Егер ғаламтор жүйесін сөндіріп тастаса?
Бүгінгі қоғамда адам қаншалықты интернетке тәуелді екендігін кесіп айту қиын. Кей елдерде интернетсіз өмір әлі де бар, кей елдерде ғаламторға тәуелділік анық байқалады. Оның үстіне мобильдік интернеттің қарыштап дамуы, интернетке қолжетімділік адамдардың түрлі әлеуметтік желілердегі белсенділігін арттырды.
Біреу өзінің пайдасы үшін, біреу уақыт өткізу үшін ғаламторды кәдесіне жаратады. Бұл бөлек әңгіме. Оның үстіне интернеттің әлемдік деңгейде өрісінің артуы ақпаратты да жылдам жеткізуге мүмкіндік туғызды.
Интернетке тәуелділіктің алғашқы белгісі ол интернет ресурстарына деген тым қатты қызығушылықтың болуы. Қажетті, қажетсіз сайттарға кіріп, босқа уақытты кетіру. Мұндай тәуелділікпен күресудің өз жолдары бар. Ал, сіз ғаламтор жүйесін мүлдем сөндіріп тастаса не істер едіңіз?
Дәл осы сұрақ турасында Американдық ғалымдар ғаламтор тетігін көп пайдаланатын және тікелей сол жүйеге сіңіп қалған 4000 адамның қатысуымен болған зерттеуге сауалнама жасап көрген. Нәтиже біріңғай болуы үшін 50 пайызын ер адамдар, 50 пайызын әйел кісілер құраған көрінеді. «Егер сіздің еліңізде ғаламтор жүйесін сөндіріп тастаған жағдайда не әрекет жасар едіңіз?», – делінген сұраққа адамдар пікірі сан алуан болған.
Жауап алған кісілердің 67 пайызы тұрғылықты жерін ауыстырып, ғаламтор бойынша қиындық туғызбайтын мемлекетке көшетінін айтқан. Патриоттық сезім бұл жағдайда екінші орынға қалып «Twitter», «Facebook» сынды әлеуметтік желілердің орны басымырақ екен.
Бұндай таңсық сұраққа кезіккендердің 14 пайызы алғашында сасқаннан үн қата алмай, кейінірек бірашама уақытқа депрессияға ұшырайтынын жасырмаған.
Ал ғаламтордың жоғалуына қуаныш білдіріп, өрмекшінің шырмауындай тордан құтылатынын ескерген кісілер де болған екен. Олардың үлесі – 11 пайыз.
Көрсетілген сұраққа жауап бергендердің 6 пайызы – виртуалды ойындардың құрбаны екен. Олар ғаламторсыз тіпті өмір сүре алмайды.
Тосын сұраққа тосын жауап берген адамдар да табылыпты. Олардың ойынша , ғаламтордың сөндірілуі – өз өмірлерінің сөндірілуімен бірдей екен. Яғни, өмірлерімен қоштасуға әзір. Бұл санаттағылардың көрсеткіші – 2 пайыз.(78 адам, оның 64-і әйел кісілер)
Бұл зерттеу жаңа технологияның, ғаламтор жүйесінің жедел қарқынмен дамып адам өміріне қатты қауіп төндіріп тұрғанын тағы да дәлелдеген іспетті. Бұл мәселеде – тіпті медицина саласының өкілдері де қауқарсыз екенін жасырмады.