Еңбек ерлерінің еңбек жолдары
Эттенко Алексей Михайлович 1937 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Лениногорск қаласында туған. Еңбек жолын 1952 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Кеңес ауданындағы «Қиялы» кеңшарында тракторшы машинист болудан бастаған. Кейін КСРОның 50 жылдығы атындағы кеңшардың №1 бөлімшесінің комсомолжастар бригадасын басқарған.
1973 жылы 10 желтоқсанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Алексей Михайлович Эттенкоға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ленин орденімен, «Орақ пен балға» алтын медалі тапсырылды. Бұған дейін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған болатын. Сондай-ақ, бұл марапаттардың барлығына да лайықты болатын.
Яворский Борис Владимирович (1910 жылы, Қорған облысы Борисовка селосы) – Социалистік Еңбек Ері (1957). Солтүстік Қазақстанға тың жерлерді игеру жұмысына келместен бұрын үлкен еңбек жолынан өткен. Украина мен Өзбекстанда, Ресейдің шаруашылықтарында жұмыс істеген. 1954 жылы Қызылту (қазіргі Ш. Уәлиханов) ауданында ірі «Бидайық» кеңшарының директоры болған.
Яненко Иван Григорьевич 1933 жылы Павлодар облысындағы Максим Горький ауданының Воскресеновка селосында туды. 1949 жылы Белоцерковтағы ауыл шаруашылығын механикаландыру мектебін бітіріп, «Воскресеновка» ұжымшарында комбайнер болып істеді. 1952-1954 жылдары Кеңес Әскері қатарында қызмет етті. 1955 жылдан 1959 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы Ленин (қазіргі Есіл) ауданының «Явленка» астық кеңшарында комбайнершофер болған. 1959 жылдан «Миролюбов» астық кеңшарында комбайнер болып істеді.
1966 жылы 23 маусымда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Иван Григорьевич Яненкоға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Оның есімі Қазақ ССР Құрметті алтын кітабына жазылды.
Янкин Илларион Павлович 1910 жылы Самара облысының Сухоречка деревнясында туған. 1930 жылдан Куйбышев облысындағы «Новый пахарь» ауылшаруашылық артелінің колхозшысы. 1934-1946 жылдары Красногвардейск шахтасында забойшы, бұдан кейін Свердлов облысындағы Красноурал кен басқармасының участок бастығы болып істеді. 1946-1947 жылдары Свердлов кен институтының студенті. 1948-1954 жылдары Верхняя Пышма қаласында рудник директоры. 1955 жылдан 1957 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы Октябрь ауданы «Дзержинский» кеңшарының директоры болды.
1957 жылы 11 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Илларион Павлович Янкинге Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.