Экономикалық зерттеу институты оқушыларға арналған байқау жариялады

“Экономикалық зерттеу институты” АҚ мектеп оқушыларын орнықты даму мақсаттары бойынша эссе байқауына қатысуға шақырады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем үшін ең жақсы әрі орнықты келешек қалыптастыру үшін әзірлеген орнықты даму мақсаттары бүгінде көптеген мемлекет үшін маңызды тақырып. 17 өзара байланысты мақсаттарға жету арқылы қоршаған ортаны, жалпы әлемді барынша жақсы әрі қауіпсіз орынға айналдыруды көздейді. Экономикалық зерттеу институты бұл концепцияны мектеп оқушылары арасында да таныту үшін эссе байқауын жариялайды.
Еліміздің кез келген өңіріндегі 14-18 жас аралығындағы оқушы «Болашақты орнықты дамыту» тақырыбына эссе жазып, байқауға қатыса алады. Оқушылар қиялына ерік беріп, өзі елестететін ең жақсы келешек, арманындағы әлем туралы және оған жету жолдары туралы жаза алады. Байқау 18 ақпан мен 3 наурыз аралығында өтеді. Қорытындысы 26 наурызда жарияланады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлық табысталады.
Эссе көлемі мен тақырыптары, қойылатын техникалық талаптар туралы ақпарат Экономикалық зерттеу институтының (eri.kz) ресми сайтында.
