Жаңалықтар

Dombyra Party-ді көруге арнайы Швециядан келген қонақпен сұхбат

Елімізге танымал Dombyra Party іс-шарасының ұйымдастырылып жатқанына 3 жылдан аса уақыт болды.
16.09.2014 14:17 3688

Елімізге танымал Dombyra Party іс-шарасының ұйымдастырылып жатқанына  3 жылдан аса уақыт болды. Еуропа елдерінде оқып жүрген қазақ студенттерінен бастау алған бұл іс-шара бірқатар Қазақстан жұлдыздарының назарынан тыс қалмады. МузАрт тобы, Есен Елеукен, Сон Паскальмен қатар, Dombyra Party-ді тамашалауға елімізге Швеция мемлекетінен келген Ларс Аке Йоханссон де қосылды. Ларстан алған сұхбатымыз:

Нұрғазы Абжанов: Өзіңізді таныстырып өтсеңіз, Ларс? Қай елден қандай мақсатпен келдіңіз?

Lars Ake: Мен TeliaSonera компаниясының өкілімін, Швециядан келдім. Біздің компанияның Еуразиядағы 7 түрлі мемлекетінде өкілдігіміз бар, олардың ішінде Қазақстанда жұмыс істейтін Kcell компаниясы бар. Менің Қазақстанға келген себебім, мен TeliaSonera атынан әр түрлі мемлекеттің қызықты деген мәдениетін аудио, видео таспаға жазып, басқа мемлекеттің адамдарымен бөлісемін. Мобильді болу адамдарға қаншалықты үлкен көмек алып келе алатындығын көрсеткім келеді. Әлеуметтік желілердің адамдарға қаншалықты көмегі бар екендігімен де бөліскім келеді. Facebook сияқты желілерді әр мемлекеттің мәдениетін таратуға, сөйлесуге болатындығы жайлы фильм түсірмекші ойым бар. Сол себепті мен Қазақстандамын.   

Нұрғазы Абжанов: Бұған дейін қанша мемлекетте болдыңыз?

Lars Ake: Непал, Тәжікстан және бұған дейін Алматыда бір рет болдым. Одан бөлек, Әзірбайжан мен Грузия мемлекеттерінде де болдым.

Dombyra Party-ді көруге арнайы Швециядан келген қонақпен сұхбат

Нұрғазы Абжанов: Домбыра жайлы Қазақстанға келмей тұрып естігенсіз бе?

Lars Ake: Жо-жоқ. Осы бірінші рет көріп, дауысын естіп тұрмын.

Нұрғазы Абжанов: Кімнен, қайдан естідіңіз?

Lars Ake: Маған бұл Dombyra Party жайлы әріптестерім айтып берді, олардың ішінде Kcell өкілі – Аслан Әбжаков болды (жанындағы қазақ жігітті көрсетіп). Маған бұл оқиға өте қызық болып көрінді, сондықтан келуім қажет деп шештім.

Нұрғазы Абжанов: Домбыраның үні ұнады ма? Қалай әсер етті? 

Dombyra Party-ді көруге арнайы Швециядан келген қонақпен сұхбат

Lars Ake: Ия, ұнап жатыр, дауысы тамаша екен. Бұған дейін естіген аспаптарымнан өзгеше. Кеше Асланмен жылқыларды көріп, суретке түсіруге бардық.  Қатты ұнады.

Нұрғазы Абжанов: Сіздің ойыңызша, осы домбыра сияқты Қазақстанның, жалпы Шығыстың мәдениеті Батыс адамдарын қызықтыра ма? Неге?

Lars Ake: Ия-ия, меніңше батыстық адамдарға бұл өте қызық. Себебі, ол жақтың адамдары бұл жаққа келмеген, жергілікті мәдениет туралы тіпті естімеген. Әдетте ұшақпен Қазақстанның үстінен ұшып өтеміз, бірақ төменде қандай мәдени байлықтың жатқандығын аңғармаймыз. Мысалы, Швециядан Қазақстанға келген адамды кездестірмеппін. Мүмкін жұмыс бабымен келгендер көп шығар, бірақ демалуға келушілер өте аз. Сондықтан Қазақстан мәдениеті Батыс халқтарына тың және қызық.

Нұрғазы Абжанов: Тағы бір сұрағым, гитара аспабы осыдан 3 ғасыр бұрын ғана ойлап табылған, ал домбыра болса одан 3-4 есе ертерек пайда болған. Оған қарамастан, әлемде домбыраға қарағанда гитараны көбірек таниды. Себебі неде деп ойлайсыз?

Lars Ake: Білуімше гитара Испан елінде ойлап табылған, яғни Еуропада. Өзіңіз білетіндей, Еуропа тығыз орналасқан. Сондықтан ол аспаптың тарауына да, дамуына да домбыраға қарағанда көбірек мүмкіндігі болды деп ойлаймын. 

Dombyra Party-ді көруге арнайы Швециядан келген қонақпен сұхбат

Нұрғазы Әбжанов: Қазақстаннан кейін қай жаққа бармақ ойыңыз бар?  

Lars Ake: Алдымен Швецияға ораламын. Одан кейін мүмкін Тәжікстанға барамын. Сол жақтан бір жаңа оқиға таптым. Бірақ бұл жоспарым келесі жылға қалады. Күн суық қой, мүмкін көктемде баратын шығармын.  

Нұрғазы Абжанов: Астананың ауа райы қалай? Суық емес па?

Lars Ake: Жоқ, мен Швецияның солтүстігінен келдім. Ол жақта да ауа райы қазір салқын. Шамамен 10 градус.

Нұрғазы Абжанов: Домбырада ойнап үйренгіңіз келмей ме?

Lars Ake: Маған қиын болатын сияқты. Негізі өзім аспаптарда ойнағаннан гөрі, жай тамашалағанды жақсы көремін. Бұрын гитарада ойнағанмын, жаңа аспапта ойнауға үйрену үшін  кәрімін деп ойлаймын (күледі).

Нұрғазы Абжанов: Берген сұхбатыңызға көп рахмет, Ларс, еліңізге аман-есен жетіңіз. Біз кофе ішуге кеттік.  

Lars Ake: Сізге де рахмет!

                                                     Мақаланы дайындаған: Әлібек Қисыбай, Нұрғазы Абжанов

                                                     Фотолардың авторы: Солтан Жексенбаев 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға