Е.С.Дәуітов және А.Ф. Дмитриев
Дәуітов Ескендiр Садықұлы 1923 жылы Омбы облысының Есiлкөл станциясында туған. 1927 жылы Дәуiтовтар отбасы Петропавл қаласына көшiп келедi. 1942 жылғы 23 қарашада ауыл шаруашылығы техникумының бiрiншi курс студентi Дәуiтов Қызыл Армия қатарына шақырылады.
1943 жылдың қыркүйегi. Шегiнiп бара жатқан жауды тықсыра отырып, 16гвардиялық Чернигов дивизиясының бөлiмдері Днепрге тақап келдi. Алда – үлкен су айдыны. Сондықтан да өте шапшаң түрде ауыр шайқастардан әлсiреген жаудың есiн жиғызбай жедел өзеннен өту керек едi.
– Жауынгерлiк тапсырманы орындауға рұқсат етiңiз, – дедi қатардағы гвардия жауынгерi Дәуітов. Бiр топ батыл жігiттер балықшы қайығымен келесi жағаға қарай жылжи жөнелдi.
Қарсы жақ өзеннен өтiп келе жатқандарға зеңбiректер мен пулеметтерден оқ жаудырды. Мiне, жаға да жақын қалды. Ескендiр алғашқылардың бiрi болып Днепрдiң оң жағалауына аяқ басып, пулеметiмен жау траншеясына ұмтылды.
Екі гитлерші ержүрек пулеметшiге тап бердi. Батыл жауынгер сасқан жоқ, қанжармен екеуiн де жайратып салды. Жедел пулеметтi орната салып, жауға оқ жаудырды. Алғашында сасып қалған жау артынан шабуылды үдете түсті. Днепрдің оң жағалауына жетiп, жаумен жағаласа кеткен бiздің жауынгерлерден екеуақ – Ескендiр Дәуітов пен оның жолдасы ғана қалды. Олар жаумен жанталаса шайқасты. Дәуітов позициясын бiрнеше рет ауыстырды.
Бір мезгілде гимнастеркасынан қан тамшылай бастады. Жаралы жауынгер жаудың екпiнiн қайтарып, жалғыз өзi оқ боратып жатты. Гитлершiлер қайтсе де Дәуiтовтың пулеметiнің үнiн өшiруге тырысты. Оқ бұршақтай борады. Ескендiрге көмекке ұмтылған жолдастары жеткенде ол екi қолы пулемет тұтқасына қарысып қалған күйi жансыз жатты. Ұрыс аяқталды. Бiрақ бұл жеңiстi көру Ескендiрге бұйырмады. Осы ерлiгi үшiн КСРО Жоғарғы Кеңесi Төралқасының Жарлығымен Е. Дәуiтовке 1944 жылы 15 қаңтарда қайтыс болғаннан кейiн Кеңес Одағының Батыры атағы берiлдi.
Жерлестерi өз ұлдарының есiмiн қастерлеп есте сақтауда. Ескендiр Дәуiтовтың өзi соғысқа дейiн мастер болып iстеген етконсервi комбинатының училищесi қазiр батырдың атымен аталады.
Дмитриев Алексей Федорович 1919 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Володар (қазіргі Айыртау) ауданындағы Карасевка селосында туған. 1938 жылы Қорған Төбе АӘК арқылы Қызыл Армия қатарына алынған. 1940 жылы Мәскеудің артиллерия училищесін бітірген. Ұлы Отан соғысының бірінші күнінен майданда болған. Капитан Дмитриев Литваның Шакяйск ауданындағы Францкабуда поселкасының маңында 1944 жылы 7 тамызда жаудың қатты шабуылына тойтарыс беріп, 5 танкісін қиратты. Бірақ жау алға жылжумен болды. Санаулы уақыттың ішінде капитан өз позицияларына қорғаныс ұйымдастырып, дивизион қаруларының оғын өзіне бағыттатты. Осылай жеке ерліктің үлгісін көрсете отырып, Дмитриев өзі жаудың 16 солдаты мен 3 офицерін жойды. Тағы бір шайқаста, 1944 жылдың 21 тамызында, Дмитриевтің дивизионы жаудың 8 танкісін жоқ қылды. Осы жылдың 17 қазанында болған жанкешті шайқаста Алексей Дмитриев ерлікпен қаза тапты. Литваның КудиркасНауместис қаласында жерленген.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен Алексей Федорович Дмитриевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин, 2дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған. Қорған Төбе (Тәжікстан) қаласындағы бір мектепке батырдың есімі берілген.