«Дос-Мұқасан» тобының солисі Ақжол Мейірбеков қайтыс болды

Әнші, музыкант, «Дос-Мұқасан» ансамблінің солисі Ақжол Мейірбеков дүниеден өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. Суық хабарды Stan.kz ақпарат агенттігіне әншінің қызы растаған.
Әнші 1950 жылы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласында дүниеге келген. 1978 жылы «Дос-Мұқасан» ансамбліне қабылданады да, 1985-1994 жылдары Алматы облыстық филармониясының «Арқас», «Сазген», «Адырна» ансамбльдерінде ән салған. Әнші 1994-1996 жылдары «Гүлдер» ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі директоры болды.
Ал 2001 жылы «Ақжол» ән-театрын құрды. Музыкант 2010 жылы қайтадан «Дос-Мұқасан» тобына оралып, осы күнге дейін ансамблдің әншісі болды.
Ол Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, құрмет орденінің иегері және ерен еңбегі үшін медалінің иегері атағына ие.
Мейірбеков Шарипа ханымға үйленіп, сол некесінен 1 қыз, 2 ұл сүйді. Луиза, Сұлтан және Тимур есімді балаларынан 8 немере мен 1 шөбере көрді.
