Жаңалықтар

Экономикалық жағынан соңғы 10 жылдағы ең үздік жолдау болды – Қайырбек Арыстанбеков

Экономикалық жағынан соңғы 10 жылдағы ең үздік жолдау болды  – Қайырбек Арыстанбеков
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 05.09.2023 11:45 1296

Экономикалық саясат институтының президенті Қайырбек Арыстанбеков мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол биылғы президент жолдауы негізгі 3 элементке бағытталғанын түсіндіріп берді.  

Таяуда ғана президент халыққа үлкен жолдау жасады. Біздің бағалауымызша соңғы 10 жылда тереңдігі, ауқымдығы және мазмұны жағынан мұндай жолдау болмаған. Бұл жолдаудың 3 элементі бар. Бірінішсі – саяси құжат ретіндегі жолдау; Екінішісі – экономикалық жолдау; Үшінші – бюджеттік жолдау, - дейді Арыстанбеков.

Сарапшы биылғы жолдауда президент мемлекеттік басқару жүйесін реформалау, реттеу туралы берген тапсырмаларға тоқтала кетті.

Менің ойымша, Қазақстанның дағдарысқа тірелген бірден-бір себебі – жедел шешетін шаруалардың кедергісі болған мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары. Олардың саны 2020-2021 жылдары азайды. Бірақ мемлекеттік жоспарлау жүйесін істеген лауазымды тұлғалар басты үлкен бір сұрақты ұмытып кеткен сияқты. Соңғы жоспарлау бойынша бізде 10 ұлттық жоба болды. Өздеріңіз білетіндей, ұлттық компаниялардың бағдарламалары, әкімдіктердің құжаттары және тағы басқасы бар.  Солардың барлығын қамтып, іс-шаралардың шығындарын бюджеттік есептегенде жалпы ішкі өнімнің 50 пайызына дейін жетеді. Ал енді әлемдік елдерге қарасақ, жыл сайын бірде-бір мемлекет 50 пайызбен өспеген екен. Сондықтан мемлекеттік жоспарлау жүйесін қалыптастыру барысында біз ең алдымен, жаңа жылға қандай шығындармен кіретінімізді айқындау керек, - дейді сарапшы.  

Экономист қазіргі таңда өзге де сарапшылармен бірге жаңа жылға қандай шығындармен кіретініміз жөнінде талдау жасап жатқанын атап өтті.

Егер біз көп шығын қойсақ, онда еліміздің экономикалық өсуі аз болады. Ал шығынды азайтсақ, онда экономикалық өсу қарқыны жоғарылайды. Міне, бұл – бірінші мәселеле. Екінші мәселе – бүкіл ауыл мен аудан әкімдіктерінің мемлекетті жоспарлау жүйесіндегі индикаторлары Қазақстан бойынша үлес салмағы 20 пайызды құрап отыр. Демек, мемлекеттік жоспарлау жүйесінде орталықтандыру болып кеткен. Ал жалпы ішкі өнім қайда жасалып жатыр? Оның барлығы Астанада емес қой?! Әрине, еліміздегі  167 ауданда  жасалынады. Ауыл шарушылығы қайда? Өңдеу өнеркәсіптері қайда? Әрине, осылардың барлығы аудандар мен қалаларда. Президент айтқандай, ендігі өңірлік бюджетті нығайта отырып, мемлекеттік жоспарлау жүйесіне аудандарды көбірек тарту керек. Сол кезде экономикалық өсу тұрақты болады, - дейді Қайырбек Арыстанбеков.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында:

«Кезең-кезеңімен жүргізілген фискалды орталықсыздандыру жұмысының нәтижесінде жергілікті бюджет кірісінің құрылымындағы республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттің үлесі орта есептен 25 пайызға дейін төмендеуге тиіс (қазір бұл көрсеткіш 50 пайызға жуық). Сонымен қатар аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл, ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет.

Бұдан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек. Ұсынылып отырған бастама өте маңызды. Келешекте аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді. Сол себепті барлық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу кезінде оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы және тиімділігі туралы ойлауы керек», екенін атап өткен еді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға