның құйыны жетіп, америка ақшасы 147 теңге 50 тиынға тұрақтады. Одан 5 жыл өткенде Ұлттық банктің теңгені ұстап тұрудан бас тартамыз деген шешімі үшінші девальвацияға ұласты. Айырбастау курсы 179 теңге. Ал еркін айналым нақты күшіне енген күні ұлттық ақша 188-ден 255 теңгеге бір-ақ жетті.

Айтқандай, еркін айналымға дейін ұлттық банк теңге бағамын бір қалыпта ұстап тұру үшін 22 млрд доллар жұмсаған болатын. Бұл шын мәнінде желге ұшқан ақша болды. 255-тен кейінгі теңгенің тағдыры тұман торлағандай. Шарықтады, төмендеді. Бүгінгі курс бір доллар үшін – 374 теңге.

Қияметтің күшімен келген теңге осылайша 25 жылда 78 есе құнсызданды. Ал оның жолын ТМД аймағындағы өзге валюталармен салыстырсақ, келесідей көрініс шығады. Өзбектің сомы мен ресей рублінен кейінгі жолақта – теңге.

Кейбір мамандар, теңге бағамының төмендеуін экономиканың әлжуаздығымен түсіндірді. Әрине, экономика заңдарына қайшы келу мүмкін емес. Дегенмен, Қазақстан тұрғындары іскерлік белсенділігін арттырып, өз ісін бастап, нақты сектордағы үлес арта түскен кезде, теңгенің де жағдайы жақсарары сөзсіз.

Бірақ, ұлттық валютамыздың еркін айналымға жіберілуінде де өзіндік оң өзгерістер бар. Солардың бірі және бірегейі – отандастарымыз есеп-айырысуда төл теңгемізге көше бастады. Бұрыңғыдай пәтер, көлік бағасы қазір тең ұлттық валютамен көрсетіле бастады. Тіпті, халықтың біраз бөлігі теңгенің құлдилауын аса сезбейтін де сияқты. Дегенмен, долларға деген тәуелділік әлі де бары байқалады. Себебі, біреулер демалысқа шетелге барады, емделуге барады, оған доллар керек. Сөйтіп шынайы сұраныс болады. Ол – импорт, саяхат, білім. Ал кейбіреулер бостан босқа теңгесін жүгіріп барып долларға айырбастайды. Сөйтіп долларға сұраныс себепсізден ұлғайып кете береді.

Айта кетпеуге болмайды, бүгінде төл теңгеміз әлемдегі ең үздік банкноттардың ондығына енеді. 2011, 2012, 2013-ші жылдары, 3 жыл қатарынан 10000, 5000 және Күлтегін ескерткішінің бейнесі бар 1000 теңгелік купюра Халықаралық банкноттар байқауында 1 орын алғаны тағы бар.

Әлбетте, төл теңгеміздің құны шетел валюталарына шаққандағы құнымен өлшенбек емес. Абзалы, ұлттық валюта тәуелсіздігіміз бен дербестігімізді паш ететін негізгі фактор, символы ретінде бағалы, құнды. Еліміздің асар белестері жетерлік. Отандық банктерде сақтаулы депозиттердің көпшілігі теңгеге ауыстырылған, банк операциялары мен сауда-саттық теңгемен жүзеге асады. Олай болса, қазақ теңгесінің дәурені әлі алда екенін тілге тиек еткен орынды.

Асан ҚАЛИАХМЕТ

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға