Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушылар орналасатын қонақүйлердің дайындығы қалай

Астанада қонақүйлердің Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушы делегацияларды қабылдауға дайындығы көрсетілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы ДКО-ға келетін делегациялар орналастырылатын қонақ үйлердің дайындығы мен жұмысын ұйымдастыру бойынша презентация өткізді.
Дирекция басшысы Наиль Нұров Қазақстан Республикасының Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевқа қонақүйлерде жүргізіліп жатқан жұмыстарды ұсынды. Атап айтқанда, жұмысты ұйымдастыру, келу маршруттары, навигация, ойын стиліндегі көлікті безендіру, сондай-ақ қонақ үйлердегі еріктілердің жұмысы көрсетілді. Сонымен қатар делегация мүшелерін орналастыру үшін нөмірлер туралы ақпарат берілді.
Одан кейін жұмыс тобы нысанның ойындарға дайындығымен танысу үшін Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайына барды.
Жауапты мамандар нысанға кіруді басқару және бақылау жүйесін, сондай-ақ билеттерді тексеру және аккредиттеу процесін тексерді. Сонымен қатар бейдждер мен билеттердегі QR кодтарын қолдана отырып, көрермендердің кіруі қалай ұйымдастырылатыны егжей-тегжейлі зерттелді.
Айта кету керек, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйекте өтеді. Іс-шараға әлемнің 89 елінен 2000-ға жуық спортшы қатысады деп күтілуде.
Астанада өтетін Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарында спорттың 21 түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Спорттық жарыстар мен мәдени іс-шараларға 100 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде.
