Екібастұздағы барлық білім мекемелеріне жылу берілді
Әзірге мектеп оқушылары мен студенттер қашықтықтан білім алып жатыр
Екібастұздағы білім мекемелері бұрынғыдай жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Екібастұзда 65 білім ошағы бар. Бұл – 21 жалпы білім беретін, үш мамандандырылған және бір жекеменшік мектеп, 6 колледж, 26 балабақша, 3 қосымша білім беру ұйымы және 5 арнайы ұйым.
"Білім беру мекемелерінің жылу жүйесінің жұмысы бақылауда, ешқандай ақау жоқ. Жалпы қала бойынша жылумен қамту жағдайы қалыпқа келгеннен кейін білім беру ұйымдары әдеттегідей жұмыс істей бастайды", - деді Екібастұз қалалық білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова.
Әзірге мектеп оқушылары мен студенттер қашықтықтан білім алып жатыр. Лаура Дисюпова төтенше жағдайда Екібастұздағы 8 білім беру мекемесінде жылыту пункттері жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Оның 7-уінде жатар орындар бар, олар 620 адамды қабылдай алады.
