«Дүкенге баруға қорқасың». Депутат азық-түліктің күн санап қымбаттап жатқанына наразы

Азық-түлік бағасы наурыз айында 21 пайыз өсті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Депутат Елнұр Бейсенбаев депутаттық сауалында азық-түлік бағасы күн санап артып жатқанын және еліміздегі статистикаға сенуге болмайтынын айтты.
Дәл қазір қазақстандықтардың ең басты проблемасы – азық-түлік бағасының шарықтауы. Қымбатшылық қарапайым халықты алқымдап тұр. Ал Ұлттық статистика бюросы 10 жұмыртқа – 490 теңге, айранның литрі – 390 теңге, пияз – 182 теңге, ал қияр мен қызанақ бағасы 1000 теңгенің көлемінде екенін көрсеткен. Шын мәнінде, баға бұдан әлдеқайда жоғары, - дейді депутат.
Мәжілісменнің айтуынша, бүкіл аймақ бойынша «AMANAT» партиясының мониторингтік топтары азық-түлік бағаларын тексерген. Нәтижесінде пияздың бағасы 350 теңге, қияр мен қызанақ – 1600 теңге, ал жұмыртқаның бағасы 600 теңге. Баға 1,5-2 есеге дейін, яғни 70-100 процентке шарықтағаны байқалған.
Рас, қазір дүкенге баруға қорқасың, баға күн санап өсуде. Мысалы, үш адамнан тұратын отбасы бір апталық тамағына ең кемі 40-50 мың теңгенің арасында ақша жұмсайды. Әлеуметтік жағдайы қиын, көп балалы отбасылар туралы айтуға қысыласың, - деді депутат.
