Жаңалықтар

Екібастұзда бүгін кешке дейін 11 үйге жылу беріледі

5А, 5Б және 6 шағын аудандарда 11 тұрғын үйге жылу беру бойынша жұмыс жалғасып жатыр
Екібастұзда бүгін кешке дейін 11 үйге жылу беріледі
Фото: primeminister.kz 04.12.2022 16:35 1512

4 желтоқсан, жексенбі, Екібастұз қаласында жүрген ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр телефон арқылы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа қалалық жылу желілеріндегі апаттың зардаптарын жою барысы туралы баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі ҚР Үкіметінің ресми Telegram-каналына сілтеме жасап.

Вице-Премьер 4 желтоқсандағы таңертеңгі жағдай бойынша 5А, 5Б және 6 шағын аудандарда 11 тұрғын үйге жылу беру бойынша жұмыс жалғасып жатқанын мәлімдеді. Дайындық деңгейі жоғары, сондықтан кешке дейін олардың желілері жылуға қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар бұл үйлерде жылу радиаторлары мен жеткізу желілері ауыстырылып жатыр. Кешке пәтерлерде жылу беріле бастайды.

Сонымен қатар Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жылу берілген үйлердің ішкі инженерлік коммуникациялары – кәріз құбырларын, сумен жабдықтау жүйелерін ауыстыру қажет екенін және бұл жұмыстың Үкіметтің бақылауында екенін айтты.

«Жылу толығымен берілмейінше жөндеу жұмыстарына тартылған бірде-бір ұйым бұл үйлерден кетпейді. Қазіргі уақытта барлығы 484 адам жұмылдырылған. Біз өз жұмысымыздың форматын толығымен өзгерттік, ол тәулік бойы жүргізіледі», — деді Роман Скляр.

Премьер-Министр барлық жұмыстарды тезірек аяқтап, тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

«Жұмысты жалғастырыңыз. Қалған үйлердің барлығына жылуды тезірек қосу керек, адамдар бір апта бойы жылусыз отыр. Ешкім мемлекеттің көмегі мен назарынсыз қалмайды», — деді Әлихан Смайылов.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалған. Бұған дейін Екібастұзда жылу электр орталығындағы бірнеше қазанагрегат тоқтап, тұрғындар жылусыз қалғандығы туралы жазған болатынбыз. Екібастұз ЖЭО апаттың себебіне қатысты түсініктеме берді. ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Екібастұздағы құбырлардың тозығы жеткенін айтты. Бүгін қаласының жылу желілерінде болған апатқа байланысты жергілікті билік ТЖ режимін жариялады. Екібастұзда орталық жылу берудің тоқтап қалуынан хабардар болған Президент қала тұрғындарының жағдайына алаңдаушылық білдіріп, Премьер-Министр Әлихан Смайловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды. Жылудың болмауына байланысты Екібастұздың 123 тұрғыны эвакуацияланды. Үкімет бірқатар проблемалық энергетикалық нысандарды мемлекет меншігіне қайтару мәселесін пысықтауда. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 500-ге жуық адам жұмылдырылды. Төтенше жағдайлар министрлігінің Павлодар облысындағы бөлімшелері апаттың алғашқы күндерінен коммуналдық қызметтерге көмекке жұмылдырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр қалалық жылу желілеріндегі апаттың салдарын толық жою жөніндегі жұмыстарды бақылау үшін Екібастұзда болады.  Қазіргі уақытта 5200 жылу батареясы жеткізілді

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға