Дұрыс тамақтану арқылы ағзаны тазалауға бола ма?
Ағзаны дұрыс тамақтану арқылы табиғи жолмен уақытылы тазартудың денсаулыққа пайдасы көп. Ол кей аурулардың даму қаупін азайтуға және өзіңізді жақсы әрі жеңіл сезінуге септігін тигізеді. El.kz ақпарат агенттігі дұрыс тамақтану арқылы ағзаны тазартудың тиімді тәсілдерін тізіп көрді.
Салауатты өмір салтын ұстану адам ағзасына тікелей әсер етеді. Күнделікті өмірде дұрыс тамақтанбаудың салдарынан түрлі аурулардың бойымызда белең алуына жол беріп жатамыз. Ал оның алдын алу үшін ағзаға жағымды тағамдармен қоректену маңызды рөл атқарады.
Ішектерді тазарту
Дұрыс тамақтануға уақыт бөле бермейтін адамдардың көбінің ішек қыртысында қорытылмаған тағам қалдықтары болады. Олар уақыт өткен сайын қатайып, жинала береді де, салмағы бірнеше килограмға дейін жетуі мүмкін. Іштің өтуі мен кебуі, қатуы, іштегі қыжыл мен дене терісінің мәселелері осының басты белгілері. Ал ішекті тазарту алдында ең бірінші тамақтану әдетін, оның жиілігін ретке келтіру керек. Ұсынылатын режім – аз-аздан күніне 5-6 мәрте тамақтану. Сонымен қатар, кем дегенде 2-2,5 литр су ішу керек.
Ішекті тазартуда құрамында жаснұқ мөлшері көп тағамдардың да пайдасы мол. Оларды күніне шамамен 40-60 грамнан жеген жөн. Ол грек жаңғағы, қара нан, арпа, қоңыр күріш, қарақұмық жармасы және зығырдың құрамында болады.
Сондай-ақ, айран, сүзбе, жұмыртқаның ағы, табиғи йогурт, майсыз ет, қою емес шәй және көкөністер мен жемістерді жеген дұрыс. Ал майлы тамақ, кілегей, тәттілер, торт, алкоголь және қуырылған тамақтардан аулақ болу керек.
Бауырды тазарту
Адам ағзасындағы маңызды мүшенің бірі – бауыр. Ол өз-өзінен қалпына келе алады. Десе де оған көмектескен артықтық етпейді. Алкоголь, дәрі-дәрмек пен темекі бауырдың қалыпты жұмысын бұзады. Іштің ауыруы мен кебуі, жүрек айну, тамақ ішкен соң жайсыздықты сезірну мен салмақ жоғалту бауырдағы аурудың басты белгілері саналады.
Дұрыс тамақтану арқылы бауырды тазарту үшін ақуыз мөлшерін күніне 60 грамнан асырмау керек. Қоректену тәртібін сақтап, күніне аз-аздан 5-6 рет тамақтанған дұрыс. Көбіне буға піскен тамақтарды жеп, қуырылған тағамдардан бас тартқан абзал.
Бүйректі тазарту
Бүйрек – несеп шығару жүйесіндегі маңызды мүше. Кез келген адамның бүйрегі жылына кем дегенде бір рет тазартуды қажет етеді. Судың тұрып қалуы, беттің қызаруы, тамырлардың кеңеюі, қан қысымының артуы бүйректі тазалау керектігін білдіретін белгілер.
Бүйректі табиғи шырын қоспалары арқылы тазартуға болады. Әуелі сәбіз, балдыркөк, ақжелкен тамырын шырынсыққышқа салып сығып аламыз. Содан соң дайын шырындарды бір-біріне дұрыс үйлестіре араластыру керек. 90мл сәбіз шырыны, 50мл балдыркөк және 20мл ақжелкен тамырын қосу арқылы пайдалы, табиғи шырын жасаймыз. Оны екі апта бойын күніне 3-4 реттен ішу керек.
Бүйрек ауруларының алдын алу үшін алкоголь мен темекі және дайын консервіленген тағамдардан аулақ болған жөн. Сондай-ақ физикалық белсенділікті арттырып, артық салмақтың болмауын қадағалау керек.
Лимфа жүйесін тазарту
Лимфа жүйесі ластанса иммунды жүйе әлсірейді, аяқ-қолдың ісінуі мен буындар проблемасы пайда болады. Оның ластануына ауа мен су және химиялық заттар себепші болады. Лимфа жүйесін тазалау үшін ең әуелі өңделген тағамдарды көкөністер мен жемістерге алмастыру керек. Қиын қорытылатын майлы ет пен майлы тағамдардың мөлшерін және ақ ұнды аз қолданған дұрыс. Сондай-ақ, күнделікті тұтынатын қант мөлшерін де азайту қажет. Дене шынықтыруды қолға алып, физикалық белсенділікті арттыру арқылы тер шығару керек. Күніне кем дегенде 2-2,5 литр су ішкен жөн.