Жаңалықтар

Джиу-джитсу. Чемпион. Дархан Нортаев

Азиаданың жас чемпионы туралы не білеміз?
Джиу-джитсу. Чемпион. Дархан Нортаев
27.08.2018 11:45 6539

Индонезияда өтіп жатқан Азия ойындарында джиу-джитсудан 62 келі салмақта сынға түскен 21 жастағы Дархан Нортаев Қазақстан қоржынына 4-ші алтынды салды.  Спортшы туралы не білеміз? Ол осы ерекше спортқа қалай келді?

 Спортқа 15 жасымда келдім. Бұл кездері күрес секциясына жазылуды ойлап жүргем, алайда ағам джиу-джитсу спортына жол сілтеді. Шындығында, ол уақытта бұл спорт туралы ештеңе білмейтін едім. Сосын мұны тіпті әскери құрылымдарда тәжірибеден өткізетінін біліп, ынтам арта түсті. Себебі, бала кезден әскери мамандарға сондай қатты қызығатын едім. Алғашқы жаттықтырушым «Самурай» клубының негізін салған Альберт Алдияров болды. Джиу-джитсумен айналысқаныма екі ай толмай жатып, бірінші турниріме қатыстым. Ол 2012 жылы болатын. Павлодарда жалауы желбіреген жарыстан 2-орынмен оралдым. Осы алғашқы тырнақалды жетістігімнен соң, мен өзіме «міндетті түрде чемпион боламын» деп сөз бердім.  

 2016 жылы 19-жасымда әлем чемпионы атандым. Жалпы, сол жылы Испания, БАӘ, Польша, Түркменстанда өткен жарыстардың бәрінен медальмен оралдым. Мен үшін өте сәтті өткен жылдардың бірі. Ал 2017 жылы 62 келі салмаққа көшіп, Әлем біріншілігінде қола жүлдеге қол жеткіздім. Бұл салмақта бұрын-соңды ешқандай қазақстандық жүлде алып көрмеген еді.

 Абу-Дабидегі алтынға жету жолым өте қызықты, әрі қиын болды. Толық дайындық жасау үшін Алматы қаласына жол тартуым керек, ал менде ақша жеткіліксіз (бразилиялық джиу-джитсу елімізде қаржыландырылмайды). Ата-анамнан сұрауға ұялып, телефонымды сатып жібердім. Оңтүстік астанамызда жаттығу-жаттығу деп жүріп, аздап ауырып қалғаным да бар. Бірақ, спортшы әрқашан бабында болу керек емес пе? Тіпті, ауруға да уақыт жоқ. Айығар-айықпас, БАӘ-ге аттанып, қарсыластарымның бәрін жеңдім. Сол кезде барлығы таң қалып, менің қайдан шыққанымды сұрап жатты. Бірақ, проблеманың "көкесі" елге оралғанда басталды. Сабақтан қиындықтар шығып, оларға әлем чемпионатында болып, ел намысын қорғағанымды айтсам да, еш түсіністік танытпады. Оған да қарамай, жаттығуымды жалғастыра бердім. Соның арқасында 56 келі салмақта Польшада өткен біріншілікте алтын жүлдеге қол жеткіздім.

– Польшадан оралғанымда мені және менің командамдағы басқа балаларды Мәдениет және спорт министрлігі арнайы шақырды. Осыдан кейін, өмірім күрт өзгеріп сала берді. БАҚ бізге қызығушылық танытып, түрлі бағдарламаларға шақырып, сұхбат алып жатты. Аяқ асты жұлдыз болып шыға келдім. Бірақ, жұлдыз ауруына шалдыққаным жоқ.

 Джиу-джитсу спорт түрінен биік белестерді бағындыру үшін көп жаттығып, таза ойлап, осы спорттың чемпиондарымен көбірек сөйлесіп, ақша туралы мүлде ойламау керек деп есептеймін. Елімізге арнайы Бразилиядан шақыртылған бапкер біздің үлкен минусымызды айтты. Бізде физикалық жаттығуға көбірек көңіл бөліп, артық энергия жұмсайды екенбіз. Эдуардо болса, физикадан бөлек, техника мен көбірек ақылға салу керектігін ескертті. Біз енді, солай жасап жүрміз.

 Бос уақытымда видео монтаждаймын. Бұл салада достарым да жетерлік. Алайда, күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе – спорттық жаттығулар. Жарысқа дайындық кезде, төрт сағаттан жаттығуға тура келеді. Өмірім спортпен тығыз байланысты болса да, бірінші орында – отбасым: әкем, анам, ағам тұрады.

 Мен студентпін, сондықтан спортпен қатар, оқуды да үлгеруім керек. Тобымдағы студенттер мен оқытушылар тарапынан үлкен қолдауға иемін. Спорт факультетінде оқығандықтан, олар маған көп түсіністікпен қарайды. Шетелдерде өтетін әр түрлі турнирлерге байланысты көп сұрануыма тура келеді.

 Алға қойған мақсатыма жету үшін күндіз-түні аянбай тер төгіп келем. Чемпион болғаным да соның арқасы деп білемін. Мені танымайтын адамдар спортшы екенімді, чемпион екенімді білсе таң қалып жатады. Себебі, өмірде өте қарапайым жанмын.  

  Болашақта адамдарға көмектескім келеді. Ең бастысы, жақсы адам болып қалуды көздеймін. Арманым – спортта биік белестерді бағындырып, ата-анамның, елімнің үмітін ақтау.

Азиададағы жеңісінен соң, Дархан Нортаев өз әлеуметтік парақшасында пікір білдірді:

– Жеңісімді – қазақ еліме арнаймын. Барлық отандастарыма мені қолдағандары үшін көп-көп рақмет. Еліміздегі спортты дамытып отырған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғысым шексіз. Сол секілді ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, Маңғыстау облысының әкімдігіне алғыс айтамын!

Дархан финалда БАӘ-ден келген Омар әл-Фадхлиді жеңді. Жерлесіміз финалға дейін Бахрейн, Филиппин, Қырғызстаннан келген спортшыларды жарыс жолынан шығарған еді. Ол сол секілді осы жылы Ақтауда өткен Азия чемпионатында да алтыннан алқа таққан.

Кей мәліметтер abctv.kz, sports.kz сайттарынан, фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға