Екібастұздағы жылу желілеріндегі апаттың салдарын жою жұмысы жалғасып жатыр
Қала тұрғындары үшін бұрынғыша 14 жылыту пункті жұмыс істеуде
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр қалалық жылу желілеріндегі апаттың салдарын жою жөніндегі жұмыстарды бақылау үшін Екібастұзда болады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұмысты үйлестіріп, шұғыл шешімдер қабылдау үшін вице-премьер тұрақты түрде арнайы штаб отырыстарын өткізеді.
Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 50-ден астам техника тартылды. 36 бригада (261 адам) жұмыс істеп жатыр.
3 желтоқсандағы сағат 12:00-дегі жағдай бойынша 76 үйдің 48-де жұмыс аяқталды, тағы 28 үй бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда.
Сонымен қатар қала тұрғындары үшін бұрынғыша 14 жылыту пункті жұмыс істеп тұр.
Қалпына келтіру жұмыстарының барысы – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың бақылауында.
Роман Скляр ТЖ зардаптары толық жойылғанға дейін Екібастұзда болады.
