Екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанған Талғат Бигелдинов дүниеден өтті
Екі мәрте Кеңес Одағының батыры – Талғат Бигелдинов 10 қараша 2014 жылы дүниеден өтті.
Осыған байланысты Елбасы даңқты ұшқыш, екі мәрте Кеңес одағының батыры Талғат Бигелдиновтің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы Талғат Жақыпбекұлының ел басына күн туған қиын шақта Отанды сүюдің, ерлік пен әскери шеберліктің таңғажайып үлгісін көрсете білгенін, сол арқылы өзін де, халқымызды да өшпес даңққа бөлегенін атап өткен.
«Бейбіт өмірге оралғаннан кейін ол азаматтық авиация және құрылыс салаларында жемісті еңбек етіп, жоғары ұйымдастырушылық және биік адамгершілік қасиеттерімен өзгелерге үлгі бола білді. Халқымыз Талғат Бигелдиновті ерекше мақтан тұтты, дүние есігін ашқан мыңдаған сәбилерге есімін берді. Олардың көбі батыр ағасына еліктеп, білікті маман, жақсы азамат болып өсті», – делінген жеделхатта.
Елбасы қаһарман отандасымыздың есімі мен еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын, оның атындағы көшелер мен мектептер және ескерткіштер, кітаптар, фильмдер батыр есімін ұдайы есімізге салып отыратынын атап көрсетті.
Ұшқыш ретіндегі өмір жолын Фрунзедегі аэроклубтан бастаған. Кейін, 1942 жылы Чкалов әскери авиация училищесін бітіріп, соғыс майданына аттанады. Алғашқы Кеңес Одағы батыры атағын 1944 жылы 26-шы қазанда алса, екіншісі 1945 жылы 27-ші маусымда берілді. Негізгі ұрыс машинасы Ил-2 ұшағы болған. Сол ұшақпен 305 рет аспанға көтерілген. Жалпы көлемі 500 сағат ұшқан. Талғат Бигелдинов 7 және 13 нөмірлі ұшақтарымен соғысқан.
Ил-2 – Ұлы Отан соғысында кең пайдаланылған шабуыл ұшағы. ОКБ-240 мекемесінде Ильюшин Сергей Владимирұлы жасап шығарған машина. Тарихта ең көп шығарылған ұшақ. Барлық саны 36 мың.
Т. Бигелдинов 1950 жылы Әскери-Әуе Күштерінің академиясын бітіріп, авиация полкі командирінің орынбасары және штаб бастығы болды. 1956 ж. денсаулығына байланысты отставкаға шықты. «305 рейдов» (1966, Фрунзе), «ИЛ-ы атакуют» (1966, Алматы), «Аспандағы айқас» (1967, Алматы) атты жорық жолдарын баяндайтын естеліктердің авторы. Ленин ордені, 2 рет Қызыл Ту ордені, 1 және 2-дәрежелі Отан соғысы ордендері, Александр Невский ордені, Қызыл Жұлдыз ордені және 3-дәрежелі Даңқ орденімен, медальдармен наградталған.
Талғат Бигелдиновтың өмір қағидалары:
Қандай соғыс болмасын, адамзат тарихи үшін ол жай ғана бір сәт. Тек сол кезеңде өмір сүрген біздер үшін маңызды.
Ұшқыштар ырымшыл халық.
Жауды аяу - өзіңе ор қазу.
Мен Тоқтар Әубәкіровты ұлымдай көремін.
Сенім - Ұлы дүние
Үйімізде ешкім бейпіл сөз айтқан емес.
Механик ұшақты дайындағанша дұғамды оқып алатынмын. Ұшар алдында әрдайым дұғамды оқитынмын.