Екі облыста білім саласының қаржысын жымқырған қылмыстық топ анықталды
Түркістан облысында білім беру саласында жемқорлық әрекеттері үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Антикорға сілтеме жасап.
Шардара ауданының білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған бюджет қаражатын жымқыру мақсатында қатысу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
12 қатысушыдан тұратын тұрақты қылмыстық топ білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақы аудару арқылы 2020-2023 жылдар кезеңінде жүйелі негізде бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктенеді. Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде мемлекетке 3,7 млрд теңге көлемінде залал келтірілді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Жетісу облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұйымдасқан қылмыстық топ құру және бюджет қаражатын жымқыру мақсатында оған қатысу фактісі бойынша Талдықорған қаласының білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеуді аяқтады.
Тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топ 2020 жылғы қаңтар мен 2023 жылғы наурыз аралығында Талдықорған қаласының аумағында 13 қатысушыдан тұратын адамдар тобы құқыққа қарсы іс-әрекеттермен айналысқан. Олар жүйелі түрде білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақы аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырған.
Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке 4,3 млрд теңге көлемінде залал келтірілді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жіберілді.