Жаңалықтар

Дос Көшім: Мемлекет атауы «Қазақ Республикасы» болуы керек еді

Дос Көшім: Мемлекет атауы «Қазақ Республикасы» болуы керек еді
Фото: ©El.kz/Бейбарыс СҰЛТАНҰЛЫ 20.06.2023 14:20 1349

Қостанайда белгілі саясаткер, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Дос Көшім қала жұртшылығымен кездесу өткізді. Жиынға ономастика мәселелері арқау болды...

Таяуда ғана өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек», - деген пікір білдірді. Расымен де, бұл «қазаны оттан түспеген» мәселелердің бірі. Әсіресе, елдің солтүстік аймақтарында әлі күнге өзекті. Тобыл-Торғай өңіріне іссапармен келген Дос Көшім осы түйткілдер төңірегінде әңгіме қозғады. Сондықтан өзін көпшілікке саясаткер емес, тіл маманы ретінде таныстырып, сауалдар мен пікірлер де осы тақырып айналасында болуын сұрады.

Өзім, жасыратыны жоқ, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына келсем, Ресейдің елді мекендерін аралағандай боламын. Ауыл, елді мекендердің, көшелердің және басқаларының орыс тіліндегі атауларына көз тұнады. Олардың ішінде жөндісі де, жөнсізі де бар, - дейді Дос Көшім. - Біздің осы іссапарымыздың мақсаты – жер-су, елді мекен атауларын өзгертіп кету емес, ономастика саясатының қазіргі жағдайын, проблемаларын талқылау. Көп жерде жаңа атаулар пайда болып жатыр, бұрынғылары өзгеру үстінде. Осыған байланысты халық арасында сұрақ өте көп, біз соған жауап беруге, кейбір мәселелерді түсіндіруге келдік.

Қоғам қайраткері елдегі ономастиканың хронологиясына тереңінен тоқталып, бұл үрдіс мемлекет атауын өзгертуден басталғанын айтты. Одан кейін әр өңірде кеңес дәуірінен қалған, тарихи санамызға қайшы келетін атауларды ауыстыру жұмыстарының қалай жүргізілгенін баяндады.

1991 жылға дейін еліміздің атауы Қазақ КСР-і болғанын бәріңіз білесіздер. Тәуелсіздік алған соң «кеңестік социалистік» тіркемесі алынып тасталды. Бірақ «Қазақ республикасы» емес, парсының «стан» сөзі жалғанды. Негізінде, қисын бойынша да, заң тұрғысында да «Қазақ республикасы» болуы керек-тін. Бұның кімге ұнамағанын білмеймін... Таяуда әлдебір бильбордтан «Сан ғасыр ата-бабамыз аңсаған Қазақстанға қолымыз жетті» дегенге ұқсас мәтін көрдім. Ата-бабаларымыз Қазақстан емес, Қазақ елінің дербес болуын аңсады емес пе, олар «стан» жалғауының пайда болатынын қайдан білсін? Сондықтан біздің ономастикаға жасаған алғашқы қадамымыз менің көңілімнен онша шыққан жоқ. Бірақ заңды мойындауымыз керек, бекітілген, қоғам болып қабылдаған ел атауына құрметпен қарауымыз керек. Бәлкім, алдағы уақыттарда қайта қаралатын да шығар. Ал әзірге ономастика бағытында бұдан да бөлек мәселе жетіп-артылады, - дейді Д.Көшім.

Ол елді мекендерге, көшелерге әлдекімдердің ата-бабаларының, әке-ағаларының есімін тықпалауына тыйым салу керек, тіпті жаппай танымал тұлғаларымыздың атын беру науқанына да сын көзбен қарайтын кез келді деп есептейді. Сондай-ақ, Қазақстанға еш қатысы жоқ,  өмірінде қазақ даласына келіп көрмеген әлемдік тұлғаларға көше беріп, ескерткіштерін сала берудің де жөні жоқ деген пікірде. Онысыз да кеңестік жүйе белден басып енгізіп жіберген, қазақ халқына зияны тимесе, пайдасы болмаған небір «қаһарманның» аты-жөндерінен жер-су аттарын аршып ала алмай жатырмыз. Бірақ, қалай десек те, бұл салада ілгерілеу жоқ емес.

Ономастиканың сіздер білулеріңіз керек үш бағыты бар. Біріншіден, бізді орыстандыру саясатымен енгізілген, ескірген идеологиялық атаулар алынып тасталып жатыр. Екінші, «Комсомол», «1 май», «Қызыл ту», «Октябрьский», «Ленин» деген секілді большевизм кезінде, тоталитарлық жүйе тұсында қойылған коммунистік идеология атаулары өте көп. Бұлар да жайлап жойылу үстінде. Үшіншісі – тарихи атауларды қайтару процесі. Бұл да архивтік құжаттар, деректі негіздемелер аясында іске асады, - дейді қайраткер.

Жалпы, оның пікірінше, қазақ қоғамын біріктіретін басты екі фактор – тіл мен тарих. Ал қазақ даласында ана тілімізде ныспыланбаған жер жоқ. Ата-бабаларымыз осы байтақ сахарада әр қоныс, әрбір өзен-көл, бұлақ пен мекен-тұрақты атаусыз қалдырмаған. Қазақ жеріне қоныстанған өзге ұлт өкілдерінің "атын біз қойдық" деп жүргені негізсіз. Демек, бұл біздің әлі де тарихи тұрғыда көп жұмыс істеуіміз керек екенін көрсетеді. Мұндай мәселе Тобыл өңірінде де өте өзекті. Бұл істе өлкетанушылар мен география қоғамының алдында қыруар шаруа тұр. Осылай дейді Дос Қалмаханұлы...

Осы отырыста Ахаң атындағы ҚМУ профессоры, қоғам белсендісі Қалқаман Жақып та осы мәселе төңірегінде ой қозғады. Ол Дос Көшімнің ойын сабақтап, Қостанай облысындағы ономастикалық ахуалды сөз етті. Көрермендер де спикерге сұрақтарын қойып, көзқарас-пікірлерін ортаға салды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға