Жаңалықтар

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы: Әлем Сирияны ұмытып кетті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы: Әлем Сирияны ұмытып кетті
Фото: edition.cnn.com 11.02.2023 18:00 2832

Ұзақ жылдар азамат соғысының отына оранған, халықаралық санкцияларға ұшыраған Сирияда жер сілкінісі нәтижесінде ішкі босқындардың саны 5,3 млн адамға жеткен. Қираған аудандардың тұрғындары елдің ішкі аудандарына қоныс аударып жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Сирияны гуманитарлық апатпен жалғыз қалды деп санайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар жөніндегі жоғарғы комиссары 10 ақпанда жойқын жер сілкінісі Сирияда 5,3 миллион адамның қоныс аударуына әкелді деп мәлімдеді.

«Алдын ала есептеулер бойынша, жер сілкінісінен зардап шеккен 5,37 миллион адамға Сирияда баспана қажет», - деді БҰҰ БЖКБ-ның Сириядағы өкілі Женевада өткен баспасөз мәслихатында. «Бұл негізінен жаппай қоныс аударудан зардап шегетін адамдар үшін үлкен көрсеткіш», - деп қосты ол.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар жөніндегі жоғарғы комиссариаты мұқтаж жандарға баспана мен көмек көрсетуге, мысалы, шатырлар, полиэтилен пленкалары, жылу көрпелері, ұйықтайтын төсеніштер мен қысқы киімдер қажет екендігіне назар аударды.

Салыстыру үшін 2011 жылдан бері жүріп келе жатқан соғыс кезінде Сирия ішінде шамамен 6,8 миллион адам қоныс аударды, олардың кейбіреулері үйлеріне қайтып, кейін қайта тастап кетуге мәжбүр болса 6 ақпандағы жер сілкінісінен ішкі босқындардың саны 5,3 млн адамға жеткен.

Жер сілкінісі болған аймақтың бір бөлігі үкіметтің, келесі бір бөлігі көтерілісшілердің бақылауында болғандығы есептеу, көмек беру ісінде үлкен қиындықтар тудырып отыр.

БҰҰ Босқындар жөніндегі жоғарғы комиссариаты аталған аудандарға шығу үшін Сирия үкіметімен келісімге келуге үміттенеді. Бұл өз кезегінде елдің солтүстік-батысына тезірек және тұрақты қол жеткізуге жол ашады деп күтілуде.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі жұма күні жойқын жер сілкінісі Сириядағы «ұмытылған дағдарысты» тағы да бірінші орынға қойып, ұйымының «логистикалық шектеулерге» қарамастан қажетті медициналық құралдар жіберуге дайын екендігін мәлімдеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Дубайдағы Халықаралық гуманитарлық орталықтағы журналистермен кездесуде: «Әлем Сирияны ұмытып кетті. Ал жер сілкінісі ғана оның назарын аударып отыр» деп мәлімдеді. Ол Сириядағы миллиондаған адамдар жылдар бойы осындай дағдарыс жағдайында өмір сүріп келеді деп қосты.

БҰҰ әдетте гуманитарлық көмекті Сирияның солтүстік-батысындағы Түркиямен шекара арқылы, одан соң Сирияның ішкі бөлігімен Баб әл-Хава шекара өткелі арқылы үкімет бақылайтын аудандардың ішімен тасымалдайды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Гуманитарлық көмек көрсететін алғашқы автоколоннасы бейсенбіде елдің солтүстік-батысына келді. Колонна алты жүк көлігінен тұрды, содан кейін жұмада 14 жүк көлігінен тұратын екінші автоколонна келді. Автоколонналардың жүгінің құрамына гуманитарлық жабдықтар, шатырлар мен көрпелер кірді. Бірақ азық-түлік пен іздеу-құтқару жұмыстарына қажетті басқа заттар ел аумағына кіргізілмеді.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі гуманитарлық қажеттіліктер ауқымы анықталған соң Сирия бойынша отырыс өткізеді деп күтілуде.    

Сирия қазіргі кезеңде қажетті медициналық жабдықтың жоқтығынан адам өліміне байланысты тағы бір қиыншылыққа душар болып отыр. Қалай болғанда да Сирия халықаралық қауымдастықтың гуманитарлық көмегіне өте зәру екендігі баршаға аян болды.

Қазақстан осындай қиын сәтте жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға ҚР Ұлттық ұланы ұшағының төрт рейсімен 50 тонна гуманитарлық көмек жеткізді. Көмек негізінен мемлекеттік резервтен бөлінген азық-түлік, жылы киім, шатыр мен төсек-орындардан тұрады.

Сириялық қабылдаушы тарап ауыртпалықты бөлісіп, қиын сәтте көмек қолын созған қазақ халқына ризашылығын білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға