Жаңалықтар

Эквадорда өлді деп табытқа салынған әйел тіріліп кетті

Эквадорда өлді деп табытқа салынған әйел тіріліп кетті
Фото: El Universo 12.06.2023 14:14 1408

Эквадордың Бабаойо қаласында өлді деген қарт әйел табытта жатып тірілген. Бұл туралы El Universo басылымына сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

9 маусымда Гилберт Бальберанге дәрігер анасының ауруханада көз жұмғаны туралы хабарлаған. Ер адам оның қайтыс болғаны туралы куәлікті алып, анасының денесі жерлеу рәсіміне дайындау үшін жеткізілген.

Сағат 14:00-де әйел табытқа жатқызылған, оның ұлы жерлеу рәсімін өткізу туралы келіскен. Сағат 18:30-да денені жерлеу үшін табыт ашылған, сол кезде Бальберан анасының тыныс алып жатқанын байқаған.

Осыдан соң әйел шұғыл түрде жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер оның жүрегі қалыпты жұмыс істеп тұрғанын, денесінде де қимыл-қозғалыс белгілері барын айтқан, яғни ол сауығып кетуі ықтимал.

Не болғанын енді ғана түсініп жатқандаймын. Қазір анам сауығып кетсе екен деп тілеп жүрмін. Оның қасымда болғанын қалаймын, - деді Бальберан.

Эквадор қоғамдастығы әйелді тірідей көмгізбек болған дәрігерлердің жазалануын талап етіп отыр. Алайда аурухана басшылығы да, денсаулық сақтау басқармасы да бұл жайтқа қатысты ләм-мим деген жоқ.

Бейресми дерек бойынша, әйел сирек кездесетін каталепсиямен ауырады. Яғни мұндай ауруға душар болған адам ұзақ бойы бір қалыпта қатып қалуы мүмкін.

Ал әйелдің ұлы әзірге дәрігерлердің үстінен арыз беруге дайын еместігін, бар ойы анасының тезірек қалыпқа келуі екенін айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға