ЕGov mobile-да деректерді тіркеу жеңілдеді
Бұдан былай бұрынғыдай СМС-хабарлама күтудің қажеті жоқ.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасына енді eGov mobile-да тек биометриялық деректер арқылы тіркелуге болатынын жазды, деп хабарлайды El.kz.
Яғни, бұдан былай бұрынғыдай СМС-хабарлама күтудің қажеті жоқ және пайдаланушылардың деректерінде қауіпсіздік сақталады.
– Қазір eGov mobile – бұл өте ыңғайлы қосымша және халыққа қызмет көрсету орталықтарында алатын қызметтерді осы жерден жылдам алуға болады. Атап айтқанда, 400 мемлекеттік қызмет және жеке тұлғаларға арналған e-license қызметтері, жеке куәлік пен жүргізуші куәлігін қоса алғанда, 18 сандық құжат бар, – деді министр.
Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметтерді телефоннан жылдам алуға көмектесетін мүмкіндіктерді іске асыру бағытында тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
– Биометриялық деректер арқылы тіркелуге тоқтала кетсем. Digital ID жүйесі арқылы алдын ала бейне-сәйкестендіруден өтіп, ЭЦҚ кілттерін алу қажет. Өзім арнайы кіріп көрдім, 2-3 минут уақытымды алды. Қазір әріптестеріміз қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтерді телефоннан жылдам алуға көмектесетін мүмкіндіктерді іске асыру бағытында тиісті жұмыстар атқаруда, – деп жазды Бағдат Мусин
