Жаңалықтар

ДНҚ-сараптама қылмыспен күресте жаңа құрал

ДНҚ деректер базасын құру бүкіл әлемде өзекті мәселе болды.
 ДНҚ-сараптама қылмыспен күресте жаңа құрал
Фото: onco.kz 23.09.2022 10:30 3471

Астана қаласында молекулярлық генетика саласындағы отандық және шетелдік ғалымдар, құқық қорғау және сот органдарының практикалық қызметкерлері қатысқан алқалы жиын болып өтті. Бұл ұйымдастырушылардың бағалауынша, Қазақстанда ДНК деректер базасы бағдарламасын іске қосу. Шараның ұйымдастырылуына ҚР Ішкі істер министрлігі мен Әділет министрлігі мұрындық болған. 

Мұнда криминалистикалық ДНҚ деректер базасын құру және жәбірленушілердің құқығын қорғау жөніндегі халықаралық эксперттер өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтар болсақ, АҚШ ДНҚ деректер базасының қалыптасуы мен дамуы туралы Хельсинки университетінің криминалистік медицина факультетінің профессоры Брюс Будоул, БАӘ ДНҚ сарапатамасының кезеңдік дамуы туралы БАӘ-нің Халықаралық криминалистика орталығының директоры Рашед Альгафри, Интерполдың әлем бойынша ДНҚ деректерін жинау бойынша қызметі туралы Интерпол халықаралық қылмыстық полиция ұйымының ДНҚ бөлімшесінің үйлестірушісі, философия докторы Сьюзан Хитчин баяндады.

Сондай-ақ, Қазақстан тарапынан ДНҚ деректер базасының қазақстандық жобасы туралы ҚР ІІМ-нің жедел-криминалистік бөлімінің басшысы Серік Садықов және Қазақстанда қылмыстық тергеу барысындағы ДНҚ криминалистік сараптамасы туралы ҚР Әділет министрлігінің сараптама қызметін ұйымдастыру бөлімінің директорының орынбасары Руслан Сатыбалдиев қатысып, мәліметтер берді.

Қазақстан Орта Азияда бірінші болып ДНҚ базасын құрды

Байқағаныңыздай, бүгінде ғылымның қарыштап дамуы криминалистика тәжірибесіне адамның жеке басын тап баспай анықтайтын жаңа тәсілді енгізді. Қазақстан алғашқылардың қатарында ТМД елдерінде баламасы жоқ ДНҚ генетикалық зертханасын 2006 жылы ашқан болатын. Жалпы Қазақстан Орта Азия елдерінің арасында бірінші болып ДНҚ деректер базасын қалыптастыру бойынша жұмысқа бел шеше кіріскен ел. Ал 2014 жылы генетикалық зертхана Астана қаласына Ішкі істер министрлігінің жанына ауыстырылды. Бүгінде ДНҚ сараптамасы қылмысты ашуда 60 пайызға дейін сәйкестік беретін бірден-бір нәтижелі құралға айналып отыр. Әлемнің 51 елінде ДНҚ деректер базасы қалыптастырылған. Қазақстан солардың қатарында.

«ДНҚ деректер базасын құру бүкіл әлемде өзекті мәселе болды. Неге десеңіз, саусақ ізін анықтау, фоторобот секілді бұрынғы дәстүрлі тәсілдердің нәтижелілігі төмен бола бастады. Себебі, қылмыскер бетіне бетперде, қолына қолғап киіп алуы мүмкін. Біздер одорология жаңа тәсілін енгізген болатынбыз, бұл иіс туралы ғылым, алайда, кәнігі қылмыскерлер қылмыс жасамас бұрын оған дайындалады, ізін жасыратын әрекеттер жасайды. Сондықтан, біз әлемнің озық үлгілі тәжірибелерін зерттей келе, 2006 жылы Алматы қаласында генетикалық лаборатория аштық. Оның жұмысы көп ұзамай-ақ, нәтижелі екенін байқатты. Ауыр қылмыс жасағандардың деректер базасын қалыптастырдық, олардың есебін жүргіздік. 2014 жылы Астана қаласында генетикалық зертхана ашылды. Оларды озық заманауи жабдықтармен жарақтандырдық. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заң күшіне енді. Яғни ауыр қылмыс жасаған адамдардың барлығы бірдей генетикалық есепке алынды. Базаның қамту саны кеңейген сайын, біздің мүмкіндігіміз де арта береді. Алайда, қазірдің өзінде біз белгілі бір деңгейде нәтижені көріп отырмыз. Алдағы уақытта мұндай генетикалық зертханаларды әр аймақта ашу туралы жоспарда бар, себебі, қазірдің өзінде мемлекет тарапынан бұл бағыттағы жұмыстарды дамытуға басым көңіл бөлінуде», - дейді ҚР ІІМ-нің жедел-криминалистік бөлімінің басшысы Серік Садықов.

 

ДНҚ сараптамасы жазықсыз адамды арашалайды

Расында, ДНҚ сараптамасы арқылы қылмыскерді анықтау арқылы әділеттілік орнатуға қол жеткізілуде. Мәселен, симпозиумға Американың Техас штатынан онлайн қосылған Эшли Спенс есімді ДНҚ сараптамасының қолдаушысының өмірінде болған оқиға медицина мен криминалистиканың дамуындағы прогресті айғақтайды.

19 жасында бетін бүркемелеген белгісіз қарақшының құрбанына айналып, өз үйінде зорлық көрген америкалық Эшли Спенс өз жәбірлеушісінің оқиға өткеннен кейін 7 жылдан кейін ДНҚ деректер базасы арқылы анықталғанын айтып берді. 

«Мен оның түрін білмегендіктен жазықсыз адамды соттатудан қорықтым. Ал маған зорлық көрсеткен адам осы күнге дейін меннен бірнеше квартал ғана қашықтықта өмір сүріп келіпті. Ол тағы бір қылмыс үстінде 7 жылдан кейін ұсталды, осылайша одан ДНҚ сараптамасы алынады, одан алынған сараптама осыдан жеті жыл бұрын меннен алынған сараптама нәтижесіндегі хромосомамен сәйкес келіпті. Мен жеті жылдан кейін өзіме зәбір көрсеткен адамды көрдім және оның енді ешкімге зиян тигізе алмайтындығы үшін қуандым. ДНҚ өте мықты технология, ДНҚ сараптамасын алуға 90 минут қана жеткілікті. Біз қылмыскерді құрықтау арқылы ол жасауы мүмкін тағы бір қылмыстың алдын аламыз. Сондай-ақ, кінәсіз адамдардың ағат айғақтардың кесірінен түрмеге тоғытылуына жол бермейміз. Әлемде қаншама адамдардың жазықсыз түрмеде отыруы да мүмкін ғой. ДНҚ нақты нәтиже екеніне көзім жетті. Ол мен секілді ауыр қылмыс құрбанына қатысты әділеттікті орнатты», - дейді Эшли Спенс.

 ДНҚ-сараптама қылмыспен күресте жаңа құрал

Жалпы симпозиумда тәжірибесімен бөлісіп, ой жарыстырған халықаралық сарапшылардың сөзіне сенсек, соңғы отыз жылда криминалистика мейлінше ауқымды прогрестерге қол жеткізіп үлгерген. Және қазіргі уақытта актуалды құрал ретінде қаарастырылып отырған ДНҚ сараптаманың әлем криминалистикасында құндылығы жоғары. 

«Біздің мақсатымыз адамдарға көмек көрсету. Сол үшін де қылмыспен күресте жаңа шешу жолдары мен заманауи құралдарды ұсынуымыз керек», - дейді Хельсинки университетінің криминалистік медицина факультетінің профессоры Брюс Будоул.

Қазақстан ДНҚ сараптаманың қылмыспен күрестегі өзектілігі мен маңыздылығын ескере отырып, ДНҚ деректер базасын қалыптастыру арқылы бірнеше негізгі мақсатқа қол жеткізуді көздейді. Біріншіден, криминалистикалық тәжірибеге заттай дәлелдемелерді зерттеудің және адамның жеке басын анықтаудың заманауи әдістерін енгізу және сол арқылы қылмыстың ашылу деңгейін арттыру. Екіншіден, сотталғандардың, анықталмаған мәйіттердің, ашылмаған қылмыстар болған жерден биологиялық ізі алынған белгісіз тұлғалардың және хабарсыз кеткен азаматтардың биологиялық туыстарының (жазбаша келісімімен) ДНҚ деректер базасын құру және қалыптастыру. Үшіншіден, ДНҚ деректер базасының болуы құқық бұзушылықтың алдын алуға және алдын алуға, қылмыс жасаған қылмыскерлерге қатысты әділ сот төрелігін жүзеге асыруға, жазықсыз адамдарды ақтап, қылмыс құрбандарының құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.

«2021 жылғы 1 қаңтардан бастап геномдық тіркеу бөлігінде күшіне енген «Дактилоскопия және геномдық тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын әзірлеу кезінде біздің департамент халықаралық тәжірибені (Еуропа, АҚШ, Қытай, Австралия, Жаңа Зеландия және Азия) зерттеп-зерделеді, бұл елдерде ауыр қылмыс жасағаны үшін қамауға алынған және сотталған әрбір адамнан ДНҚ жиналады және ашылмаған қылмыстардың ДНҚ деректер базасымен салыстырылады екен. Біз қылмыскерлердің ДНҚ-сынан бөлек, хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздестіру және белгісіз мәйіттерді анықтау мәселесіне де назар аударып отырмыз. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, геномдық тіркеуді жүзеге асыру механизмінің толық жұмыс істеуі үшін геномдық тіркеу процесін реттейтін заңнама, автоматтандырылған ДНҚ деректер базасы, осы салада білікті мамандар, материалдық-техникалық жабдық (зертхана жабдықтары, реагенттер және шығыс материалдары) болуы керек. Бұл тұрғыда Ішкі істер министрлігі ДНҚ зертханасын құру кезінде мұның барлығын ескергенін атап өткім келеді», - дейді Серік Садықов.

Және бір назар аударарлық мәселе, Қазақстанда тірі адамнан биологиялық материал ретінде оның ауыз қуысынан сілекейінің үлгісі алынады. Бұл біріншіден, қауіпсіз және қан үлгісін алу секілді арнайы білімнің болуын қажет етпейді. Екіншіден, сарапшылардың айтуынша, сілекей үлгілеріндегі ДНҚ мөлшері адамның сапалы ДНҚ профилін алу үшін жеткілікті. «Біздің департаменттің зертханасында ДНҚ зерттеу процесі екі технологиялық бағытты қамтиды. Бұл тікелей ДНҚ амплификациясы немесе түсініктірек қылып айтсақ, тірі адамдардың биологиялық материалын зерттеу және екінші бағыты - қылмыс орындарында қалдырылған биологиялық іздерді немесе жеке басы анықталмаған мәйіттердің үлгілерін зерттеу. Осылайша бөлу арқылы біз ДНҚ-ның айқаспалы ластануын (контаминациясын) болдырмаймыз. Зертханадағы көптеген процестер роботтық станцияларды қолдану, үлгілерді штрих-кодтау және автоматтандырылған ДНҚ деректер базасын пайдалану арқылы толығымен дерлік автоматтандырылған», - деген Серік Садықов Қазақстан тәжірибесін Орта Азия аумағындағы басқа елдерге ұсыну және сол арқылы олардың өз мемлекеттерінде геномдық тіркеу базаын қалыптастыруларына мұрындық болу туралы ойымен бөлісті.

Бір тал шаш қылмыскерді тауып берді

Брюс Будоул ДНҚ сараптамасының қылмыстың алдын алуға ықпал ететінін айтады. Мәселен, ДНК сараптамасы арқылы бір рет қылмысы әшкереленген қылмыскер екінші қайтара қылмысқа баруға қорқасоқтайтын болады. Ал егер қылмыскер қандай да бір жолмен қылмысқа қайта қолын былғайтын болса, оны деректер базасында есепке алынған ДНҚ биоматериалы арқылы тез-ақ анықтауға болады. Қазақстан бұл бағытта әлі де оның тетіктерін жетілдіру үстінде. Десе де, ДНҚ деректер базасының бүгінгі күннің өзінде қылмысты әшкерелеуге септігі тиюде. Мәселен, әйел адамның өліміне алып келген ауыр қылмысты ашуға ДНҚ сараптамасы арқылы ғана қол жеткізілді. Қылмыскердің бір тал шашы өмір үшін күрес кезінде құрбанының қолына таққан білезігіне қыстырылып қалып қойыпты. Осы бір тал шаш криминалист сарапшыларға қылмыскердің нақты кім екенін ДНК-сараптамасы арқылы анықтап берді. Осылайша, қылмыскер анықталып, темір торға тоғытылды.

Дубай қаласынан келген Халықаралық криминалистика орталығының директоры Рашед Альгафридің айтуынша, 2010 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде ұшақ апаты орын алады. Бірнеше адамның өмірін қиып әкеткен апатта ұшақ ішінде болғандардың денелері адам ажырата алмастай бірнеше бөліктерге бөлініп, шашылып қалыпты. Оларды тану үшін ДНК сараптамасы жүргізіліп, опат болғандардың сүйектері туыстарына беріледі.

«Біз төрт жыл бойы оны толыққанды жүзеге асыру үшін дайындық кезеңінен өттік. Материалдар жинауда ғана қиындықтар туындамады, сондай-ақ, деректер базасын құрудың өзінде бірнеше мәселелермен бетпе-бет келдік. Ең бастысы, мұнда азаматтардың жеке деректерінің қолды болуының алдын алуымыз керек болды, себебі, бүгінде заманауи тәсілдер тек қана геномдық сараптамада ғана қолданылып отырған жоқ. Сондай-ақ, киберқылмыстылық саласында да әдіс-тәсілдердің жетілдіріліп отырғанын естен шығармауымыз керек. Біздің басты мақсатымыз біз құрған деректер базасы азаматтар үшін қауіпсіз болуы керек болды. Себебі, ДНҚ бұл биологиялық материал және оны зерттеу қазіргі заманауи ғылымның бір бағыты екенін ескеруіміз керек. Қазақстанның қазіргі қол жеткізген тәжірибесін басқа елдерге жоба ретінде ұсынуға болады деп ойлаймын. Өйткені, бұл бағытта анағұрлым көш ілгері дамыған елдердің тәжірибесін енді дамып келе жатқан елдерге енгізу қиындық туғызады», - дейді ҚР Әділет министрлігінің сараптама қызметін ұйымдастыру бөлімінің директорының орынбасары Руслан Сатыбалдиев.

Қазақстанда барлық аса ауыр және ауыр қылмыс жасаған тұлғалардың ДНҚ үлгілері ДНҚ деректер базасына енгізіледі. Жалпы әлем тәжірибесіне көз жүгіртер болсақ, алғашқы рет 1995 жылы Ұлыбританияда ДНК деректер базасы құрылған болатын. ДНҚ деректер базасын қалыпастыру арқылы қылмысты ашуға кететін уақытты үнемдеуге қол жеткізіледі.

Сондай-ақ, бұл жазықсыз түрмеге түсу қаупі бар қосақ ішінде кетуі мүмкін кінәлі еместерді анықтау мүмкіндігі. Осыдан бірер уақыт бұрын кәмелетке толмаған балаға қатысты зорлық жасалды. Алақандай ғана ауылда болған қылмыс естіген адамның жағасын ұстатты. Ауылдағы еркек кіндіктінің барлығынан биологиялық үлгі алынып зерттеледі. Алайда, олардың бірде біреуінің ДНҚ-сы қылмыс орынан анықталған биоматериаламен сәйкес келмейді. Арада біраз уақыт өткеннен кейін басқа бір іс бойынша зерттеуге келіп түскен материалдан жоғарыда айтқан биоматериалмен сәйкестік табылады. Алайда, бұл адамның әлгі ауылға еш қатысы жоқ болатын. Тергей келе, оның бұл ауылға кездейсоқ келгендігі белгілі болады. Яғни ДНК материалдың зерттеліп, зерделенуі ауыл адамдарының бірінің жазықсыз күйіп кетуінің алдын алды.

Астанада болған симпозиум біздің енді дамып келе жатқан ДНҚ деректер базасын жетілдіруде үлкен практикалық тәжірибе алаңына айналды. Халықаралық сарапшылар құр қол келмеді, олар жұмыс жасау процесін, жаңа технолгиялық трендтерді іс жүзінде көрсету үшін құрал жабдықтарын да ала келіпті. Бұл молекулярлық генетика саласындағы отандық және шетелдік ғалымдардың ғана емес, құқық қорғау және сот органдарының практикалық қызметкерлері үшін де берері мол тәжірибелік кеңеске айналды.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға