Жаңалықтар

Е.Дмитриева: «Қазақстандық сығандар көне дәстүрдің сақтаушылары»

Е.Дмитриева: «Қазақстандық сығандар көне дәстүрдің сақтаушылары»
30.09.2019 18:25 922812

Қазақстандық сығандар және олардың бүгінгі тұрмысы, ежелден сыған қауымы арасында сақталған дәстүрі мен мәдениеті, үлкенге көрсетілетін құрмет туралы «Ақтөбе облысының сыған диаспорасы» ҚБ төрайымы Дмитриева Елена Васильевна әңгімелейді.

Е.Дмитриева: «Қазақстандық сығандар көне дәстүрдің сақтаушылары»

- Ақтөбе аумағында сыған халқының қанша өкілі бар, жалпы сығандар қауымдастығын елдің қай аймақтарынан көп көруге болады?

- Егер нақты дерекке сүйенсек, Ақтөбе қаласында бүгінгі таңда 80-ге жуық сыған отбасы қазақ халқымен бірге тату-тәтті өмір сүруде. Жалпы біздің ұлт өкілдері Алматы және Қарағанды қалаларында көбірек шоғырланған.

- Өзіңіз туралы айтып өтіңізші?

- Бала кезімнен жылқы малына әуес болдым. Сондықтан болар, үзеңгіге ерте аяқ салдым. Әкем өкінішке орай, өмірден ерте озды. Бізді анамыз тәрбиеледі. Отбасымыз өте үлкен және аса тату болатын. Өскен соң, анамның жанында сауда-саттық жасап, оған көмектесе бастадым. Бізде де қазақтар секілді, қыз ұрлау дәстүрі бар. Бойжеткен соң мені күйеуге ұрлап әкетті. Алайда, отағасы да біздің арамыздан тым ерте кетті. Ол уақытта балаларымның кішісі 3 жаста болатын. Қазір екі ұлым да ер жетіп, өмірден өз орындарын тапты, шаңырақ көтерді. Бүгінде олар маған 4 немере сыйлады, өзімді бақытты анамын, бақытты әжемін деп санаймын.

- Сыған халқы дәстүрін қатаң сақтай ма?

- Адам өміріндегі басты құндылық отбасын құрудан басталады. Тұрмысқа шыққан қыздың тазалығы маңызды. Некесі қиылғанға дейін сыған қызы ешқашан далаға жалғыз өзі аяқ баспайды. Оны барар жеріне үнемі туыстары ертіп жүреді. Ұл балдарға қатысты мұндай шектеулер жоқ. Олар үйден де ұзап кете алады, болашақ жарды да өзі таңдай алады.

Екіншіден, біздің киім үлгілеріне қатысты өз ғұрыптарымыз бар. Біздің әйелдеріміз қысқа киім кимейді. Тіпті жас қыздарымыз да ұзын етек белдемшемен жүреді.

Үлкендерді тыңдау, мойынсұну ләзім. Сыған балалары ешқашан әке-шешесінің бетінен алмайды, ата-ананың сөзі олар үшін заңнан да жоғары.

Кез келген той-томалақ, садақа болсын, ерлер мен әйелдер бөлек үстелдерде отырады.

- Сыған халқының дастархан мәзірі қандай?

- Өте қарапайым десе де болады. Негізінен құс еті және көкөніс тұтынамыз. Бірақ, отбасына дайындалатын күнделікті асты дайындау үшін де асқан шеберлік пен махаббат керек. Біз жартылай фабрикат асты жемейміз, дастархандағы барлық тағамдар үйде және құнарлы етіп дайындалуы керек. Сыған әйелі үй шаруасына епті келеді, олар күйеуінің, балаларының бабын жасаудың сырын жақсы біледі.

- Мәдени орталықта қандай мерекелер аталып өтіледі?

- Біздің басты мерекеміз христиандардың Рождество мейрамы. Сондай-ақ, Пасханы да кең көлемде атап өтеміз. Біздің дәстүріміз бен мәдениетімізді дәріптейтін және бір мейрамымыз бар, бұл 8 сәуір бүкіләлемдік сығандар күніне арналған Сыған мәдениеті фестивалі. Фестивальді Қазақстанда жыл сайын ұйымдастырамыз. Сол арқылы сыған мәдениетін көрсетсек дейміз. Оған Қазақстанның өзге қалаларындағы барлық сыған мәдени орталықтарының өкілдері бір кісідей атсалысады.

- Үлкенге құрмет көрсетудің өзіндік үлгісі бар екенін білеміз. Ақсақалдар кеңесі бүгін де бар ма?

- Ия, тегі Ром этносына жататын кез-келген үлкен адамның сөзі, сыған үшін заң. Бізде ақсақалдар кеңесі бар және ол жастар өміріне белсенді түрде араласып отырады. Мәселен, тойларда қатты ішіп мас болған адамды көрмейсіз, егер біреу шектен шықса, оны кейін ақсақалдар кеңесі сынға алады.

Е.Дмитриева: «Қазақстандық сығандар көне дәстүрдің сақтаушылары»

- Жастар туралы не айтасыз, олар қандай?

- Біздің жастарымыздың дені әлеуметтендірілген, олар білім алады, жұмыс жасайды. Олардың ішінде керемет аспаздар, құрылысшылар, бизнесмендер де бар. Жастардың бүгінге дейін сыған дәстүрін жалғастырып, музыкамен, бимен қосымша шұғылданып жүргені де көңілімнен шығады.

- Сыған халқы әлемдегі еңі көңілді халық дейді. Сыған өнері туралы айтып беріңізші…

- Кішкентай кезінен бастап сыған баласы музыка кеңістігінде өмір сүреді десе де болады. Себебі, біздің бірде-бір отырысымыз ән-бисіз өтпейді. Барлық балалар кішкентайынан музыкалық аспаптың құлағында ойнайды. Біздің бишілеріміз бен әншілеріміздің көбісі музыканы бала жастан құлағына сіңіріп өскені болмаса, кәсіби оқымаған жандар екені рас. Қазір жастар интернет арқылы үйренуге тырысады, ал бұрын бір-бірінен ғана үйренетін.

Сығандардың ұлттық концерттік киімі күнделікті тұрмыстық киімінен сыған биіне байланысты ерекшеленеді. Мәселен, әйелдердің концерттік белдемшесінің өзі ондаған метрлік матадан тігіледі.

- Қазақстанда сығандар көбінесе қай кәсіп түрімен айналысады?

- Біркелкі деп айта алмаймын. Ересектері саудамен және құрылыспен айналысады. Ал жастар қазір, көбінесе заманауи мамандықтарды таңдап жатыр.

- Бал ашу дәстүрі әлі де сақталған ба?

- Әрине, сақталған. Себебі, сығандар бал ашуды бала жасынан бастап үйренеді. Бірақ болжау тәсілі әртүрлі. Біреулері алақан сызықтарын оқиды, енді біреулері карта арқылы бал ашады.

- Сыған табыры, табыр бароны туралы айтып беріңізші?

- Бүгінгі таңда табыр ұғымы маңыздылығын жоғалтты десе де болады. Табыр көшіп-қонып жүрген кезеңдерде болған. Әрбір табырдың беделді адамын жетекшілікке тағайындайды. Әрине, сіздер кинолардан көргендей емес, онда баронның рөлін тым әсірелеп көрсетеді ғой. Қазір сол барондардың орнын ақсақалдар кеңесі басты. Сығандар арасында сөзіне құлақ асуы үшін, оған лайық іс істеп, үлгі көрсетуің керек.

- Әр елдегі сығандардың өмір сүру дағдысы мен дәстүрі әртүрлі. Қазақстандық сығандар несімен ерекшеленеді?

- Қазақстандық сығандарды киіміне, ұстанған дәстүріне қарап, көне көзқарастың адамдары десе де болады, Мәселен, Еуропада тұратын сығандар арасында дәстүр жоғалып бара жатыр. Сыған – бұл жалпы жинақтаушы термин. Әлемде сығандардың 10-нан аса этникалық тобы бар. Олардың әрқайсысының өз діні, диалектісі бар. Олардың ішінде люлилерді, кишиневтіктерді, сервтерді, влахилерді, қырымдықтарды айтуға болады. Біздің орталықтың құрамындағы сығандардың 90 пайызы Ром этносына жатады. Алайда, бір ғана Ақтөбе аумағындағы сығандардың өзі христиандар, мұсылмандар болып бөлінеді.

Және Қазақстанды - Отаным деп білетін, сыған халқының бүгінгі тұрмыс дәстүрі де қазақ халқына ұқсап барады. Біз ел үшін құнды ұлттық дүниелерді ұлық тұтып, жастарымызды Қазақстанда білім алып, еңбек етуге, ұлы халықтың құрамында бүгінгі өркениеттің көшіне ілесуге баулып келеміз. 

Бөлісу:

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша none;text-underline:none">ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.



Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға