Жаңалықтар

Экологиялық 8 машық

Қоршаған ортаны жақсарта алмасаңыз да, зияныңызды азайту өз қолыңызда
Экологиялық 8 машық
18.04.2018 09:32 9720

Ағылшын тілінде «to go green» сөз тіркесі бар. Яғни экологиялық салт-сананы бойға сіңіру. Әрекетіңіз, тіршілігіңіз қоршаған ортаға, табиғатқа зиян тигізбейтіндей өмір сүру. Әрине, бір адам ауыл-аймақты, қалан мен даланы тазалап, гүлдендіре алмас. Бірақ егер әрбір адам өзінің әр ісін «экологиялық» сүзгіден өткізіп өмір сүрсе, табиғат-Ананың жағдайы әлдеқайда жақсы болар ма еді.  Бұл түсінік біздің қоғамға да сіңіп, дамыса деген ниетпен 8 экологиялық машықты бөлісіп отырмыз. Мүмкіндігіңізше өз өміріңізге енгізуге тырысыңыз:

1. Ресурстарды үнемдеңіз

Су мен газды тұтынуды азайтыңыз. Бір қарағанда онсыз да көп тұтынбайтын сияқты болып көрінуі мүмін. Дегенмен жеміс-жидек, көкөніс жуғанда ыдысқа су құйып жуасыз ба әлде сарылдап аққан суға жуасыз ба? Тісіңізді тазалғанда, беті-қолыңызды жуғанда краннан су толассыз ағып тұра ма?

Қызықты дерек

- Тісті тазалау кемінде 1 минут 30 секундқа созылады. Бұл уақыт аралығында краннан аққан су 10 литрлік шелекті толтыра алады.

- Егер тісті тазалау кезінде суды стаканға құйып пайдалансаңыз, небәрі 200 миллилитр (0,2 л) су жұмсалады. Енді жылына қанша жұмсайды екенбіз есептейік, 10 литрды  365 көбейтсек = 3650; 0,2 литрды  365 көбейтсек = 73 литр. 

- Адам күніне қанша су тұтынады: қол жуу үшін – 8 литр; унитаз суын ағызу үшін – 15 литр; душқа түсу – минутына 15-20 литр; ваннаға түсу – 150 литр; кір жууға (кір жуғыш машинканың орташа жұмыс режимі) – 130-150 литр.  


2. Электр қуатын үнемдеңіз

Шетелде, әсіресе Еуропа елдерінде кешкі сағат 20:00 кейін ойнаған, жүгірген бала дауысын естімейсіз. Ал сағат 21:00-де ересектер де ұйқыға жатады. Түнде биік ғимараттар терезесіне қарасаңыз, тұрғындардың барлығы бір жаққа кетіп қалғандай. Қап-қараңғы. Есесіне таңғы 5-6-да тұру олар үшін қалыпты жағдай. Еуропалықтардың өмір сүру ритмдері табиғи энергия қуатымен үндеседі. Олардың айтуынша, бұл кесте адамның биологиялық сағатымен де сәйкес. Ал мен кейде жұмыстан кештетіп немесе қыдырып қайтып келе жатып аулада түнгі сағат 22-00 шамасына да ойнап жүрген балаларды көремін. Біздің билологиялық сағатымыз өзге ме? Күмәнім бар.

Үйдегі жарық беретін шамдарды қуат үнемдейтін немесе жарық диод шамдарына алмастырыңыз. Бағасы сәл қымбаттау болғанымен үнемді әрі жарығы мол. Сіз жұмыс жасайтын бөлме кең бе? Жұмыс жасағанда сізге бөлменің түкпір-түкпіріне жарықтың жетуі шарт па, әлде жұмыс аймағына жарық беретін шағын бра немесе шамның болуы жеткілікті ме? Телефон қуатын толтырған соң, қуаттау құралын розеткадан суырасыз ба? Теледидар, кір жуғыш машина, микротолқынды пешті ше? Кез келген электр құрылғы тоққа қосылып тұрғанда болмашы болса да электр қуатын тұтынады. Әрине, көлемі тым мардымсыз, бірақ бұл тоққа қосылып тұрған құралдың өміршеңдігіне әсері елеулі.  

3. Қайта өңделген өнімдерден жасалған заттарға назар аударыңыз

Әрине, Қазақстанда мұндай өнімдер көп емес. Әзірше елімізде макулатура, шыны ыдыстар, түрлі-түсті металл, пластик, шиналар өңдеу саласында ғана даму бар. Осындай бір өндіріс туралы сайтымызда жазған болатынбыз. Сұхбат барысында кәсіпкер Ерлан Мұстафин қайта өңдеу өндірісінің проблемасы – шикізаттарды алу деген болатын. Қалдықты қайта өндіру үшін оның дұрыс жиналуы, сұрыпталуы қажет. Бұл келесі тармақ.

4. Қоқысты сұрыптап үйреніңіз

Қазіргі уақытта Қазақстанның барлық дерлік қалаларында пластик бөтелкелерге арналған арнайы жәшіктер орнатылған. Ескірген электр құрылғылар, құрамында сынап бар лампаларды салуға арналған терминалдар да бар. Әртекті қоқыстар салатын жәшіктер барлық жерде орнатылмауы мүмкін. Бұл уақыттың еншісіндегі шаруа. Ал сіз қазірден бастап қоқысты қағаз, азық-түлік қалдықтары, шыны және пластикке бөліп шығаруыңызға болады. Астана қаласында қағаз қалдықтарын қабылдайтын  кәсіпорындар бар. Макулатураны жинап, өткізіп табыс табуыңызға болады. 

Фото: bnews.kz

Сонымен сіз экологияға зиянымды тигізбеймін десеңіз батарейка, мерзімі өткен дәрі, аэрозольді бояулардың, дезодорант қалбырларын, жанармайы біткен оттықтарды, сынған граднусниктерді, істен шыққан техниканы, шиналарды тұрмыстық қалдықтар тастайтын қоқыспен бірге төкпеңіз. Қауіпті қалдықтардың утилизациясымен айналысатын кәсіпорындар тізімі Қазақстан Республикасының энергетика министрлігінің сайтында берілген.  Бұл тізімнен өз өңіріңізді тауып алып, зиянды қалдықтарды қабылдайтын кәсіпорынмен хабарласыңыз. 

5. Полиэтилен пакеттерден бас тартыңыз

Бұл осы қағидаттардың ең бастысы. Бұрын пакеттердер сататын дүкендерде пакетті неге тегін бермейді деп ренжитін едім. Бірақ соңғы уақытта бұл экономикалық емес экологиялық қадам екенін түсіндім.

Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының есептеуінше жыл сайын мұхиттарға 6 млн. 300 мың тонна қоқыс тасталады екен. Оның басым бөлігін осы пластик құрайды. Бұл қоқыстар 1 млн астам құстар мен балықтардың өлуіне әкеледі. Мұхиттарды ластауда Қазақстанның үлесі жоқ-ау, дегенмен осы пакеттердің ыдырау мерзімі 700-1000 жыл (байқаусызда кеткен қате емес, расымен мың жыл) екенін ескерсек, өз жерімізге қаншалық зиян келтіретінімізді ойлай беріңіз.

Тынық мұхитындағы үлкен қоқыс нүктесі. Фото: http://ecoleaks.info 

Бір реттік қолданысқа арналған пластик ыдыстардың Жер-Анаға ғана емес, адамға да зиянын атап өтейін. Азық-түліктің жоғары температурасы, ультрафиолет, оттек пен тағам қалдықтары пластиктің ескіруіне әкеледі. Нәтижесінде материал зиянды заттарды бөліп, ол азық-түлікке сіңеді. Поликарбонаттан жасалған қаптамалар мен ыдыстар да зиян. Оның құрамындағы бисфенол жоғары температурада азық-түлікке өтеді. Бір реттік қолданысқа арналған ыдыстарға ыстық сусындарды да құюға болмайды. Бұл жағдайда ыдыс винилхлорид, стирол бөледі. Ал бұл зиянды заттар адамның бауыры мен бүйрегінде жиналып, бауыр циррозына әкелуі мүмкін. Меланиннен жасалған ыдыстарды мүлдем қолданбаған жөн. Бұл пластмассаның сыртқы түрі керамикаға ұқсас. Мұндай ыдыстарға формальдегид пен астбест қосады. Ал бұл заттар адам ағзасында жиналып, қатерлі ісік себепкері болуы мүмкін.

Фото: Greenpeace

Жоғарыда аталғандарды ескеріп, көптеген өркениетті елдерде полиэтилен пакеттерге тыйым салынған.  

Данияда 1994 жылы полиэтилен пакеттерін тегін таратуға салық салынды. Бұдан соң оған деген сұраныс 90%-ға төмендеген.

Германияда пакеттердің утилизациясын тұтынушылар төлейді, ал жинау және қайта өңдеу шығындарын сатушылар мен таратушылар көтереді.

Сингапур, Бангладеш, Тайваньде, Үндістан полиэтилен пакеттер қолдануға тыйым салынған. Латвияда полиэтилен пакеттерге қосымша салық салынады. Руандада тұтынушыларға полиэтилен пакеттерді тегін таратқан дүкендердің лицензиясы тартып алынады.

Фото: Ron Prendergast Melbourne Zoo

Қазақстанда экологияға зиянсыз биопакеттер өндірісі бар. Олардың бірі туралы сайтымызда айтқан болатынбыз. Экологияға зиян тигізбеу үшін қоқысты ыдырайтын биопакеттерге жинап, дүкенге сауда жасауға шықсаңыз матадан тігілген дорба алғаныңыз жөн. Қазір көптеген дүкендер полиэтилен пакеттерден бас тартып, сатып алған дүниеңізді қағаздан жасалған дорбаларға салып береді. Бұл өндірушінің экологияға жанашырлығын оң бағалап, құрметке лайық дүкендер тізіміне енгізген жөн.

Фото: www.velobike.kz

6. Экологиялық таза көлік  түрін пайдалануға көшіңіз

Экологиялық таза көлік бұл электромобильдер мен трамвай, троллейбустар ғана емес. Ең зиянсыз көлік – велосипед. Қазір Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда автоматтандырылған велопрокат жүйесі жұмыс жасайды. 

Қазіргі уақытта атмосфераның ластануының 40-60% автомобильдерден шығатын газдар құрайды. Орташа есеппен 1 автомобильден шығатын зиянды заттар – көміртек тотығы жылына  135 кг, азот тотығы 25, көмірсутектер 20, күкірттің қостотығы -4, қатты заттар – 1,2, бензпирен – 7-10 кг.

Фото: Vetemonts/Harrods

 7. Ысырапшыл болмаңыз

Шашсам өз ақшам, табиғатқа не қатысы бар дерсіз. Алайда сіздің алған әр тауарыңыздың жарамдылық циклі бар. Көбінесе импульсивті сатып алынған тауарлар көп ұзамай қоқыс жәшгіне жол тартады. Егер әр адам өз қажеттілігіне сай керек-жарақ алатын болса, дүниежүзіндегі тұрмыстық қалдықтардың мөлшері де едәуір азаяр еді. Ресей ғалымдарының пікіріне сүйенсек, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Дания, Италия, Нидерланды, Швеция, Швейцария, Жапония сияөты дамыған елдерде адам басына шаққанда жылдық тұрмыстық қалдықтардың орташа көлемі 340-440 килограмм, Австрия мен Финляндияда – 620 килограмнан асады, АҚШ-та 720 килограмм. Егер жібі түзу киілмейтін киім-кешектер болса қайырымдылыққа беріңіз, немесе комиссиялық дүкендерге өткізіп, тиын-тебен табыңыз.

Фото: hikeitbaby.com

8. Сенбілікке шығыңыз

Жоқ, әкімшілік міндеттеген қала ішіндегі аумақты сыпыру емес. Қаланың сыртына. Отбасыңызбен. Табиғаты әдемі жерге. Сол жердің қоқысын жинап, табиғатын тамашалауды отбасыңыздың әдемі дәстүрі етіңіз. Қаланың сыртында адам жүрмейді ғой, қоқыс қайдан болсын деп ойламай-ақ қойыңыз. Тіпті, елсіз-мекенсіз қазақтың иен сар даласында сағымды полиэтилен пакет қуып, күнге пластик бөтелкелер шағылсып «жайнап» жатады.

Әдетте біз экономикалық дамуымызбен емес, табиғатымызбен мақтанамыз. Біздің Бурабай сұлулығымен Швейцариядан асып түседі, Біздің Көлсайдың әлемде теңдесі жоқ дейміз. Соңғы рет қашан бардыңыз табиғат аясына? Шынымды айтсам, менің назарыма табиғат сұлулығы емес, жартастарда бояумен жазылған жазулар, «бұл жерде адамдар емес, жануарлар болды» деген месседжді беретін қоқыстар түседі. Кім біледі, мүмкін кейін «сенбілік» сөзі позитив мағынаға ие болып, экологиялық әдеттер біздің қоғамымызға да сіңісер ме...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға