Жаңалықтар

Егемен елдің еркінен туған тұңғыш Конституция

Тарихқа жүгінсек, Алаш ұмтылысынан кейін республикамызда бірнеше Конституциялар өмірге келген.
17.03.2015 09:45 11954

Егемен елдің еркінен туған тұңғыш Конституция

Тарихқа жүгінсек, Алаш ұмтылысынан кейін республикамызда бірнеше Конституциялар өмірге келген. Соның алғашқысы 1926 жылы 18 ақпанда Қазақ АССР-і Орталық атқару комитетімен тұңғыш Конституция жазылып, РСФСР Орталық атқару комитеті бекітпегеннен кейін күшіне енбеген. Сосын 1937 жылы 26 наурызда Жалпықазақ кеңестерінің X төтенше съезі қабылдап, бекіткен Конституция бар. Қырық жылдық ғұмыры болған осы құжаттың орнын 1978 жылы 20 сәуірдегі «кемелденген социализм» аталған заманның Конституциясы басқан болатын. Міне, осы құжат Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жазылып қабылданған, 1993 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстанның төл Ата Заңы қолданысқа енгенге дейін өмір сүрді. Елдің егемендігін танытатын 1993 жылғы тұңғыш Конституция мемлекетіміздің тәуелсіздігін ең жоғарғы заң тұрғысында саяси-құқықтық сипатта алғаш бекіткен құжат еді.

Бұл тұңғыш Коституцияның мемлекет тарихында алатын орны туралы Елбасы «Қазақстан жолы» атты кітабында былай деп жазады: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын». Осылайша, 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы егемендік тарихындағы ең демократияшыл құжат болып табылған еді. Алғашқы Конституцияның мәні мен маңызына келетін болсақ, бұл құжат Президенттің көрсеткен мақсаты бойынша төрт басты мәселеге жауап беруі және соған жағдай жасауы тиіс болатын. Оның біріншісі – мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екіншіден – экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кездегі терең дағдарыстан шығару, үшіншіден – жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртіншіден – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін заңдық негіздерді Ата заңда көрсету. Алайда, жоғарыда қамтылған төрт мақсатты шешіп беретін баптар әуелгі тұңғыш Конституцияның жобасында барынша қамтылмады. Президент Н.Назарбаев та бұл ретте тұңғыш Конституция жобасы әуелден-ақ еліміздегі саяси, әлеуметтік-экономикалық үдерістен алшақ қалғанын алға тартады. Сөйтіп, уақыт өте келе, заман ағымы мен сұранысына қарай, Бас заңымыздың кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шыққаны байқалды.

Мәселен, сол кездегі оқиғаларға зер салсақ, тұңғыш Конституция мемлекеттік билікті бөлу қағидаты тұрғысынан республикада біртұтас мемлекеттік органдардың жүйесін қалыптастыра алмағанын аңғарар едік. Сол тұстағы оқиғаларға келсек, депутаттыққа үміткерлердің бірі шағым жасап, соның негізінде XIII шақырылған Жоғарғы Кеңеске сайлау бойынша Орталық сайлау комиссиясының кейбір актілерін Конституциялық cот 1995 жылдың 6 наурызында Ата Заңға кереғар деп таныды. Оның ақыры Жоғарғы Кеңес қызметінің тоқтауына әкеліп соқты. Осындай олқылықтар жаңа Негізгі Құжаттың қажеттілігін туындатқан болатын. Сондықтан да арада екі жыл өткенде 1995 жылы қазіргі Негізгі заң – Конституция қабылданды. Осылайша, тәуелсіздік жылдары Қазақстанның мемлекеттігін айқындаған Ата заң екі қайтара түледі.

 Қасым ТОҚТАРОВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға