Жаңалықтар

Еңбек – ширатады, өмір – үйретеді

Еңбек – ширатады, өмір – үйретеді
30.06.2014 04:31 14174

Қолына дипломын алып, қуаныштан бал-бұл жайнаған жастар алдында не күтіп тұрғанын болжай алар ма екен, сірә. Жоғары оқу орнын бітіргенін растайтын бір жапырақ қағазды місе тұтып, қалаған қызметіне жайғаса кететіндей қуанатынымыз рас. Осындай балалық арманның ар жағында не тұрғанын алдын ала білуге болса ғой, шіркін. Өзгені қайдам, өзіміз қалаған оқу орнына да түсе алмаған едік. Біз оқу бітірген жылы белгілі бір оқу орнын таңдап, сол жерден қандай мамандық иесі болғың келетінін межелеп барып емтихан тапсыратынсың. Қалаған мамандығымыз филология, журналистика төңірегінде болғанмен, бюджеттік бағдарламаға ілігу конкурстық тұрғыда әрі оңай шаруа еместігін біліп, қай мамандыққа сұраныс аз, соны таңдауға бел буғанбыз. Мұндай мамандықтардың қатарында өзіміз таңдаған инженерлік бар еді. Бұл саланың маманы біздің елде қаншалықты сұранысқа ие деген сауал сол кезде бізді ойландырмаған екен. Бес жылдық оқуымызды тәмамдап, дипломымыз қолымызға тигенде төбеміз көкке бір елі жетпей тұрғандай қуанып едік. Құдды оқығанымызды растайтын құжатымызды көрсетсек, жұмыс табыла кететіндей болып көрінген. Қазір ойлап қарасам, алдымызда алынбаған асулар тұрғанын білсек те, оңтайлы жолын іздестіру қажеттігін жете түсіне алмаған екенбіз. Сонымен не керек, қолға дипломды алып, жұмыс іздеудің қамына кірісіп кеттік. Шыны керек, ашпаған есік, кірмеген мекеме қалмаған. Өз мамандығымыз жарайды деген мекемелерге бас сұқсақ, бірден «жұмыс өтілі бес жылдан кем болмауы қажет» деген сөз еститінбіз. Сонда «тәжірибелі маман болу үшін де әйтеуір бір жұмыстан бастау қажет қой» дейміз таңырқап. «Басқа жерлерге барып көріңіз, бәлкім тәжірибесіз, сынақсыз ала беретін шығар» деп шығарып салатын. Хош деп және ілгері шегінетінбіз. Осылай неше уақыт сенделгеніміз есімде қалмапты. Әйтеуір, күндердің күнінде бірге оқыған курстас достарыммен кездескенде де олардың көпшілігі жұмыс таба алмағанын естідік. Бұл жағдай менің ғана басымда емес екен ғой деген ой жетегінде болашаққа деген үмітімізді сөндірмеген едік.

            Жалпы, өзімізден келтірген осы мысал арқылы бүгінгі көптеген жастардың басына түсетін жағдайды айтқымыз келген. Себебі, қазір мектеп табалдырығын аттап, түлектен талапкер атанған жастар сүйген мамандығына бірден қол жеткізе алмайды. Тегін оқу үшін білімі жеткілікті болуы шарт, ал ақылы оқуға жағдайы көтермейтіндер қаншама. Бұл тек мамандық таңдаудың азғантай машақаты ғана. Ал енді жұмыс іздеу, табу, орналасу, бұл жағынан қиындық молынан кездеседі.

            Мұны неге айтып отыр дейтін шығарсыз, бәлкім. Біз еңбек туралы сөз етіп отырмыз. Ал еңбек ету үшін жұмыс іздеген жас мамандарға кедергі болмауы қажет. Әлгіндегідей пара беріп, я таныс іздемей-ақ жұмысқа орналасу мүмкін болған жағдайда ғана толық Еңбек Қоғамына аяқ баса аламыз. Бірінші кезекте маманның кәсібилігіне, жұмысқа деген қабілетіне назар аудару аса маңызды. Бүгінде осы сынды мәселелерге Елбасы Н.Назарбаев ерекше тоқталып, Үкіметке арнайы тапсырма беруі бір қуантып тастағанын несіне жасырайық. Өз сөзінде Еңбек Қоғамына қатысты пікірін білдіріп, осы жолдағы жиырма қадамға жеке-жеке тоқталуы көңілімізден шыққанын айтпай кетуге болмас. Ендігі кезекте, осы тапсырмалар орындалып, жұмыс іздеген жастарға қолдау көрсетілсе деген тілегіміз бар. Ал мұны жүзеге асыру үшін «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына жиырма қадам» атты еңбекте айтылған жайларды естен шығармай, осы жолда жұмыла еңбек етуіміз қажет.

            Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам – әлеуметтік модернизацияны іске асыру бойынша 20 қадам» бағдарламалық тапсырмасын жариялаған еді. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы туралы тарқатып айтылған осы мәлімдемеде біраз жайлардың басы ашылып, нақты тапсырмалар берілген болатын. Биылғы «Қазақстан – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауда да бұл мәселе шет қалған жоқ. Қаузалған өзге де маңызды мәселелердің болғанын жасырмаймыз. Десек те, «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясына қатысты өз пікірімізбен бөліссек деп едік.

            Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғалы бері көп уақыт өте қойған жоқ. Десек те, жиырма жылды кейін тастап, бүгінімізге көз жүгіртер болсақ, талай асуларды бағындырып, үлкен жетістіктерге жеткенімізді айтпай кетуге болмас. Егемендік алып, өз алдына жеке-дара, тәуелсіз мемлекет атанған еліміз біраз қиындықтарды да бастан өткерді. Оған сіз бен біз куәміз. Бірақ уақыт мұнымен тоқтап қалмағанын ескеріп, алға мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында белсене еңбек етуіміз қажет. Біздің мақсатымыз айқын. Дамыған отыз елдің қатарына қосылып, бәсекеге қабілетті болу. Ал дамыған отыз елге қай мемлекеттер жатады? Ғаламторда жарияланған мәліметтерге сүйенсек, негізінен, дамыған елдерді жан басына шаққандағы табыс көлемімен, индустриалды дамуымен анықтайды. Дамыған елдерде дүниежүзі халқының 15 пайызы тұрады. Шамамен әлемде нақты 32 дамыған ел бар деп есептеледі. Дамыған елдердің санатына Австралия, Австрия, Бельгия, Ватикан, Ұлыбритания, Германия, Греция, Дания, Исландия, Ирландия, Израиль, Испания, Италия, БАӘ, Канада, Лихтенштейн, Люксембург, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, Португалия, Сан-Марино, Сингапур, АҚШ, Тайвань, Финляндия, Франция, Швеция, Швейцария, Оңтүстік Корея, Жапония, Ресей жатады. 

            Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына көшу мәселесі – Ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында белгіленген тапсырмалардың жалғасы болып табылады. Бүгінгі күні біз көп жағдайда ілгеріледік. Жалпы, Қазақстанға әлеуметтік жаңғыртудың біртұтас моделін жасау маңызды екенін ескерсек, Президентіміздің Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам – әлеуметтік модернизацияны іске асыру бойынша 20 тапсырма беруі өте орынды болған. Біз, бұл мақалада осы еңбек туралы тарқатып айтып, жеке-жеке тоқталып өткіміз келеді. Алдымен Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласынан мынадай мысал келтіре кетсек: «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясы көз жетпейтін көкжиекте ойлап табылмаған. Бұл – практикалық, прагматикалық идея. Ол маған тіпті етене жақын, өйткені мен қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург ретінде бастадым. Ал бұл, атап айтсам, нағыз кәсіп болып табылады». Иә, шын мәнінде еңбек, жұмыс, кәсіп, мамандық туралы көп айтуға болады. Бірақ Ел Президенті сияқты батырып айту, батыл айту кімнің қолынан келе қояр екен.

            Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қадамына қарай 20 қадам» атты мақаласы жұмыспен қамту орталықтарына да жаңа міндеттер жүктеді. Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын бұрынғыдан да жақсарта түсу жайын да айтқан болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеу­мет­тік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы көпшіліктің көңіліндегісін дөп басқандай болды. Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ қоғамындағы барлық азаматтарды еңбек­пен, жұмыспен қамту қазіргі ең басты міндеттердің бірі еке­нін ерекше атап көрсетті.

            Қазіргі таңда еңбек мәселесі алдыңғы кезекте шешілуі тиіс екенін атап көрсеткен Елбасы бұл идеяны Қазақстанның жергілікті елдімекендерінен жолданған хаттардан алғанын айтады. Сондай-ақ, жаңа өндірістерді, білім мен ғылымның жаңа жүйелерін, орта тапты дамыту арқылы үлкен өзгерістерге қол жеткізуге болатыны баяндалған. Онымен қоса, азаматтардың өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау қажеттігі де назардан тыс қалған жоқ. Алайда «Әлеуметтік жаңғырту жо­лындағы айтарлықтай кедергі әлеу­мет­тік инфантилизм секілді кең тараған құбылыс болып табылады» деген сөздер бізді ерекше толғандырғанын жасырмаймыз. Яғни Елбасының «Бұл игілікке жетудің алдамшы формуласы – «аз жұмыс істеп, көп табу», «ауадан ақша жасау» және тағы басқаларды абсолютке көтерді» – деуі біраз жайдың басын ашқандай болды. Кейде адал еңбегің, атқарған жұмысың еленбей, тасада қалып қоятыны жасырын емес. Осындай жағдайда күйінесің, ашынасың, қоғамға ренжисің. Алайда нағыз еңбек түптің түбінде бағаланатынына аса мән бере бермейміз. Шынтуайтында, қолға алған әр істі соңына дейін жеткізу, әрі оны ұқыпты, тиянақты етіп жасау қажеттігі қазақ даналығында көп айтылады. Дәл осы қағидамен өмір сүрген кез келген жан одан жаман болмайды. Өмір сүру керек, жан бағу қажет. Бірақ айламен емес, амалмен жүруге тиіспіз ғой. Бұл біздің ең бірінші кезекте «адам» екенімізді білдірмей ме? Абайдың отыз сегізінші қара сөзіне үңілейікші: «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер – әуелі хауас сәлим һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады. Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады...», «Мал, мақтан, ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. Егерде адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады...», «Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген нысап? Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – құданың жолы. Ол ниһаятсыз жол, сол ниһаятсыз жолға аяғыңды берік бастың, ниһаятсыз құдаға тағырып хасил болып хас езгу құлдарынан болмақ үміт бар, өзге жолда не үміт бар? Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түзетпек, жүріс-тұрысын түзетпек болады да, мұнысын өзіне бар дәулет біледі. Бұл істерінің бәрі өзін көрсетпек, өзін-өзі базарға салып, бір ақылы көзіндегі ақымақтарға «бәрекелді» дегізбек. «Осындай болар ма едік» деп біреулер талаптанар, біреулер «осындай бола алмадық» деп күйінер, мұнан не пайда шықты? Сыртқа қасиет бітпейді, Алла Тағала қарайтұғын қалыбыңа, боямасыз ықыласыңа қасиет бітеді. Бұл айнаға табынғандардың ақылы қаншалық өсер дейсің? Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікпен өсер». Біз айтсақ, дәл осылай ақ-қараны ажыратып, ара-жігін ашып бере алар ма едік? Қазақта сөз айтса я жазса Абайға жүгінеді дейміз. Ендеше, осындай сөздерден ғибрат ала білмесек, айтқанымыздан, жазғанымыздан неғайбіл. Адамаралық қарым-қатынас, білімге, өнеге деген құштарлық, еңбекке деген адалдық туралы сөз еткенде адамгершілік, кісілік қасиет туралы айтпай кету мүмкін емес. Себебі, не жағдайда болсын, турашылдық тек адами қасиеттен бастау алады. Егер шынайы болмысың кіршіксіз болса, бұл игіліктерге әйтеуір бір жетерің сөзсіз. Сол себепті де, егер әлеуметтік инфантилизм дертінен арыламыз десек, алдымен өзіміздің ішкі жан дүниемізді тазалайық дегіміз келеді.

            «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына жиырма қадам» еңбегінде Ел Президенті Әлеуметтік жаңғыртудың біртұтас моделін жасаудың маңыздылығына тоқталып өткен болатын. Ол жаңғырту үдерістері эволюциялық қағидаттан бастау алуы тиіс екенін қадап айтты. Ортақ жауапкершілік, әріптестік қатысу («Бұл жерде биліктің міндеті - мемлекет, қоғам мен жеке адам мүддесінің рационалды тепе-теңдігін қамтамасыз ету»), ынталандыру («Иә, мемлекет көмектеспеуге болмайтын жерлерге көмек қолын созатын болады. Бірақ азамат өзінің қолынан келетін шаруаны өзі атқаруы тиіс. Және бұл әділетті болмақ!»), кәсібилік – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қатысты негізгі міндеттер болып табылады. «Әлеуметтік жаңғырту «тіптен де мемлекет» үшін жасалмайды, ол әрбір нақты азаматқа қызмет етіп, пайда әкелуі тиіс» (Н.Назарбаев).

            Жалпы, Үкіметке берілген жиырма тапсырманың біріншісі Қа­зақ­стан Республикасын әлеуметтік дамыту­дың Жалпыұлттық тұжырымдамасы жобасын жасау қажеттігінен басталды. Ол бірінші кезекте әлеуметтік заңнамаларды жаңартудан бастау алатыны сөз болды. Екінші тапсырма да осы бағытқа сәйкес өрбіді. Біз негізінен, ең басты, маңызды тапсырмаларға тоқталып өтсек. Мәселен, 3-тапсырмада жұмыспен қамту саласын дамыту, 5-тапсырмада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Кәсіптік біліктіліктің ұлттық жүйесі болуы қажет екенін тапсырды. Еңбек дауларының алдын алу, ескеру және реттеу, сонымен қатар өндірістегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бақылау жұмыстарын күшейту қажеттігі 6-тапсырмада айтылды. Сондай-ақ, 10-тапсырмада «Тұрғын үй жағдайының үлгі-қалыптары: қолжетімділік пен жайлылық», ал 11-тапсырмада білім беру мекемелерін оңтайландыру, оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту және білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру туралы Үкіметке тапсырма берілді. 13-тапсырмада ҚР Білім және ғылым министрлігіне оқу үдерісінде бі­лім берудің интерактивті түрлерін пайдалануды кеңейтуді және онлайн-оқытудың арнаулы оқу бағдарламаларын енгізуді тапсырды. Осы тапсырмада Қазақстан тарихы оқулығына қатысты бірқатар сын-ескертпелер айтып, денсаулық сақтауды жаңғырту және саламатты өмір салтына қатысты денсаулық сақтау саласына көңіл бөлудің қажеттігін атап көрсеткен болатын. 19-тапсырмада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне «2012 жылдың 1 қыркүйегіне дейін еңбекке, адал кәсіби табысқа, Отанға қызмет етуге, жоғары патриоттық ниеттерге оң көзқарастар қалыптастыратын отандық әлеуметтік мәдени өнімдерді жаңғыртудың салалық бесжылдық жоспарын әзірлеп, қабылдасын» деген талап қойды. Ал 20-тапсырмада ҚР Үкіметі «2012 жылдың соңына дейін әлеуметтік үдерістерді мемлекеттік басқару жүйесінің, жоспарлау, үйлестіру, сараптамалық жолбас­шы­лық, үкіметтік емес сектормен әріптестік және басқа да мәселелерді қоса алғанда, тиім­ділігін арттыру жөнінен кешенді ұсыныстар әзірлеп, енгізсін», «2012 жылдың соңына дейін азаматтық қызметті заңдық реттеу мәселесін зерттесін», «2013 жылдың 1 шілдесіне дейін Әлеуметтік жаңғыртудың 2016 жылға дейінгі кезеңге арналған жалпыұлттық жоспарының жобасын әзірлесін» деген талаптар қойды.

            Сөзіміздің соңын Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына жиырма қадам» атты мақаласындағы түйіндемемен аяқтасақ: «...Біздің әлеуметтік саясат бәсекеге қабілетті және күшті ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫН құруға бағытталуы тиіс. Шындықты мойындайық: болашақта ХХІ ғасырда тек ЕҢБЕК қана барлық қазақстандықтардың ӘЛ-АУҚАТҚА және жаңа ӨМІР САПАСЫНА қол жеткізуін қамтамасыз ете алады. Мен қазақстандықтардың әлеуметтік жаңғырту саясатына қолдау көрсететініне, оның сыртында оны жүзеге асыруға барынша тікелей және мүдделі түрде атсалысатынына мейлінше сенімдімін».

 

Айгүл Ануарбекқызы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға