Жаңалықтар

Достық үйлерінің қызметін ғалымдар талқылады

Достық үйлерінің қызметін ғалымдар талқылады
18.10.2019 18:23 2253

Бүгін елордалық Достық үйінде Мемлекет тарихы институтының «Деректану, тарихнама және Отан тарихы» бөлімі және Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасындағы этносаралық қатынас тәжірибесі: аймақтық халық ассамблеялары мен Достық үйлері қызметі архив деректерінде» атты ғылыми семинар өтті.

Аталған іс-шараға ҚР БҒМ Ғылыми кеңесі мен Мемлекет тарихы институтының ғалымдары, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА мүшелері қатысты. Ғылыми семинарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы және Қазақстан Республикасындағы ұлттық мәселе, Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің қызметі, Қазақстан Республикасы аймақтық көші-қон мәселелері және тағы да басқа тақырыптар қамтылды.

Семинарды ашқан Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының меңгерушісі Ләззат Құсайынова Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында құрылған халықтар достығы мен татулығының айқын көрінісі - Ассамблеяның ел дамуымен бірге әлеуетінің артқанын да айтып өтті. «Этносаралық келісім – Қазақстанның өркендеуінің кепілі» тақырыбында баяндама жасаған мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Жапсарбай Қуанышев институт ғалымдарының Қазақстанның ішкі, сыртқы саяси жүйесіне, экономикалық, мәдени саясатына зерттеу-талдау жұмыстарын жүргізгенін, және оның қорытындыларының шетелдік беделді басылымдарда жарияланғанын тілге тиек етті. «Қазақстанның ұлтық саясаттағы ұстанымы елде саяси, экономикалық тұрақтылықты сақтап, халықтың біртұтастығын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Біз бүгін бейбітсүйгіш елде тұрғанымызды мақтан етеміз және балаларымыздың, немерелеріміздің ертеңінің жарқын боларына сенімдіміз», - дейді Жапсарбай Ілиясұлы. Ассамблеяның құрылуы мен оның тарихнамасының, деректер қорының қалыптасуы туралы тоқсаныншы жылдары басталған бұл істің басы-қасында болған Мемлекет тарихы институтының бөлім бастығы, профессор Ғани Қарасаев мәлімет беріп өтті. «Тілі мен түрінің бөтендігіне қарамастан, бір шаңырақ астында бас қосып, бір мақсат, бір мүддеге жұмылған, Қазақстанды ортақ отаным деп таныған ұлттардың бүгінгі күні елдің дамуына үлес қосуға деген ұмтылысы оның мемлекет құраушы ұлттың тілін, дәстүрін үйренуге деген ұмтылысында көрініс табады», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этномәдени орталығының Төрағасы Шерзод Пулатов. Осы тақырып аясында сондай-ақ, тарих институтының қызметкерлері Марал Қалиева, Алима Ауанасова, Құндызай Ерімбетова, Жабай Қалиев, Қанат Еңсенов баяндама жасады.

Сонымен қатар, дөңгелек үстел барысында аймақтардағы Достық үйлерінің қоғамдық саяси қызметі, архив деректері сарапқа салынды.

Бөлісу:

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға