Жаңалықтар

Ел бойынша өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз етуіміз керек – Тоқаев

Ел бойынша өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз етуіміз керек – Тоқаев
Фото: Ақорда 29.05.2023 15:06 998

Президент «Қызылжар-Сүт» фермасына барды. Президентке сүт фермасындағы сауын цехы және мал бордақылау алаңы көрсетіліп, осы кешенде қолданылатын сүт өндіру технологиясы таныстырылды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тауарлық сүт фермасының бірінші кезеңі 2020 жылы іске қосылған. Былтыр кәсіпорынға 366 миллион теңге инвестициялық субсидия бөлінген және Германиядан симментал және голштин асыл тұқымды ірі қара сатып әкелінген. Ферма 60 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Президент агроөнеркәсіп кешені басшыларымен және қарапайым жұмысшылармен әңгімелесті. Олар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдаудың нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылығының дамуы тың қарқын алғанын атап өтті.

Президент Солтүстік Қазақстан өңірінде мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін арттыруға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Біз мұндай өндірістік жобаларға міндетті түрде қолдау көрсетеміз. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жеңілдікпен кредит беру өз тиімділігін көрсетті. Яғни қаржыландыру жағынан мәселе болмауы тиіс. Сүт өндірісін тиісті деңгейде ұйымдастыру керек. Бүкіл ел бойынша өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін деңгейге жетуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы адал еңбегімен елді көркейтуге, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін ауыл еңбеккерлеріне алғыс айтты.

Президент облыс басшылығына жаңа фермаларды іске қосу және қолданыстағы шаруашылықтардың өндірістік қуатын арттыру арқылы сүт өндірісі бағытындағы мал шаруашылығын одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға