eGov mobile-да деректер арқылы тіркелуге болады
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті
Енді eGov mobile-да тек биометриялық деректер арқылы тіркелуге болады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz
«Енді eGov mobile-да тек биометриялық деректер арқылы тіркелуге болады. Бұрынғыдай смс хабарлама күтудің қажеті жоқ және пайдаланушылардың деректерінде қауіпсіздік сақталады. Қазір eGov mobile - бұл өте ыңғайлы қосымша және халыққа қызмет көрсету орталықтарында алатын қызметтерді осы жерден жылдам алуға болады. Атап айтқанда, 400 мемлекеттік қызмет және жеке тұлғаларға арналған e-license қызметтері, жеке куәлік пен жүргізуші куәлігін қоса алғанда, 18 сандық құжат бар», - деп жазды Б.Мусин.
Бұдан соң, министр биометриялық деректер арқылы қалай тіркелуге болатынын айтты.
«Digital ID жүйесі арқылы алдын ала бейне-сәйкестендіруден өтіп, ЭЦҚ кілттерін алу қажет. Өзім арнайы кіріп көрдім, 2-3 минут уақытымды алды. Қазір әріптестеріміз қазақстандықтарға мемлекеттік қызметтерді телефоннан жылдам алуға көмектесетін мүмкіндіктерді іске асыру бағытында тиісті жұмыстар атқаруда», - деп жазды ол.
