Жаңалықтар

Экология министрі: Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария өзені мен Арал теңізін бірге қорғамақ

Экология министрі: Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария өзені мен Арал теңізін бірге қорғамақ
Фото: t.me/KZgovernment 18.09.2024 11:47 471

Экология және және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Сырдария өзені мен Арал теңізін қорғау бағытында Өзбекстанмен тығыз жұмыс істейтінін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өзбекстанмен ынтымақтастықтың бір бағыты – экожүйені деградациядан қорғау және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелері. Қазіргі кезде экология саласы бойынша ынтымақтастықтың қолданыстағы механизмі – Қазақстан мен Өзбекстанның трансшекаралық Сырдария өзені бассейнінің су сапасын және қоршаған ортасын қорғау жөніндегі бірлескен жұмыс тобы. Жұмыс тобының аясында Сырдария өзенінің тек экологиялық жай-күйінің мониторингі мен су сапасы көрсеткіштерінің тізбесін бекіту және де мемлекеттік экологиялық бақылауды өткізу мәселелері талқыланады. Өзбек тарапымен климаттық мәселелер аясындағы ынтымақтастық – парниктік газдар шығарындыларын азайту мен сіңіру, сондай-ақ климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша үздік тәжірибемен алмасуды көздейді, - деді Нысанбаев.

Сондай-ақ министр өзбек тарапымен бірлесіп, Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу жоспарланғанын айтты.

Бұл Арал теңізінің экологиялық апатының салдарын жеңілдету және құрғаған теңіз табанынан ұшқан тұзды шаңды сексеуіл егу арқылы тоқтату бойынша қазақ-өзбек тараптарының әрекеттерін үйлестіруге ықпал етеді. Арал теңізінің құрғаған табанының жалпы алаңы шамамен 6 млн гектарды құрайды, оның ішінде Қазақстанға қарасты құрғаған табаны 2,8 млн гектарды құрайды. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған табанында жалпы көлемі 1,1 млн гектарды құрайтын алаңда сексеуіл көшеттерін отырғызу жұмыстарын жүргізу жөнінде тапсырма берді, - деді экология және табиғи ресурстар министрі.

Айта кетейік, Мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға