Дзюдодан өткен Еуропа кубогінде еліміз көш бастады

Латвия астанасы Рига қаласында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Еуропа кубогі мәресіне жетті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 18-19 наурызда өткен жарыс қорытындысында ел құрамасы 3 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлдемен жалпы медаль кестесінде көш бастады.
Финляндия құрамасы екінші, Украина дзюдошылары үшінші орыннан көрінді.
Қазақстандықтардан Бақытжан Абдурахманов (73 кг), Айбол Нысанәлі (81 кг) және Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) өз салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаз атанса, Нұрзат Сәлімбаев (66 кг) пен Еламан Ерғалиев (+100 кг) күміс, Еламан Сұлтанбай (66 кг) мен Руслан Мұсаев (81 кг) қола жүлдеге ие болды.
Айтулы додаға 24 елден 200-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынады.
