Жаңалықтар

Эфиопияда Орталық Азияның Африкамен ынтымақтастығы талқыланды

Эфиопияда Орталық Азияның Африкамен ынтымақтастығы талқыланды
Фото: СІМ-нің баспасөз қызметі 28.05.2024 19:02 1698

Африка күнін мерекелеу аясында Орталық Азия өңірінің Африкамен қарым-қатынасы тарихынан қызықты деректер, сондай-ақ өзара іс-қимыл перспективалары Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігі мен Африканистика саласындағы мамандар қауымдастығы (ASPA) бірлесіп ұйымдастырған медиа-семинар барысында ұсынылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Іс-шараға беделді эфиопиялық баспа және электрондық басылымдардың, Аддис-Абеба университеті жанындағы Африка және Азия зерттеулер орталығының өкілдері, қоғамдық ғылыми ұйымдар, сарапшылар, Қазақстан достары клубының мүшелері қатысты.

Семинар барысында Қазақстан Елшісі, Африка одағы жанындағы Тұрақты өкіл Барлыбай Садықов қатысушыларды Африка күні (25 мамыр) мерекесімен құттықтап, біріккен Африканың әлемдік саясат пен экономикадағы маңыздылығының артып келе жатқанын атап өтті.

Тарихқа сілтеме жасай отырып, Елші Орталық Азия мен Африка халықтары арасындағы сауда және мәдени байланыстардың болғанын мәлімдеді. Ол түркі мемлекеттері мен Ұлы дала империяларының аумағы арқылы өткен Ұлы Жібек жолын еске түсірді, олардың ішіндегі ең мықтысы екі ғасырдан кейін Қазақ хандығының құрылуын бастаған Алтын Орда мемлекеті болды.

Сондай-ақ, Б. Садықов Қазақстанның Африка елдерімен ағымдағы ынтымақтастығы туралы, Африка одағымен бірлескен жобаларды іске асырғаны туралы хабардар етті. Оның пікірінше, Қазақстан және Африка білім беру, сауда және инвестициялар, туристік байланыстар, мәдени алмасу, халықаралық аренада өзара қолдау көрсету саласындағы іс-қимылды дамытуға мүдделі болуы мүмкін.

Қазақстандық дипломат елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар туралы, ҚР Үкіметінің Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік бағыттары бойынша саудаға ықпал ететін Еуразиялық транзиттік-көліктік торабын құру жөніндегі міндеттері туралы айтып берді. Оның пікірінше, Орта дәліздің әлеуетін іске асыру Африка мен Орталық Азия елдері арасындағы сауданың өсуіне ықпал етуі ықтимал.

Аддис-Абеба Университетінің тарих факультетінің профессоры Шиферау Белеле өз презентациясында Эфиопия патшаларының Мысырдағы Мамлюк мемлекетімен тығыз байланысын көрсететін фактілерге егжей-тегжейлі тоқталды. Оның айтуынша, Эфиопия патшаларының мамлюк билігі кезінде Мысыр сұлтандарымен хат алмасу фактілері бар. Сонымен қатар, XV ғасырда Эфиопиядағы армия және мемлекеттік басқаруды реформалау кезінде мамлюктер Мысырда қолданған тәжірибе мен технологиялар қолданылды.

Аддис-Абеба университетінің Африка және Азия зерттеулері орталығының доценті доктор Гетачеу Касса жалпы тарихты, біздің аймақтарымыздың арасында бұрынғы байланыстарының бар екендігін дәлелдейтін ғылыми фактілерді одан әрі зерттеу үшін Орталық Азия мен Африка елдерінің ғылыми мекемелері арасында ынтымақтастық орнату қажеттілігіне назар аударды. Сонымен қатар, ол Эфиопияның ғылыми топтары тарапынан Қазақстан секілді Азия елдерінің экономикалық прогреске қол жеткізудегі заманауи тәжірибесін зерделеуге және қабылдауға қызығушылығын атап өтті.

Семинардың екінші бөлімінде ақпарат беру және БАҚ-та африкалық жаңалықтарды жариялау мәселелері талқыланды. Африканистика саласындағы кәсіпқойлар қауымдастығының төрағасы, «Эфиопиялық хабаршы» газетінің бас редакторы Ворку Белачеу ақпараттық кеңістіктегі Африка туралы стереотиптерді еңсеру мәселелері туралы егжей-тегжейлі хабардар етті және африкалық БАҚ-тарға Африкадағы оқиғалар туралы бірінші ауыздан хабарлау үшін халықаралық серіктестермен, оның ішінде Қазақстанмен де белсенді ынтымақтасуды ұсынды.

Жалпы алғанда, екі өңір арасында орын алған байланыстар туралы ақпарат және ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары үлкен қызығушылық тудырды. Көптеген қатысушылар осы бағыт бойынша шығармашылық идеяларымен, сондай-ақ болашақта біздің өңірге бару жоспарларымен белсенді бөлісті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға