«Алып – анадан туады» деген жақсы мақал бар халық арасында. Өз заманында халықтың анасы атанған абзал жан – Домалақ ана кесенесі «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасына енген қасиетті мекен.
Тарихта Домалақ ана туралы сан алуан аңыз бар. Алдымен «Қазыналы Оңтүстік» жинағына енген деректерге тоқталып көрейік. Онда: «Домалақ ананың шын есімі Нұрила. Тарихи деректерге сенсек, 1378-1456 жылдары өмір сүрген. Түркістандағы Иасы қыстағында дүниеге келген. Мақтым Ағзымның жалғыз ұлы ержүрек батыр Ақсақ Темірдің қарамағында әскер басқарған Әли Сланның қызы. Шешесінің есімі Нұрбике – уәйіс ханның апасы еді. Домалақ ананың әкесі Әли Слан 1388 жылы Ақсақ Темір әскерінің құрамында Алтын Ордаға аттанарда әйелі Нұрбике мен Нұриланы (Домалақ ана), Түркістандағы әкесі Мақтым Ағзам қожаның үйінде қалдырады. Бірде Түркістан маңындағы Қарашық өзенінде суға түсіп жатқанда Нұрбикені жылан шағып өлтіреді. Әкесі әскерден келмеген, анасынан тірідей айырылған Нұрила бабасы Мақтым ағзамның тәрбиесінде өседі. Мақтым Ағзам Қожа Ахмет Иассауидің қызы – Гауһар бибінің ұрпағы еді. «Нұрила» – арап сөзі, қазақша «Алланың нұры» деген ұғым береді. Нұрила (Домалақ ана) – Бәйдібек бабамыздың үшінші әйелі» деген деректер кездеседі.
Осы кітапта жазылған келесі деректерге назар салсақ, Домалақ ананың адамгершілігі, әдептілігі, парасаттылығы мен шыншылдығы және аналық қасиетінің арқасында «Домалақ ана» аталуы жайлы көптеген аңыздар жазылған. Нұрила ана 1456 жылы 28 мамырда қайтыс болған. Басына төрт қанатты күмбез орнатылыпты. 1906-1908 жылдары Ресейден қоныс аударып келген орыстардың тобыры күмбез-ескерткіштерді бұзып талқандап жіберді. 1908 жылдың жазында ақын орынбай Тайманов (1867-1949) жаңа ескерткіш күмбез салдырды. 1942-1943 жылдары Шошқабұлақтың тұрғын орыстары, кәрістері тағы да бұзып тастайды. 1957 жылы тағы да жаңа күмбез салынады. 1998 жылы Домалақ ана кесенесі жаңартылып, 2000 жылы айналасын көркейту-көгалдандыру жұмыстары аяқталды. Домалақ ананы ай келбетті ақылгөйлігі мен күн дидарлы мейірбандығы және кіндігінен өрбіген ұрпағының кең етек жаюына орай Жетісу, Әулиеата, Шымкент, Ташкентті мекен еткен барлық халықтың анасы саналады. Домалақ ана – ең алдымен, Алланың нұры төгіліп, ұрпағы бірнеше тайпаға айналған елдің анасы. Домалақ ана кезінде батыр әрі би болған тарихи тұлға Бәйдібектің үш әйелінің бірі болған. Бүгінгі Албан, Суан, Дулат тайпалары Бәйдібектің Домалақ анадан туған Жарықшақ деген ұлының кіндігінен тараған. Ел аузындағы әңгімелер мен зерттеу еңбектерде Домалақ ананың өмірі мен өмір сүрген кезеңі жайлы күні бүгінге дейін жүйеге түскен пікір, тоқтам жоқ. Тіпті, «Түркістандағы Яссы қыстағында дүниеге келген» деген тұжырым болғанымен ананың азан шақырып қойған аты туралы да түрлі пікірлер бар. Мәселен, Кенен ақын Домалақ ананың шын атын Бибісара деп атаса, шежіреші И.Үсіпұлының нұсқасында ол Бибімәриям (ергөбеков Қ, «Бәйдібек баба мен Домалақ ана»1999 Шымкент) деп айтылған. Жүсіпбекқожа Шайқысламның шежіресінде тума атты Нұрбүбі («Қазақ шежірелері») деп көрсетлсе, Диқанбай батырдан жинаған Н.А. Аристов дерегінде ол Нұрила («Қазақ кеңес энциклопедиясы») деп көрсетеді. Шежіреші Көпжасар Мәденұлы баян еткен аңыз-әпсанадан Домалақ ананың аты – Мейір бегім болғанын көреміз. Бәйдібекпен некесі қиылғаннан кейін ол Мейір бибі атанады. Бұл есім парсы тіліндегі шежіре деректерінде Бибі Мэриль (Дүйсенбаев Д. «Домалақ ана») болып көрсетіледі. Домалақ ана басына орнатылған кесене Бәйдібек ауданы Ақбастау ауыл әкімшілігіне қарасты Ақбастау ауылынан үш шақырым оңтүстік-шығыстағы Бала Бөген өзенінің бойында орналасқан. Аумағы 4 гектарлық қорымның айналасы қоршалып, кіреберіс қақпасы алдына түрлі ағаш пен гүлдер отырғызылған. Үлкен қақападан кірген соң, сол қапталдағы тоғайлы алқапқа 2000 жыл 28 сәуірде «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаева ағаш отырғызып, кейін «Аналар аллеясы» деп атаған деседі.
Ал, «Бабалар сөзі» 100 томдығына енген аңыздардың қатарында Домалақ ана туралы бірнеше әпсана ұсынылған. Сол аңыздардың бірінде Нұрила анамыздың атасы Мақтым Ағзамның түс көргендігі айтылады. Түсінде Қожа Ахмет Яссауи баба аян беріп: «Жалғыз немере қызыңа әулиелік дарып, бақ қонады. Оның білегінен кім ұстаса, сол адамға некесін қиып қос! Үбірлі, шүбірлі бақытты болады»,- депті. Ояна кетсе, түсі екен. «Иә, Құдай, осы түсімді Пайғамбардың өзі жорып, Нұрила қызымды бақытты қыла гөр, аумин!» деп бата қылыпты. Ол уақытта Нұрила сегіз жаста болса керек, мешітте дәріс алып жүрген кезі екен. Жылдар жылжиды. Нұриланың жасы он төртке толады. Бір күні Нұрила құдыққа суға барады. Ол уақытта суды түйе мойнақ қауғамен тартатын. Нұрила қауғаны құдыққа түсіріп, су тола түйе мойнақты кері тарта бергенде, шығыр ағытылып кетіп, қауға-мауғасымен қыз терең құдықтың түбіне күмп ете түседі. Бұл жәйтті ойнап жүрген балалар көріп, ауылға хабар береді. Құдық басына елден бұрын жеткен Бәйдібек құдыққа еңкейіп қараса, қыз қауғадан ұстаған күйі су бетінде қалқып тұр екен. Нұриланы құдықтан тартқан Бәйдібек қыз құдық аузына жеткенде білегінен ұстап, шығарады. Мұздай туға тоңып қалған Нұриланы Бәйдібек шапанына орап, атасының үйіне апарады. Келесі күні Түркістаннан Нұриланың Мақтым атасы келеді. Мәселенің мән-жайына қаныққан ақсақал бірде көрген түсін есіне алып, Қожа Ахмет бабасының аяны бойынша немересінің білегінен кім ұстаса, сол адамға ұзатуы тиіс екенін айтады. Келесі жылы Нұриланы Бәйдібек биге ұзатып, бірнеше күнге ұласқан той болады.
Домалақ ананың даналығы, парасаттылығы туралы тағы бір аңыз «Бабалар сөзі» жинағында ұшырасады. Онда: «Ертеде Сыр бойында Бәйдібек деген бай өмір сүріпті. Екі әйелі болыпты. Тоқалы аласа бойлы, толықша әйел болғандықтан жұрт оны «Домалақ» деп атап кеткен, шын есімі Бүбіжар екен. Бүбіжарды бертін келе ақыл-парасатына қарай ел құрметтеп «Домалақ ене» деп атаған.
Бәйбіше тұрғанда тоқалға күн бар ма? Үлкен әйел күндестігін жасайды. Бірде бәйбіше түнде Домалақ ананың үйіне түйе болып келіп сүйкенеді. Сонда бәйбіше екенін біліп жатқан, Домалақ ене төсегінен тұрмай:
– Атшу-атшу, жануар, түйемісің, мыңға жеткін, қастық еткен адам болсаң, жаман ниетің өзіңді атсын!- деген екен.
Күндердің бір күнінде ауыл көшеді. Бәйдібек бай балаларын ертіп, ертерек қоныс таңдауға кетеді. Бәйбіше Домалақ енені жұртқа тастап кетеді. Біраз уақыттан кейін ауылды шабуға келе жатқан жаудың қарасы көрінеді. Жұртта жалғыз қалған Домалақтан жөн сұрайды. Оларға басқа жол көрсетсе де, жау көштің ізіне түсіп, ауылды шауып, барлық жылқыларын айдап әкетеді.
Кері келе жатып, ескі жұртта қалған Домалақ ананы көріп, жау басшысы аяушылықпен:
– Мына олжадан қалағаныңызды алыңыз,- деп ұсыныс жасайды.
Сонда Домалақ ене:
– Онда, ана жал-құйрығы ұйысқан кәрі арық, сары биені қалдырып кетіңдер, - дейді.
Шапқыншылар сол екеуін қалдырып кетеді. Сол күні түс ауа Бәйдібек ұлдарымен жаудың артынан қуып келеді.
Жолай жөн сұрағанда Домалақ ене:
– Сендер жауды қумаңдар, олар көп, босқа мерт боласыңдар! Мына сары бие тұрғанда жылқы ешқайда кетпейді. Кешке өз аяқтарымен қайтып келеді,- дейді.
Олар Домалақтың айтқанына құлақ аспай жаудың ізіне түсіп, артынан қуып барып, ұрыста бірқатары қаза табады. Ал жылқылар жаудың айдауына көнбей, жан-жаққа бытырап, сол күні кеш қарая сары биеге келіп шұрқырай жиналады.
Міне, осындай көптеген тапқыр да ақылды істері арқасында Домалақ ана халық арасында аңызға айналып, үлкен беделге, сый-құрметке ие болған деседі.
Домалақ ана бұлағы
Домалақ ана бұлағы Домалақ ана кесенесінен 700 метр оңтүстікте орналасқан. Бала Бөген өзені бойында 3,5 х 2,0, биіктігі 1,0 метрлік бұлақ көзі көк гранит таспен қоршалған. Қабырғасының қалыңдығы – 0,40 метр. Өзен жағасындағы алқап темірмен қоршалып, айналасына гүлдер мен ағаштар отырғызылған. Бұлақ суы мен өзен суының ортасындағы 6 метрлік алаңға зиярат етушілер үшін арнайы орын жасалған.
Шырақшы жандар Сұлтанбеков деген азамат бұлақ басын күтіп-баптайды. Шырақшының әңгімесіне қарағанда Домалақ ана толғатып, қатты күйзелген кезде өкшесін жерге шірене тірейді. Сол кезде дүниеге перзент келіп, ананың өкшесі тиген жерден су шығады. Жарықшақ баба солай туылған екен, өкшесі тиген жерден шыққан суға баласын жуындырып, ананың өзі де осы сумен тазаланады. Міне, содан бері бұлақ көзі тартылмай, келіп-кетушілердің зиярат орынына айналады. Талай адамдар бұлақ суынан шипа тауып, арнайы алыстан ат терлетіп келіп жатады. Ел аузына аңыз болып тараған бұлақ суының шипасы мол, ел қасиетін жоғары бағалайды. Бұлақ суының қасиеті – көз, ішкі ағза ауруларына, қол мен денеге шыққан аллергия, қышыма, ұшынған сияқты тағы басқа түрлі жараларға шипа. Аяқ-қол қақсағанға, елірме мен қояншық ауруына шалдыққандарға дауа. Арқалы адамдардың ашуын тез басып, сабасына тез түсіреді. Шаршаған жанды сергітіп, суына жуынған соң, денені қыздырады. Судың басты қасиеті – адам бойын тазартады.