Жаңалықтар

«Егер бұл дүниенің мәнін ұққыңыз келсе, кофе ішіңіз». Сиқырлы сусынның пайдасы

«Егер бұл дүниенің мәнін ұққыңыз келсе, кофе ішіңіз». Сиқырлы сусынның пайдасы
Фото: © Pixabay.com 16.10.2023 14:38 1264

Кофе – әлемдегі ең танымал сусындардың бірі. Статистикаға сүйенсек, жерді мекендейтін жандар күніне 2 млрд шыны кофе ішеді. Бұл сиқырлы сусын дайындалатын дақылды жаһанның 70 мемлекетінде өсіреді. Кофені 125 млн адам тұрақты түрде тұтынады.

Не үшін біз аталған сусынды жақсы көреміз? Неге әлемде кофе мұнайдан кейін ең көп саудаланатын тауар болып есептеледі? Бұл хош иісті сұйықтықтың шығу тарихы қандай? Аталған сұрақтарға El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі жауап іздеп көрді.

 

Кофенің шығу тарихы

Кофенің отаны Эфиопия деп саналды. Неге Эфиопия? Өйткені, аңыз бойынша, кофені алғаш йемендік шейх Абд-әл-Кадир тапқан деседі. Алайда алғашында бұл сиқырлы сусынды медицинада бас ауруына және ас қорытуға арналған дәрі ретінде пайдаланды.

Ғылыми-зерттеулерге сүейенсек, 1587 жылы өз жазбасында шейх Абд-аль-Кадир былай деп жазған: «Егер бұл дүниенің мәнін ұққыңыз келсе, кофе ішіңіз».

Бірақ, бір қызығы, кофе алғаш Эфиопия жерінде табылса да, бұл сусынның дақылдары өсетін  ағашты «Арабика кофесі өсетін ағаш» деп атап кеткен. Не үшін «арабика»? Араб мемлекетіне кофенің қандай қатысы бар?

Алайда, бұл кездейсоқтық емес. Өйткені, бұл сусын әлемге Араб мемлекеттері арқылы танылған. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, алғаш рет Араб түбегіне кофе дақылдары Қызыл теңіз арқылы көршілес Африка мемлекеттерінен әкелінген және ең алғаш Йемен ислам мемлекеті арқылы жалпы қолданысқа енген.

Енді санамызға сауал келеді. «Не үшін Эфиопияда табылған хош иісті сусын, ислам мемлекеттері арқылы әлемге танылды?». Бұның да жауабы оңай. Өйткені ислам дінінде алкогольді ішімдіктерді ішуге тыйым салынған. Сол ғасырларда әлем бойынша сыра мен шарап ішу сәнге айналған еді. Ал дініне байланысты мұндай ішімдіктерді тұтынуға тыйымы бар жандарға ләззат алатын бір сусын керек еді. Мұсылмандар үшін бұл сұрақтың жауабы кофеден табылды.

Тарих бойынша 1554 жылы алғашқы кофехана қазіргі Ыстанбұл қаласы, ал бұрынғы ислам дініне бет бұрған Константинопольде ашылады. Сол кезеңдерде Ыстанбұл, Каир, Алеппо секілді қалалардағы кофеханалар оқу орындарының жанында ашылған. Не үшін десеңіз, әрине, медреседе білім алушылар үшін. Өйткені мидың жұмысын жақсартатын допинг – ілім іздеген жандарға арналған таптырмас құрал.

Тарихтың өзі бізге кофе не үшін әлемдегі ең танымал сусындардың бірі екеніне жауап береді. Себебі, адамдар тұтынатын алкоголь, никотин және есірткі секілді басқа да допингтермен салыстырғанда, сиқырлы сусын адам санасын уламайды. Керісінше, өндірістік қуаттың артуына септігін тигізеді.

 

Кофенің пайдасы

Адам ағзасында «аденозин» атты зат кездеседі. Жалпыға түсінікті болу үшін, «аденозин» дегеніміз – бұл ұйқыға жауап беретін жасуша. Ол біз шаршаған кезде миымызға «біздің шаршағанымыз» туралы белгі жібереді. Ал кофе ішкен уақытта ағзада не болады?

Хош иісті сусын құрамындағы кофеин, аденозин жіберетін белгінің жолына тосқауыл болады. Сондықтан кофені қолданғаннан кейін ұйқы ашылып, адам бойында сергектік пайда болады. Оған қоса біздің ағзамыз дофамин (бақыт гормандары) бөліп, көңіл күйіміз көтеріледі.

Кофенің тағы бір пайдасы бұл – адамдардың өзара коммуникация құруы. Мысалы, қазір әлем халықтарының арасындағы танымал сөз тіркестерінің бірі – «бір шыны кофе ішіп қайтпадық па». Осы бір сөз арқылы қанша адам бір-бірімен етене араласып, жақын дос, тіпті жүрегінің жартысын тауып жатады.

Тіпті, Ұлыбританияда кофехананы «ең арзан университет» атап кетеді. Себебі, түсінікті. Бұл жерге кіру жалпыға қолжетімді және кофеханада білімді жандарды жолықтыру мүмкіндігі жоғары. Бұған дәлел, 1665 жылы ашылған «Grecian coffee house» дәмханасында Исаак Ньютон мен Эдмунд Галлей секілді сол заманның ұлы ойшылдары мен ғалымдары бас қосатын болған.

 

Кофе туралы қызықты деректер

Кофенің адамдардың сүйікті сусындарының бірі атануының себебі – оны алып жүруге ыңғайлы болуында. Бұл үшін біз картонды қорапқа рақмет айтуымыз қажет. Өйткені ыстық сусынды өзімен бірге алып жүру тенденциясы осы сиқырлы сусыннан басталған.

Енді тарих беттеріне қайта оралайық. Кофенің жалпыға сүйікті сусын атануының себептерінің бірі бұл – АҚШ. Себебі АҚШ компаниялары қызметкерлеріне кофе ішуге арнайы уақыт бөлген. Жұмыс кезінде жарты сағатқа сергітетін сусынды ішуге белгіленген кезең кейіннен «cofeebreak» деп аталып кетті. Қазір бұл біз жиі қолданатын сөздеріміздің бірі. Бұл жерде айта кету керек, әлемде бұл сусынды көп тұтынатын мемлекет те Америка Құрама Штаттары.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға