Жаңалықтар

ДСМ онкологиялық науқастарға қатысты депутат сауалына жауап берді

ДСМ онкологиялық науқастарға қатысты депутат сауалына жауап берді
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі 08.06.2024 18:08 513

Денсаулық сақтау министрлігі ағымдағы жылы медициналық ұйымдарда онкологиялық пациенттерге медициналық көмек көрсетуге талдау жүргізді, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі. 

Іріктеп тексерілген алты ұйымда медициналық көмек көрсетудің бекітілген стандарттары мен қағидаларының көптеген бұзушылықтары, сондай-ақ 18 млрд.теңгеден астам сомаға қаржылық бұзушылықтар анықталды.

Сонымен қатар, 2023 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің онкология орталықтары алған пайданың жалпы сомасы 31,8 млрд. теңгеден асты.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерге тариф белгілеу туралы бұйрыққа сәйкес тарифтер пайда алуды, сондай-ақ негізгі құралдарды сатып алуға арналған шығыстарды көздемейді.

Пайда алу үшін емдеуге жатқызу жағдайларын жасанды түрде бөлшектеу фактілері, есептен шығарылған және тағайындалған химиялық препараттардың сәйкес келмеуі, ұсынылған жағдайлардың емдеу стандарттарына сәйкес келмеуі және тарифтердің нақты шығындардан асып кетуі анықталды.

Осылайша, қолданыстағы тарифтер мен төлем әдістері мемлекеттің ақшалай қаражатының медициналық ұйымдардың шоттарына заңсыз ағынына ықпал етті.

Анықталған бұзушылықтардың нәтижелері бойынша 6 бірінші басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылады, оның 2-уі атқаратын лауазымдарынан босатуға ұсынылды. Тексеру материалдары құқықтық бағалау үшін құзыретті органдарға берілетін болады.

Қазіргі уақытта әрбір мемлекеттік теңге барынша тиімді пайдаланылуы және барлық қаражат медициналық көмекке мұқтаж пациенттерге жетуі үшін нақты қадамдар жасалуда.

Бюджет қаражатын орынсыз пайдалануға жол бермеу үшін шұғыл шара ретінде Денсаулық сақтау министрлігі алқа отырысы барысында онкологиялық қызметтің клиникалық-шығынды топтары бойынша базалық мөлшерлемені 20%-ға төмендету туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ, тарифтерді неғұрлым нақты оңтайландырумен осы ұйымдардың қызметтеріне ақы төлеу тетігін қайта қарау жоспарлануда.

Сонымен қатар, қаражаттың пайдаланылуын бақылау күшейтілді. Медициналық ұйымдардың қаржылық қызметіне тұрақты мониторинг және аудит жүйесі енгізілді. Бұл бюджет қаражатын орынсыз пайдалану жағдайларын жедел анықтауға және жоюға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының 2024 жылғы 7 ақпандағы сала қаражатының орынды және тиімді пайдаланылуына бақылауды енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады және міндеттер орындалатын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға