Екібастұз жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?
Өткен жылы жылу маусымының басында Екібастұз қаласының жылу электр орталығында апат болып, салдарынан қыста тұрғындар бірнеше апта жылусыз отыруға мәжбүр болды. Өңірде төтенше жағдай жарияланып, қаладағы құбырлардың 70 пайызы тозғаны белгілі болды.
Мемлекет басшысы өңірге шұғыл сапары барысында жағдайды бақылап, қаладағы ЖЭО-ға жөндеу жұмыстарын жасап, құбырларды ауыстыру керегін тапсырды.
Жақында Мәжіліс отырысында биылғы жылу маусымына дайындық жұмыстары қалай жүріп жатқаны жөнінде министрліктер мен өңір әкімдері баяндама жасады. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өңірлердегі ЖЭО-да мәселе бар және биылғы жылу маусымында тәуекелге бару мүмкіндігі барын да ашық айтты.
Осы мәселеге байланысты El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі былтырғы жылу маусымында бірнеше мәрте апат болған Екібастұз қаласының әкімдігіне сауал жолдап, жөндеу науқаны, көппәтерлі тұрғын үйлерді алдағы жылыту маусымына дайындау жұмыстарының қарқыны қалай екенін сұрады.
Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Ануарбек Аманов 2022 жылы Екібастұз ЖЭО-да 4 қазандыққа жөндеу жүргізіліп, 3,6 км жылу желісі жоспарлы түрде ауыстырылғанын айтты.
Қазіргі таңда Екібастұзда 2023-2024 жылғы жылу маусымына дайындық аясында станцияның қазандық агрегаттары мен жылу желілері жөнделіп жатыр. Станцияның су жылыту қазандық агрегаттарын күрделі жөндеуге 8,5 млрд теңге бөлінген. Ал қаладағы жылу желілерін қайта жаңартуға 9 млрд теңге қаржы бюджеттен бөлінді.
Екібастұз ЖЭО-да қазандық агрегаттарында 2023 жылдың наурыз-қазан айлары аралығында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. ЖМ-II, ЖМ-V, ЖМ-VIII, ЖМ-XII қайта жаңарту бойынша жобаларды іске асыру басталды, оларды аяқтау 2023 жылдың қыркүйек айының соңына дейін жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 24-27 сәуір аралығында магистральдік және орамішілік жылумен жабдықтау желілеріне гидравликалық сынақтар жүргізілді. Жылу желілеріне келтірілген зақымдарды жою бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды, - дейді қала әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, Екібастұз ЖЭО «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС «Павлодарэнерго» АҚ меншігінде. Екібастұз қаласының аудандық коммуналдық меншігіне 5 су жылыту қазандығын сыйға тарту шарты бойынша тегін қабылданды.
Көпқабатты және жеке сектор тұрғындарына, үйлерде ортақ есептеу аспаптарының болуына қарамастан, «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС энергия беруші ұйымы 2023 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз және сәуір айларында жылу энергиясы бойынша есептеуді 70% - ға төмендету жолымен қайта есептеу жүргізді, - дейді Ануарбек Аманов.
Ол көпқабатты тұрғын үйлерді алдағы жылыту маусымына уақытылы және сапалы дайындауды қамтамасыз ету үшін 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына көппәтерлі тұрғын үйлерді дайындау кестесі бекітілгенін және қазіргі уақытта дайындық кестесіне сәйкес 690-нан 507 көппәтерлі тұрғын үйді қабылдау және тапсыру жұмыстары орындалғанын атап өтті