Жаңалықтар

Дыбыстау мен дубляж екі бөлек дүние – Гүлнар Орманова

Актриса Гүлнар Ормановамен сұхбат
Дыбыстау мен дубляж екі бөлек дүние – Гүлнар Орманова
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 16.11.2022 13:35 3890

Соңғы кездері жастар арасында қызығушылық пен сұраныс артып жүрген салалардың бірі – дубляж. Көгілдір экранда көрермен дауысынан танитын, дубляждың үздік маманы – Гүлнар Орманова.

Ол еңбек жолын театрдан бастаған. Отандық телесериалдар мен фильмдерге де түскен. Қазіргі таңда шетелдік телесериалдарды қазақша сөйлетіп жүр.  

Алғашқы рөлі – Джульетта

Гүлнар Орманова өнер саласында 20 жылдық тәжірибесі бар маман. Бала күнінде балерина болуды армандағанымен, театрға жолы түсіпті.

«Бала күнімде балерина болуды армандадым. Арманымды мақсатыма айналдыру үшін мектепті бітіргеннен кейін өнер ортасының қара шаңырағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түстім. 2003 жылы дипломымды қорғауға Маңғыстауға барып, алғаш рет Шекспирдің «Ромео-Джульетта» романындағы Джульеттаның рөлін сомдадым. Кейін Маңғыстау театрының маманы ретінде Томиристің рөлі бұйырды», – деді Гүлнар.

Гүлнар – талантты әртіспен қатар, аяулы ана. Отбасын құрып ана атанған соң, театр саласынан қол үзуге тура келген. Бірақ, өнерді сағынғандықтан араға 10 жыл салып, өзінің саласына қайта оралды. Астанадағы Максим Горкий атындағы орыс драма театрына жұмысқа орналасып, тәжірибесін қайта шыңдай түсті. 

Дыбыстау мен дубляж екі бөлек дүние – Гүлнар Орманова

«10 жыл аз уақыт емес. Сондықтан көп дүниелерді басынан бастауға тура келді. Бір күні «Очень простая история» спектакліне дайындалдық. Сол кезде маған сиырдың рөлі берілді. Қандай рөл болмасын, барлығына дайын болдым. Сонда да көп жағдайда режиссер менің жұмысыма көңілі толмай, тіпті рөлін бергісі келмеген кездер болды. Нәтижесінде ештеңеге қарамастан, рөлімді алып шықтым. Бұл жерде айтқым келгені, өнер адамы түрлі пікірлерге сынып қалмауы тиіс, өзіне сеніп, ізденіп, образын соңына дейін алып шығуы керек», – дейді ол.

Дубляжға қалай келді?

Дубляждың жұмысы сырт көзге қызық әрі оңай көрінгенімен, оның да қиын тұстары бар. Маман әр кейіпкердің дауысын құбылтуы, ерекше тонмен әрлеп, өзіндік дем беру арқылы фильмнің ажарын аша түседі. Тиісінше, көрерменге де ерекше әсер сыйлайтыны хақ. Бұл жерде мамандардың еңбегі үлкен. Гүлнар дубляжда кейіпкердің болмысына келтіріп қана қоймай, оның ішкі сезімін жеткізуге тырысатынын айтады.

«Студент болып жүргенімізде ұстазымыз Әубәкір Рахимов үнемі «мықты маман болам десеңдер театрға барындар» дейтін. «Кино мен дубляжға делетанттар ғана барады» деп айтқан сөздері әлі есімде. Дегенмен, орнымды кинодан да, дубляждан да таптым, жаман болған жоқпын.  Студенттерді әрдайым театрға бағыттауының тағы бір себебі, ол кездері «Қазақ фильм» тоқтап тұрды. Дубляждың жұмысымен таныстырып, киноның барысын көрсететін мүмкіндік болмады. Сондықтан жас мамандардың көбісі өз жұмысын театрдан бастады»,  дейді.

Гүлнар Дубляжды 2017 жылы орыс дубляжынан бастаған.

«Ең алғаш 7 арнадан ұсынған түріктің «Запах клубники» сериалын дубляждадым. Кастингке қатысып, орыс дубляжорлардың ішінде мені таңдап алды. Режиссердің айтуынша, менің дауысым басты кейіпкердің болмысына сай келді», – дейді ол.

Дыбыстау мен дубляж екі бөлек дүние – Гүлнар Орманова

Қазіргі таңда Қазақстан телеарнасындағы «Жүректегі күз» бен Астана арнасындағы «Дастан» түрік сериалына дубляж жасайды.

«Дубляжда 4 адамнан тұратын команда жұмыс істейді. Екі әйел, екі ер адам барлығының дауысын айналдырып, құбылтып айта береміз. Кейде қай кейіпкердің дауысын қалай салғанымызды ұмытып қалатын сәттеріміз де болады. Дегенмен, ол жағынан бақылап, көмектесіп отыратын режессер жұмыс істейді. Дубляж алдында жаттығу жасап, дауысымызды шындап аламыз», – дейді.  

Дубляжда барлығы уақытқа байланысты екенін айтады.

 «Түрік сериалдары 200-300 сериядан тұрады. Оны ұзақ уақыт дубляждап отыра алмаймыз.  45 минуттық серияны бір сағаттың ішінде үлгереміз. Сөйтіп, күніне 5-6 серия жазамыз. Дубляжда мамандар уақытпен жұмыс істейді. Яғни, әр секундты дауыспен келтіріп, кейіпкерден қалып немесе озып кетпеу қадағаланады».

Гүлнар кинотеатрда көрсетілетін шетелдік фильмдерді де қазақша сөйлетіп жүр. Солардың бірі жақында шыққан – «Аватар». Фильмдегі басты кейіпкерлердің бірі Грейсті дубляждады. Сондай-ақ балалардың сүйікті фильміне айналған «Мстителидегі» Небулананың даусына да дубляж жасаған.

«Бізде телеарнадағы сериалдар «voice over»-мен жазылады, яғни астында ориганал дауыс қалады. Ал, кинотеатрлардағы фильмдердің жұмысы басқа. Онда дауысқа үлкен акцент қойлады. Кинотеатрдағы фильмдерді синхронмен жазамыз. Яғни фильмнің оригинал дауысын алып тастап, түбегейлі дубляждалған дауыс сақталады. Осындай фильмдерден маманың деңгейін, жұмысының сапасын көруге мүмкіндік туады», – дейді Гүлнар.

Дыбыстау мен дубляж екі бөлек дүние – Гүлнар Орманова

Ол әртіс ретінде театрдың да, дубляждың да өзіндік ерекше әсері барын айтады: «Еңбек жолым театрдан басталғандықтан да театр әрдайым жаныма жақын. Мен үшін театрдың орны бөлек. Әртіс ретінде көрерменнің қошеметін күтеміз, сағынамыз. Дубляжда көрерменмен байланыс болмағандықтан қолдауды сезіне бермейміз, тіпті әсерін де сұрай алмаймыз. Ал театрдың атмосферасын сөзбен айтып жеткізу қиын. Оны адам өз басынан өткеріп, сезіну қажет».

Мультфильмдегі дубляж

Фильм мен сериалды дубляждау бір басқа, мультфильмге дауыс жазу бір басқа жұмыс. Әрқайсысының өзіндік қиындығы мен техникасы бар. Мультфильмде әр кейіпкерді бала дауысына келтіріп, жазу маманның талантына байланысты. Гүлнар мультфильмге дауыс жазғанда кейіпкердің образын көз алдымы келтіремін дейді: Мульмфильмді дубляждау бір басқа, мультфильмге дауыс жаза басқа, екеуі екі түрлі. Дауыс жазғанда мультфильмді көрмей жазамын, яғни картинка, бейне көрсетпейді. Кейіпкердің мәтіндегі сөздеріне қарап, олардың даусын ойнатып отырамыз. Маман мәтінді қаншалықты ойната білсе, мультфильмде соншалықты әсерлі шығады. Әрі қарай мамандар біздің дауысымызға мультфильм жасайды».

Шетелдік мультфильмдерді де қазақша сөйлетіп бастағандардың бірі – Гүлнара Омарова.  Шетелдің анимацияларында қазақтың менталитетіне сай келмейтін дүниелер кездеседі, оларды өзгешелеп жеткізетінін айтады.

«Мультфильмді балаларымыз көретін болғандықтан, ондағы әрбір деталь ескеріледі. Кейіпкерлердің әр сөзін өзіміздің нақышымызға келтіріп жасаймыз. Бұл жерде редактор мен аудармашының рөлі үлкен. Мультфильмдегі кейбір сөздер балалардың аузында жатталып қалып, оны бала ауыз екі тілінде күнделікті қолдана бастаймыз. Бір жағынан психология өзгереді, бала еліктей бастайды. Жақында шетелдің бір мультфильмін дубляждаған кезде оригинал нұсқасында бір әйел басқа әйелді «бұл менің әйелім» деп таныстырады, біз соны «бұл менің құрбым» деп жеткіздік.   Сондықтан дұрыс сөйлеп, дұрыс оқып, дұрыс жазуға тырысамыз», – деді.

«Актердың мықтылығы режиссердың біліктілігіне байланысты»

Гүлнардың маман ретіндегі арманы тарихи фильмге түсу. Бүгінде ол бірнеше отандық телесериалдарға түсіп үлгерді. Солардың бірі жақында шыққан – Тоғжан сериалы.  Журналистердің қайнаған тіршілігін көрсеткен туындыда екінші санаттағы рөлде өзін көрсетті.

«Тоғжан сериалында тележүргізуші Салтанаттың образын алып шықтым. Рөлімді толық аша алдым деп ойлаймын. 70 бөлімнен тұратын сериялдың 35 бөліміне түстім. Сериалда менің кейіпкерім ашық-жарқын болғанымен жағымсыз кейіпкер болды. Жалпы, жағымсыз кейіпкерлердің рөлі өзіме ұнайды», – дейді Гүлнар.

Дыбыстау мен дубляж екі бөлек дүние – Гүлнар Орманова

 

Актер өзіне берілген рөлді, образды алып шығуға тырысады. Дегенмен бұл режиссердың біліктілігене де байланысты екенін айтады: «Актердың мықтылығы режиссердың біліктіліге байланысты ашылады. Егер режиссер дұрыс бағдар берсе, онда актер оны екі есе аша түседі. Режиссер мен актердың арасындағы өзара қатынас жақсы болу керек. Бұл актердың жұмысын жеңілдетеді».

«Адамның жан дүниесі ыдыс сияқты, шытынап, кейде сынады да. Кез келген бір сәтсіз нәрсе сенің көңіл күйіңе, тіпті ден саулығыңа әсер етеді. Жұмыста киелеңсіз жағдайлар, жақындарыңның реніш-өкпесі, ақшаның құнсыздануы, өкініш, реніш, жақыныңды жоғалту тағы басқасы бар. Дәл сол сәтте  сіз өмірден жеңілгеніңізді түсініп, енді мен бұлай өмір сүре алмаймын, еш нәрсе қолымнан келмеді дейсізде, еңіреп жылай бастайсыз, жүйкеңіз сыр беред. Біраз уақыт өткеннен кейін, сіздің ойыңыз өзгереді. «Бұл жай ғана жаман күн, бірақ бұл өмір емес, бір күн ғана. Менің қолымнан бәрі келеді»-дейсізде қайтадан өміріңізді жалғастырасыз. Адам баласының табиғаты қызық. Біз ерекше жанбыз. Кез келген нәрсеге тез бейімделеміз, тез үйренеміз, тез жалығамыз, тез шаршаймыз, ештеңеге тоймаймыз. Бұл біздің физиологиялық жаратылысымыз. Бұған қарсы тұралмаймыз, өзгеру жоқ. Біздің ойымыз: «Күн батқаннан кейін әрқашан таң болады!»

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға