Жаңалықтар

Екінші дүниежүзілік соғыс батырлары атындағы спорт нысандары туралы не білеміз?

Екінші дүниежүзілік соғыс батырлары атындағы спорт нысандары туралы не білеміз?
Фото: Туризм және спорт министрлігі/Коллаж El.kz 18.02.2025 20:02 543

Туризм және спорт министрлігі Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Екінші дүниежүзілік соғыс батырлары атындағы спорт нысандары туралы тың мәліметтер ұсынды. Бұл туралы ведомствоның желі парақшасында жарияланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Кеңес Одағының батыры Бауыржан МОМЫШҰЛЫ атындағы орталық стадион 

Бұл – Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының орталығындағы негізгі нысандардың бірі. 2022 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында стадионға жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Стадион аумағында заманауи стандарттарға сай кіші және үлкен футбол алаңдары, стрит-воркут алаңқайлары, волейбол және баскетбол алаңдары, жүгіруге арналған арнайы жолақтар бар.

Кеңес Одағының батыры Нұркен ӘБДІРОВ атындағы спорт сарайы 

Спорт нысаны Қарағанды қаласының орталығында орналасқан. Ғимараттың іргетасы 1958 жылы қаланған. Мұнда су добы, дзюдо, қазақ күресі, еркін күрес, грек-рим күресі, кикбокс, жүзу және басқа да спорт түрлерінен тұрақты түрде оқу-жаттығу өтеді. Халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстар да негізінен осында ұйымдастырылады.

Кеңес Одағының батыры Махмет ҚАЙЫРБАЕВ атындағы ұлттық спорт түрлері спорт клубы 

Павлодар қаласында орналасқан клуб Ертіс-Баян өңіріндегі ұлттық спортты дамытуға ерекше үлес қосып отырған мекемелердің бірі саналады. Онда 150-ден астам спортшы жаттығады. Ұлттық спорт түрлерінен облыстың негізгі құрамын жасақтайтын мекеменің өкілдері республикалық және халықаралық жарыстарда аймақ намысын абыроймен қорғап жүр.

Кеңес Одағының батыры Әлия МОЛДАҒҰЛОВА атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтің мектеп-интернат-колледжі 

Қарағанды қаласындағы білім ордасының негізі 1971 жылы қаланған. Нысанға 1988 жылы оған Әлия Молдағұлованың есімі берілді. Өңірдегі спортқа бейім жеткіншектердің басын біріктіріп отырған мекемеден есімдері елге мәлім спортшылар тәрбиеленіп шыққан.

Кеңес Одағының батыры Қазбек НҰРЖАНОВ атындағы жеңіл атлетика манежі 

Қарағанды қаласында орналасқан манежге 2023 жылы жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі спортшылардың алаңсыз жаттығуына қолайлы жағдай жасалды. Мәселен, былтыр Парижде өткен Паралимпиада ойындарында қола жүлдегер атанған пара жеңіл атлет Дастан Мұқашбеков осы жерде жаттығады.

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Шоқыр БӨЛТЕКҰЛЫ атындағы Маңғыстау облыстық жоғары спорт жетістіктері мектебі 

Қазақ боксының негізін қалаған тұлғаның атын иеленген мектеп Ақтау қаласында орналасқан. Мұнда спорттың олимпиадалық түрлерінен облыстың негізгі құрамы жасақталып, жаттығады. Мектепті бокстан 2012 және 2016 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов басқарады.

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Сары ХАСЕНОВ атындағы стадион

Бұл – Жамбыл облысы Шу ауданындағы негізгі спорттық нысанның бірі. Жеткіншектер онда футбол, шағын футбол, жеңіл атлетика және басқа да спорт түрлерімен айналысады. Стадионда спортшылардың кәсіби дайындықтан өтуіне қолайлы жағдай жасалған.

Өз сөзінде Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин бұл спорттық нысандардың маңыздылығына тоқталып өтті.

Бұл ғимараттардың елімізде саналы ұрпақ тәрбиелеудегі маңызы зор. Отан үшін, ел үшін жанын берген азаматтардың ерлігі байрақты бәсекеде ел намысын қорғап жүрген өрендерімізге, саңлақтарымызға патриоттық рух берері сөзсіз. Майдангер аталарымыз бен апаларымыздың сұрапыл соғыстағы арманы – ашық аспан астындағы еркін ұрпақ келешегі еді. Бүгінгі күні сол батырларымыздың саналы жолын насихаттай отырып, кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің басты міндетіміз - деді комитет төрағасы Руслан Есеналин.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға