Жаңалықтар

Екатерина – қазақтың қардашы

Екатеринамен әңгіме дүкен құрған осы он күннің ішінде қазақ пен гагауыздың тілін әбден салыстырдық. Гүл – чичек, ақын – бәйітші, ағаш – аач, қаһарман – каҺраман...
16.09.2014 04:57 3761

Гагауыз тілі 

Бөбегім, сен өмірге келгелі  бірінші рет жыраққа іссапарға кеттім. Бұл дүниеде ана мен баланың махаббатына, сағынышына жететін ештеңе жоқ екен ғой. Осы сапарда сөзі де, өзі де жойылып бара жатқан тілі – түркі, діні – христиан гагауыздармен танысам деп кім ойлаған.

Екатерина екеуміз бір-бірімізге бауыр басып қалдық. Бауырын гагауыздар «кардаш» дейді. Бір ананың құрсағынан шыққан адамдар – қарындастар!!! Қарындас, яғни қардаш гагауыз халқы үшін өте қастерлі сөз. Олар «қардаш» деп сөз бастайды. Бұл – олардың ұраны, бірлігі.

Екатеринамен әңгіме дүкен құрған осы он күннің ішінде қазақ пен гагауыздың тілін әбден салыстырдық. Гүл – чичек, ақын – бәйітші, ағаш – аач, қаһарман – каҺраман... Осылайша мыңдаған сөзді тізуге болады. Міне, алдымыздан «Бақыр» деген дүкен шықты.

– Екатерина, гагауызша бұл сөз нені білдіреді?

– Бақырдың екі мағынасы бар. Бірі – шелек, бірі – тиын...

Осы жерде тіліміздің 99,9 пайыз ұқсастығына, туыстығына оның да, менің де күмәніміз қалмады. Гагауыз тілінің түркі тілдер тобына жататынын заманауи ғылым да растайды. Енді мен Екатеринаға қазақ пен гагауыздың түбі бір түркі екенін дәлелдеп келемін. Ол әлі де түркілік тамырын мойындағысы келмейді... Әрине, бұған себеп көп. Бүгінгі күнге дейін гагауыз халқының тұжырымдалған тарихы болған емес. Әр түрлі саяси күштердің ықпалына қарай әр кезеңде олардың шығу тегі туралы  гипотезалар өзгеріп отырған. Мәселен, гагауыздардың арғы тегі – грек деген түсінік христиандық  сенімдеріне қарай дүркін-дүркін туындап отырады. Бұл болжам соңғы жылдары грек ғалымдары мен діндарлары тарапынан қуатталып  келеді. Енді бір күштер гагауыздардың тегі – болгарлар екенін, бір замандарда күштеп түркілендірілгенін айтады. Ал тарихи дәлелдер мен  дәйектер гагауыздардың түркілік тамырдан тарағанын растайды.  Бүгінгі күнге дейін гагауыз тарихын гагауыздың өзі жазбауына әрі тарихты зерделеу ісінің  кенжелеуіне байланысты бұл гипотеза түбегейлі мойындалмай келеді. Екатеринаның да түркілік тегіне күмәнмен қарайтыны сондықтан. Бірақ, ол Оғыз деген бабасының болғанын анық біледі.

...Алтай мен Карпаттың аралығын көшпелі тайпалар жайлағанын, бір заманаларда тайпалық мемлекеттердің даңқы асқанын бүгінгі ғылым түбегейлі дәлелдеді. Оғыз мемлекеті де біздің жерімізде құрылып, даңқы аспап па еді?! Гагауыздар да Еуропа жеріне қоныс аударған жауынгер оғыз тайпасының бір тармағы. Олардың ұлы көші Х-ХІ ғасырда болған деп шамалаймын. Ал енді гагауыздардың өзін де, өзгелерді де толғандырған дін мәселесіне келейік. Қайсыбір тарихшылардың айтуынша, гагауыздардың басын біріктіріп, алғашқы патшалығын құрған Кейқауыз деген билеушісі болса керек. Гагауыз этнонимінің шығуы да осы есіммен байланыстырылып жүр. Шыңғыс ханның жорықтары күшейіп, жаһангер жолындағы елдерді тізе бүктіріп жатқанда Кейқауыз Византиямен келісімге келеді. Өзара келісімге сәйкес Византия гагауыз патшалығын қорғауды өз міндетіне алады. Есесіне, христиандықты қабылдау туралы шарт қояды.  Солай болады да. Тарихи деректерді сараласаңыз, гагауыздардың христиандыққа өтуі ХІІІ ғасырға тұспа-тұс келеді.  Сол күннен бастап, гагауыздар балаларына діни есімдер берді. Кирилл, Дмитрий, Степан...

Гагауыздар 1906 жылы Комрат Республикасын құрып, тәуелсіздігін жариялайды. Егемен елді алты күннен соң,  Ресей Империясы құлатып, еркіндік аңсаған халықты енді бас көтерместей езіп тастайды. Бүгінгі күні Молдова елінде Гагауыз Автономиясы бар. Онда 130 мыңға жуық халық тұрады. Кеңестік билік орнаған тұста гагауыздар ұйысқан аумақ әр түрлі елдің еншісінде кетіп, олар бір-бірінен қол үзіп қалды. Басым көпшілігі – Украина, Түркия, Грекия, Ресей жерінде. Өзбекстан мен Қазақстанда да бар. Жалпы саны – 220 мың.

Қазіргі күні гагауыздар молдаван тілінде сөйлейді. Кеңестік кезеңде орыс үстемдігіне сай орыс тілінде тілдескен. Гагаузия аумағында мемлекеттік молдаван әрі ресми орыс тілімен қатар, гагауыз тіліне де ресми мәртебе берілген. Дегенмен, гагауыз тілі жыл өткен сайын құрдымға батып барады. Жас буын бұл тілде сөйлемеуге айналды. Ұлттық таным да өзгеріп, гагауыз халқы ұлттық бет-бейнесінен ажырап барады. Туған жерін тастап, басқа елдерге көшіп кетушілер көп. 2012  жылы ЮНЕСКО гагауыз тілін жойылып бара жатқан тілдердің қатарына қосты...

Гагауыздар атам заманнан етін, сүтін, майын мал терісіне салып сақтаған. Мал шаруашылығымен күні кешеге дейін айналысқан. Түркілердің төлқұжаты – жылқы өсіріп, қымыз ішкен.  Бүгінде ұлттық құрбан мейрамын құрбандыққа мал шалып, атап өтеді. Тұсаукесер рәсімін жасайды. Салт-дәстүрімізде ұқсастықтар өте көп. Екатерина кәдімгідей таңғалды. Кейбір салттарының шығу тегін, себебін енді саралап жатыр. Ол қазақ туралы білген үстіне біле түскісі келіп, жоғалғанын тапқандай қуанды. Мен оған тарихымыздың да, танымымыздың да бір екенін, өткеніміздің мақтануға тұрарлық ортақ тарих екенін түсіндірдім. Интернеттен «Алтын киімді адамды» көрсеттім. Оның рухы көтеріліп, атажұрты бар екеніне шындап толқыды.

Бөбегім, мен Екатерина бастаған гагауыздарға ән салып бердім. Қазақ әндерінің сазына ұйып, ән иірімдерін әлдебір түйсіктерімен сезініп, белгісіз күйге түскендерін жеткізді. Қазақтың әні мына гагауыз қызын неге толқытты?!  Бөбегім, әнге халықтың мыңжылдық тарихы, болмысы,  танымы сіңеді. Екатеринаны толқытқан сол күш шығар?! Өйткені, Екатерина – қазақтың қардашы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға