Жаңалықтар

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында шетелдік қонақтарды баураған қазақтың бес ұлттық тағамы

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында шетелдік қонақтарды баураған қазақтың бес ұлттық тағамы
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney 08.10.2024 04:21 371

Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спорт түрлерін ұлықтап, ұлы даланың мәдени бай мұрасын көрсетті. Шетелдік меймандар спорттық жарыстардан бөлек, қазақтың дәстүрлі тағамдарына да ерекше тәнті болды. Туризм және спорт министрлігі отандық туроператорлардың сауалнамасы негізінде ойындарға келген қонақтардың есінде қалған ұлттық бес тағамның тізімін жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

1. Ет
Үздік бестіктің көшбасшысы, әрине – ет (әр өңірде әртүрлі айтылады). Бұл дәстүрлі тағам қайнатылған ет пен дөңгелек етіп жайылып, төртбұрыш формада кесіліп, еттің сорпасына пісірілген қамырдан (жайма/кеспе) жасалады. Астың негізгі құрамына төрт түлік малдың (қой, сиыр, жылқы, түйе) еті кіреді. Әсіресе жылқы еті (қазы, шұжық, жал, жая) мерекелік дастарханның сәнін келтіреді. Шетелдік қонақтар бұл тағамның тіл үйіретін дәмін бағалады.

2. Бауырсақ
Екінші орында – бауырсақ. Бұл тағам әр қазақ дастарханында міндетті түрде болады. Шетелдік қонақтар қамырдан жасалып, майда қуырылған алтын түстес жұмсақ тағамның айрықша дәміне тәнті болды. Әсіресе шетелдік меймандар ши бауырсақты кәдесый ретінде көптеп сатып алды.

3. Қымыз
Үшінші орында – қымыз. Бие сүтінен ашытылып дайындалған бұл сусынның қышқылтым дәмі мен емдік қасиеті туристердің қызығушылығын тудырды.

4. Құрт
Төртінші орында – құрт. Сүт өніміне жататын құрттың тұзды дәмі талайды таңдай қақтырды.

5. Шұбат
Үздік бестікті шұбат түйіндеді. Бұл – түйе сүтінен дайындалған қою сусын. Шұбат – түйе шаруашылығы дамыған Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірінде кеңінен танымал.

Ұлттық тағамдарымыз – ас-ауқат қана емес, өткен мен бүгінді байланыстыратын мәдени көпір. Гастрономиялық турлар шетелдік туристердің Қазақстанға жасаған сапарларының маңызды бөлігіне айналды, – деді Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің ресми өкілі Айжан Жолдасбекова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға