Жаңалықтар

Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Иран және қазақтар

Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Иран және қазақтар
27.08.2014 03:37 6978

Елу екі миллион адамның жанын алып, миллиондаған адамның тəні мен жанын жаралап, жүздеген қалалар, ауылдар мен елді мекендерді күйретіп, жермен-жексен еткен бұл соғыс басталып кеткенде Кеңес одағы мен Англия елдері Иранда неміс жансыздары бар деген желеумен екеуі бірігіп, Кеңес əскері иранның шығыс пен солтүстігінен, Англия əскері иранның батыс пен оңтүстігінен шабуылдап, екі жақтан елдің бір бөлігін жаулап алды. Осылайша Кеңес ар- миясы солтүстік аймағын, Англия əскері оңтүстік аймағын басып алды. Иран деректеріне қарағанда Кеңес əскерінен қырық адам өліп, екі соғыс ұшағы құлап түсті. Британиядан жиырма əскер қаза тауып, елуі жарақат алды, бір танкі жойылды. Иран жағынан сегіз жүз сарбаз, екі жүз қарабайыр тұрғын шəһид болып, екі шағын соғыс кемесі суға батып, төртеуі əбден шығынға ұшырады, алты соғыс ұшағы құлады. Бұндай статистикалық көрсеткіш шабуылшылардың иран қалалары мен елді мекендерін аяусыз бомбалағанын көрсетеді. Отаршыл күштер өз мүддесіне келгенде адам жанын шыбын құрлы көрмейді. Олардың өзге елдермен саяси қарым-қатынастары да өз мүдделеріне қызмет жасау керек дегенге саяды. Екі державаның жорықтары 1941 жылдың 25 тамызы мен 17 қыркүйегі аралығында жүзеге асты. Британия мен Кеңес əскерлері əбден орнығып алған соң иранның саяси істеріне араласып, өз талаптарын қоя бастады. Реза шаһтың тақтан кетуін талап етті. Соңында екі держава мемлекеттің тізгінін өз қолдарына алған соң иран үкіметіне сес көрсете бастады, үш аптадан кейін Реза шаһ астананы тастап шет елге қоныс аударуға мəжбүр болды. Оның орнын туған баласы Мұхаммед Реза патшалық таққа отырып, мемлекеттің билік тізгінін өз қолына ұстады. Екі держава одан кейін елдің экономикалық істеріне араласып елдің азық-түлікке қол жеткізуін қиындатты. Сол үшін қарапайым халық қолдан жасалған аштықтың да дəмін татты.

Мен иран елін паналаған қазақтар соғыс жылдары қатты қиналғанын талай рет қариялардан естідім. Жастықтың тəжірибесіз бейқамдық мінезі кей реттерде надандықпен пара-пар. Өйткені, қазақтың қиналып жан-жаққа тарыдай шашылғанын, Горган маңында арықтан тұнық суды ішіп уланғанын, жұқпалы Оба ауруына шалдығып қырылғандарын айтып өкініштен өксіп жылаған аталар мен əжелердің бейнесін ұмыта қойған жоқпын. Бірақ та сол қасіретті жылдар нақты қай жылдар болғанын сұрамаппын. Соған қазірге дейін өкінемін. Аталмыш оқиғалардың нақты мəліметін біреу біліп, менімен хабарласса немесе өзім бір білетіндерден естіп қалсам ретін келтіріп, осы жазбаны толықтырар едім. Əйтеуір, мен естіген мерзімге сай уақытта екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Кеңес əскерінің иранның солтүстігін басып алғанда олар иранның саяси-экономикалық тағдырына тікелей араласып көптеген қиындықтар тудырғаны анық. Иран азаматтығын əзірше алып үлгермеген қазақтар да аштық өртіне шарпылды. Өмірдің қайшылығын қараңызшы, кеңес əскерінің бір бөлігі Бəндер Түрікмен төңірегіне орналасып, босып жүрген қазақтармен кездесіп, танысып оларға қамқорлық жасаған. Кеңес армиясында қазақтардың саны айтарлықтай көп болған. Олар өз ауқаттарының бір бөлігін мұқтаж қазақтарға үлестіріп тұрған. Қазақтарға тиісетін сотқарларды іздеп жүріп, тауып алып əбден əдепке келгенше сабап алған. Сосын қазақтарды елге қайта оралыңыз деп насихаттаған. Үлкендердің айтуына қарағанда, қазақтардың бір тобы елге қайтып кеткен. Олар туралы зерттеу керек. Қалған қазақтар кеңес əскері ираннан шегініс жасаған соң да жергілікті халық тарапынан онша қысым көре қоймағаны былай тұрсын, тіпті, құрмет көре бастады. Өйткені, қарабайыр жұрт: «қазақтар жай емес, олардың арғы жақта қамқоршы бола алатын үлкен елі бар» дегенді ауыздан ауызға таратып жүрді.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға