Жаңалықтар

Достық - біздің туымыз!

Президент Жарлығымен 2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды. Бүтіндей бір жылды Ассамблеяға арнаудың себебі не?
09.02.2015 04:35 5604

Достық - біздің туымыз!

Президент Жарлығымен 2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды. Бүтіндей бір жылды Ассамблеяға арнаудың себебі не? Осы бастамалардың мән-маңызы жайында Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Еркін ҚАДЫРҒАЛИЕВПЕН тілдескен едік.

- Еркін Забирұлы, алдымен өңірдегі этносаралық ахуалға тоқтала кетсеңіз?

- Бүгінде облыста 91 пайыз қазақтар, 33,6 мың орыс, 2,9 мың кәріс, 2,3 мың  татар, 1,1 мың өзбек өмір сүруде. Ал, қалғандарының саны  мыңнан төмен. Облыстық мәслихат құрамында А.Думлер, Ю.Кустадинчев, қалалық  мәслихатта     орыс,   кәріс    ұлтының     өкілдері –  С.Страмусова, А.Ким қызмет етуде.  Бұл өңірдегі 17 этномәдени  бірлестіктің  Ассамблея  құрамында  қоғамдық өмірге белсене араласып отырғанын көрсетеді. Атырау облысындағы этносаралық ахуал тұрақты, тату-тыныш болып сипатталады.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев әр жылдардағы дәстүрлі Жолдауларында елдегі тұрақтылық, этносаралық татулықтың маңызына тоқталып, назардан тыс қалдырған емес. Бұл әрбір азаматын бауыр еті баласындай бауырына басқан ыстық Отанымыздың гүлденуіне жол ашып келеді.

- Басқа ешбір елде мұндай институт жоқ қой. Елбасының бастамасымен қолға алынған бұл идея елімізге не берді?

- 1995 жылдың 1 наурызында тәуелсіз еліміздің тарихында «Қазақстан халқының Ассамблеясы» атты жаңа институт пайда болды. Сол бір кезең, яғни, тоқсаныншы жылдар егемендігін енді алған ел үшін оңай кезең емес еді. Мемлекетімізді аяғынан тік тұрғызу үшін қыруар күш қажет болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басты мақсаты – жаңа мемлекеттің, алдымен, экономикасын көтеру болғаны белгілі. Бірақ, бұл мақсатқа бірліксіз, ынтымақсыз қол жеткізу мүмкін еместігін әу баста айқындап алды. Осы орайда, бастаманың мән-маңызын ұғынған еліміздің барлық облысы идеяны іліп әкетті.

Сонау 2007 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілген уақытта Ассамблея конституциялық статус алып, оның мүшелері Парламент Мәжілісіне сайланатын болды. Дәл мұндай тәжірибе басқа елдерде жоқ. Міне, осындай саясаттың нәтижесінде елдегі ұлттар бір идеяға бірігіп, 130-дан астам ұлт пен ұлыс бірлікте өмір сүруде. Бұл — Елбасы бастамасымен қолға алынып, жүргізіліп отырған саясаттың нәтижесі. Өзге мемлекеттерде мұндай институт жоқ, өзіңіз айтқандай. Рас, кезінде «Қазақстан көпұлтты мемлекет, ол бір ел бола алмайды, ұлттар жан-жаққа тартып, мемлекет тарап кетеді» деген пікірлер болды. Алайда, дұрыс жүргізілген саясаттың нәтижесінде  бұл пікірлер жоққа шықты. Бүгінде бізде барлық ұлттар мен ұлыстарды біріктіретін идея қалыптасты.

- Күні кеше бұқараға арнаған «Нұрлы Жол» Жолдауында Мемлекет басшысы «2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы» деп атап өткен болатын. Осы орайда, Жаңа жылдағы жоспарларыңызды да біле отырсақ?

- Мемлекет басшысы әр жылдардағы Жолдауларында, Ассамблеяның дәстүрлі сессияларында, жақын арада жарияланған  «Тәуелсіздік толғауында» да    егемендігіміздің беріктігінің негізінде қоғамдағы бірлік пен татулық жатқанын айтты. Және  әлемнің кейбір елдеріндегі тұрақсыздық тудырып отырған алауыздыққа жол бермеу, ондай оқиғалардың біздің әрбірімізге сабақ болу керектігі, экономикалық даму, тұрақты өмір тек бейбітшілік пен келісімнің арқасында ғана болатын құндылықтар екендігін тілге тиек етті.

Алдағы жылы ел Конституциясының қабылданғанына және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толады. Осыған орай, Ассамблеяның ХХІ сессиясы барысында Елбасы 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялады. 29 тамызда Мемлекет басшысының Жарлығы қабылданды. Бұл Жарлық бойынша бүгінде үкіметке ұлттық жоспардың жобасы ұсынылды.

Облыста да алдағы Ассамблея жылын ел үшін атқарған ісімізді халық арасында насихаттап, мән-маңызын ашып көрсету басты назарға алынады. Этносаралық қатынас, ынтымақ пен келісім тұрғысында ассамблеяның алар орны айшықталып, көпке жеткізіледі. Мәселен, қазақстандық этностар өкілдерінің кітаптарын шығаруды, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медальдарын тапсыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, облыстық қазақ драма  театрының Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған қойылымдарымен гастрольдік сапарларға шығуларын ұйымдастырмақпыз. 2015 жыл «Астана — бейбітшілік пен келісім қаласы» атты ұранмен өткізілетін болады. Осыған орай, «Астана – бейбітшілік пен келісімнің қаласы» атты этностардың күндерін өткізу де жоспарда бар.     

Бүгінгі таңда Атырау облысын мекен еткен жүзге жуық ұлт пен этнос өкілдерінің басын қосқан 17 этномәдени бірлестік белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Алайда, этномәдени бірлестік мүшелері 2005 жылдан бері бас қосатын бір орынның қажеттігін алға тартып келген еді. Жылқы жылында  «Достық үйі» ашылып, этномәдени бірлестік өкілдері достық шаңырағы астында кейінгі буынға ұлттық салт-дәстүрін дәріптеп, тілін үйретіп, тарихымен таныстыруда. Өшкенін жаңғыртып, мол мұрасын өскелең ұрпағына аманат етуде.


Әңгімелескен Рита ӨТЕУҒАЛИ

Ақпарат дереккөзі: atr.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға