Жаңалықтар

Егемендіктен қастерлі ұғым жоқ

Егемендіктен қастерлі ұғым жоқ
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 04.06.2023 20:30 749

Егемендік – ғасырлар бойы рухы жасымай арпалыса білген күрескер ұлттың жаны мен тәні. Осы жолда қаншама ақ шейіттердің қаны төгілді. Басы ноқтаға симаған еркін елдің көз жасы көл болып ақты. Тордағы жолбарыстай аласұрды. Ақыры «теміртаяқтан тебендей, темір етіктен теңгедей» қалғанда аңсаған күнге қол жеткіздік. Біз тәуелсіздіктің қадірін жүрегімізбен сезінеміз. Бұл күннің жалқы сәтін көріп кетсем деп ата-бабамыз армандап өтті. Егемен күннің әр атқан таңында ерлікке толы тарихымыздың рухы, бодауы бар.

Ел болып еңсе тіктегеннен кейін рәміздердің болуы заңдылық. Рәміздерсіз Мемлекет болмайды. Мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын ұлттық бірегейлік тұрғысынан түсінуіміз керек. Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры  Әлия Масалимова Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай өткен дөңгелек үстелде айтты.

Мемлекеттік рәміздер елдің Халықаралық қоғамдастық алдындағы өкілі ретінде ғана емес, сонымен бірге ұлттың тұтастығы мен бірлігін білдіретін азаматтар мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтады.

Академияда өткен шара барысында ғылыми қызмет жөніндегі вице-ректор Әлия Масалимова Мемлекеттік рәміздер Қазақстан халқының ұлылығы мен рухани құндылықтарын бейнелейтінін атап өтті.

Мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын ұлттық бірегейлік тұрғысынан түсінуіміз керек. Ту, Елтаңба, Әнұран – тәуелсіз мемлекетіміздің рәміздері. Онда бізді өзгелерден ерекшелеп тұратын, мазмұны құнды, еліміздің бірегейлігін айқындайтын мәдени код бар. Рәміздер негізінде жалпыұлттық идея, идеологиялық тұжырымдамалар құрылады, патриоттық сезім мен құндылықтар қалыптасады, – деді философия ғылымдарының докторы.

Егемендіктен қастерлі ұғым жоқ. Қуаныштың күліп атқан әр сәті үшін – тәуелсіздігімізге бас иеміз. Қазақстан деген алып қара шаңырақ болса халқы самсаған көп уығы. Шаңырақтың биік болмағы уықтың беріктігіне байланысты. Бабадан қалған аманатты, ғазиз шаңырақты жарық күннің астында еңселі етпек – біздің борышымыз. «Күн сөнгенше сөнбейміз» деген Егемен еліміздің алқара аспанында көк туы мәңгі желбіресін. Елтаңбамыздың алдында қолымызды жүрегімізге қойып сүйікті әнұранымызды шырқап тұрғаннан артық бақыт бар ма?!

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға