Жаңалықтар

Дизайнға көзқарасы ерекше мамандарды дайындағым келеді

Қазақстандық кәсіпкер Мирас Ибраимовтың сұхбаты
Дизайнға көзқарасы ерекше мамандарды дайындағым келеді
28.02.2017 20:45 19125

Оқырман назарына «А2» супермаркеттер желісі, «Crossfit Astana», «Crossfit Alatau», «Invictus»  фитнес және кроссфит орталықтары мен «The Shoreditch» ресторанының негізін қалаушылардың бірі, «Miraaas» дизайн-студиясының негізін қалаушы Мирас Ибраимовтен алған сұхбатымызды ұсынамыз.

– Мирас, 2012 жылы Ұлыбританиядағы оқуыңызды тәмамдаған сәтте сізге Мьянмада мұнай жобасында жұмыс жасауға ұсыныс түсіпті. Осындай ұсыныстан бас тартып, елге оралуыңызға не себеп болды?

– Оқуды тәмамдаған кезде менің елге оралуыма ағам Ілияс себепші болды. Шынымды айтсам, өз басым ағылшындар сияқты әлемдегі қызық ұсыныстарды қуана қабылдайтын адаммын. Сондықтан, Мьянмаға да үлкен қызығушылықпен бет бұрған едім. Алайда, ағам мені үгіттеп, Қазақстанға орал деп айтты. Біз бірге бизнес бастаймыз деп шештік.

– «А2» арқылы отбасылық құндылықтарды насихаттауды көздейді екенсіздер. Астанада «А2» екі ағайынды жігіттің ортақ бизнесі екенін білетін жандар көп пе? Жалпы, негізгі идеяларыңызды халыққа жеткізу үшін қандай да бір әрекет жасадыңыздар ма? (мәселен, БАҚ арқылы).

– Астанада біз туралы білетін адамдар саны күннен-күнге көбейіп келеді. Ол енді түсінікті жағдай. Өйткені, біздің желілеріміздің саны артты. Қазір елордадағы он бесінші супермаркетімізді ашқалы жатырмыз. Біз ешқашан бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінген емеспіз. Өйткені, менде «БАҚ-тың ғұмыры шектеулі (әсіресе, Қазақстанда). Біраздан кейін өледі» деген тұжырым бар. Болашақ ­­– SMM, әлеуметтік желілердің қолында. Сондықтан, біз соларға баса мән береміз.

– «А2» супермаркеттер желісінің сыртынан «Қорбаң-қорбаң еткен аюға кіруге рұқсат жоқ!» деген креативті жазуды көрдім. Идеяларды көбіне қандай дереккөздерге сүйеніп, жүзеге асырасыз?

– Жалпы, мен идеяларды арнайы ойластырып отырмаймын. Басқа жұмыс істеп жүргенде немесе жуынып жатқан кезде басыма қандай идеялар келеді, соны дереу бір қағазға жаза қоямын. Соны кейін декорацияларда пайдаланамын. Біз бұл жазуларды дайындағанда ешқандай зерттеуге сүйенбейміз. Жазғымыз келсе, жазамыз, жазғымыз келмесе, жазбаймыз. Көптеген адамдар оны нәсілдік кемсітушілік деп ойлайды. Олардың пікірінше, «қорбаң-қорбаң еткен аю» деп қазақша жазғанымыз «біздің дүкендерге орыстарға кіруге болмайды» деген ой туғызды. Онымен қоса, біз кейінгі уақытта ашқан супермаркеттерімізде кириллица қарпінен бас тартқалы отырмыз. Бірақ, енді бұл жерде қазекем өзі бүлдіріп отыр. Жақында біз туралы «Фейсбуктегі» бір парақша «мына жігіттер латын қарпін пайдаланып жатыр» деп жазып еді. Содан кейін бізге әкімдік келіп, маңдайшадағы жазуды шешіп алды. Қайтадан кириллица нұсқасына ауыстыруға тура келді.

– 2012 жылы бизнесті алғаш бастағанда қолдарыңызда көп қаражат болды ма? Әлде бәрін нөлден бастадыңыздар ма?

– Бастапқыда өзіміз иемдене алатындай көлемдегі қаржы болды. Ол 2 супермаркетті ашуға жетті. Одан кейін біз супермаркеттеріміздің концепциясын инвесторға көрсеттік. Инвесторға ұнағаннан кейін қомақты инвестиция құйылды.

– «Бизнесті кез келген күйде (толық дайын болмаса да) аша беру керек» дейсіз. Бұл қадам басқалардың қолынан келмеуі мүмкін ғой?

– Егер, адам өз кәсібін кез келген күйде аша алмаса, онда оның қолынан түк келмейді. Өйткені, бір демде үлкен шаһар соға алмайсыз.  Ол шаһарды салу үшін алдымен кішкентай үйшіктен бастау керек. Көптеген адамдар өзінің фантазиясымен, идеяларымен аспанда ұшып жүреді. Меніңше, бұл – үлкен қателік. Ең бастысы, «асығып, жанталасып, кез келген күйде ашылу керек» деген тұжырымымды мен әлі де ұстанамын және одан бас тартқым кеп тұрған жоқ.

– «Ханшатырда» сөз сөйлегенде «ешқандай білім де, тәжірибе де ынтаны ауыстыра алмайды» дедіңіз. Демек, ынта-шынтаммен кіріссем, менен де тамаша кәсіпкер шығады. Солай ма? Әлде, жеке бизнесті өркендету үшін де талант керек пе?

– Ынта – ең өзекті нәрсе. Адамға тәжірибе керек емес деп айтқан жоқпын. Бірақ, ол ынтаны ауыстыра алмайды дегенімді сіз дұрыс ұқтыңыз. Әрине, егер сіздің ынтаңыз болса, онда бастапқыда тәжірибе жинау үшін ең төменінен бастап, мысалы, сатушы, даяшы сияқты жұмыстарға орналасасыз.

Адамға талант керек те шығар. Бірақ, мен талант деген сөзді онша ұқпаймын. Меніңше, талант дегенді адамдар түсінбейді. Мысалы, маған сурет салу ұнайды. Онымен айналысып жүргендіктен, менің жұмыстарым да жақсы. Яғни, бұл жерде талант емес, қызығушылық болып отыр. Талант деген ­– көптеген заттардың жиынтығы. Ол тек қана Құдайдан берілген нәрсе емес. Бұл жерде генетика да рөл ойнайды. Сол таланттың ішіне ынта да кіреді деп айтуға болатын шығар.

– Youtube желісіндегі видеоларыңыздың бірінде Астанадағы «The Shoreditch» ресторанын 100 пайыз дайын болмаса да, ашқандарыңызды айтыпсыз. Ресторан бизнесін жүргізудің супермаркеттер желісі мен фитнес орталықтарын басқарудан қандай айырмашылығы бар екен?

– Ресторан мен дүкеннің жұмыстарын жүргізу – мүлдем бөлек нәрселер. Дүкенге адам тек қажетті заттарды алуға барады. Біздің жұмысымыз – сол қажетті заттарға қоса, тұтынушының көңіл-күйіне қарай әртүрлі импульсті заттарды сатып жіберу. Мысалы, шоколад, кәмпит, сағыз. Сондықтан, оларды кассаның жанына қоямыз. Ал, ресторан – 100% импульсті нәрсе. Өйткені, адам тамақ жеуі керек болса, оны үйінде де жей алады. Біздің жұмысымыз – келген қонаққа барынша жағымды жағдай жасау. Сондықтан, кей кезде өзім де ресторанда адамдардың тапсырыстарын қабылдаймын. Тұтынушылармен қарым-қатынаста болу мен үшін өте маңызды.  

– Есімде, былтыр сол «The Shoreditch» рестораны алғаш ашылған кезде сіздер музыкант Ғалымжан Молданазарды шақырып, сол арқылы біраз адам сіздердің ресторандарыңызбен танысқан болатын. Сол қадам өзін-өзі ақтады ма?

– Иә, 100 пайыз ақтады. Біз ол кезде Молданазардың командасындағы  8 адамның қаламақысы, жатын орны мен жол шығынын көтерген едік. Сол қадам арқылы біздің ресторанымыз өзінің аудиториясын жинады. Ең бастысы, «Инстаграмда» бізге көп оқырман жазылды. Өзіміз әлеуметтік желілерге ерекше көңіл бөлетін болғандықтан, бұл өте маңызды.

 Cіз кәсібін енді бастаған, идеялары өзіңізге ұнаған жас кәсіпкерлерге тегін кеңес береді екенсіз. Солардың біріне сөз арасында «мен үшін маркетингтік зерттеулер – мәнсіз дүние» дегендей пікір айттыңыз. Неліктен?

– Мен өзім маркетинг саласының оқуын бітіргенмін. Мені оқытқан жерде оқытушылар әртүрлі маркетингтік зерттеулерге сүйеніп, сабақ берген еді. Ендеше, неліктен мен сонда да оған қарсы болып отырмын? Негізгі ойым мынадай: маркетингтік зерттеулер сол зерттеулерді жүргізетін адамға тікелей байланысты. Мәселен, мен біреудің диссертациясын оқысам, оның абстрактын оқимын, методологиясын оқимын. Жақсы  жазылған диссертация көңіл-күйге байланысты емес. Ол объективті тұжырымдар, объективті гипотезалар береді. Өкінішке қарай, қазір бізде методологиясы өте мықты маркетингтік зерттеулер жүргізетін агенттіктер бар ма, жоқ  па, оған әлі сенбеймін. Әрине, Нильсеннің зерттеуін оқуға болады. Ол Қазақстандағы жалпы retail жайлы көп айтады.

Бізге жарнаманың идеясы келсе, оны шығара береміз. Оны адам қалай қабылдайды, оған қалай қарайды, әртүрлі факторлар бар. Сондықтан, мен оған сүйенбеймін. Екіншіден, маркетингтік зерттеулер кезінде адамдарды жинап, «міне, мынау – құмыра. Мен жаңа сусын шығарғым келеді. Бұл  –  жаңа дизайн» деп айтасыз. Олар мұны дүкенде көрген болса, ештеңе айтпаушы еді. Оны алар ма еді, алмас па еді, білмейсіз. Бірақ, сұрайсыз ғой, сұраған кезде  олар әйтеуір бірдеңе айту үшін өзінің ойында жоқ, өтірік пікірді айта салады. Сондықтан, сөйлеген әрбір адамның сөзіне сеніп, интерпретациялау қиын. Екіншіден, өте мықты психолог болу керек. Бұл  – көп уақытты алатын жағдай. Мысалы, айпадты өмірінде көрмеген адамға айпад беріп, жарты жылдан кейін «айпадсыз өміріңіз қалай екен?» деп сұрайсыз. Ол «ойбуй, мен осыған дейін қалай өмір сүргенімді білмеймін» деуі мүмкін. Адамдар өздерінің  нені қалайтынын білмейді. Сол себепті, маркетингтік зерттеулерге сүйену өте, өте қауіпті.

– Мегаполисте бизнес жүргізудің негізгі проблемалары қандай?

– Негізі, Астананы мегаполис деп айту қиын. Өйткені, мұнда халық саны көп болғанымен, бәсеке жоқ. Ал, мегаполисті мегаполис ететін ­ – оның бүгінгі халық саны емес, ұзақ жылдар бойы келе жатқан, тарихи түрде қалыптасқан халық саны. Астанада олай емес, демек, мұнда бәсеке де жоқ.

– Сіздің командаңызда қандай адамдар жұмыс істей алады? Бұған дейін тәжірибесінің бар-жоғы маңызды ма?

– Оны бөліп қарайық. Егер, сіз супермаркеттер желісінде категориялы менеджер болам десеңіз, онда тәжірибеңіз болғаны жақсы. Ал, сатушы немесе басқа жұмыс түрін таңдасаңыз, тәжірибелі болуыңыз міндетті емес. Маған мүлдем тәжірибесіз адам келсе, мен одан «бос уақытта не істедің? Сабақтан тыс уақытта немен айналыстың? Жалпы, қызығушылығың қандай? Неге сол жұмысқа орналасқың келеді?» деп сұраймын. Ол «өйткені, мен бұл жұмысты жақсы көремін» деп жауап берсе, мен «егер, шынымен жақсы көрген болсаң, қандай әрекет жасадың?» деп сұраймын. Егер, адам ештеңе жасамаса, онда жақсы көргені де өтірік болып шығатын болар. Тура сол көзқарасты өзімнің дизайн-командамды жинаған кезде де ұстанамын. Егер, маған келген адам түк те жасамаған болса, онымен диалогты аяқтай беруге болады.

– «Фейсбуктегі» жазбаларыңыздың бірінде «макродеңгейдегі жетістіктерге жету үшін әрбір адам өзінің отырған жерінде «мен» деген девизбен белсенділік көрсетуі керек» депсіз. Бізге осы ойыңыз жөнінде толығырақ айтып бере аласыз ба?

– Қазір бізде «бірігейік» деген мазмұндағы әртүрлі кеңестер беріліп жатады. Ол  –  бізге Кеңес одағынан келе жатқан коллективті дәріс. Мысалы, Қытайды алсаңыз, онда автократия болғандықтан, тұрғындарды әртүрлі компартиялық дәрістерге тартып, оларға коллективті идеяны ұсынғысы кеп тұрады. Ал, біз, қазақтар, көне заманнан бері еркін жүрген халықпыз. Біз индивидуалист болуды ағылшын-сакстардан үйренуіміз қажет. Меніңше, әрбір адам белсенді экономикалық әрекет жасайтын болса, біраз уақыттан кейін бәсеке де өседі. Макродеңгейдегі заттар өзінен-өзі түзеледі. Өйткені, ең бастысы – нарық. Нарық бәрін шешеді.

– Қазақстандағы бизнесмендердің жаңа буыны. Олар кімдер және олардың ұстанымдары қандай?

– Білмеймін. Мен ешқашан жаңа буын, аға буын деп бөлмеймін. Біреулер бізді «жас кәсіпкерлер» деп жатса, мен «жас деген сөзді алып тастаңызшы» деймін. Жай ғана кәсіпкер дей беріңіз. Себебі, 19 жастан кейін адамдардың жасы теңеседі. 63-те болсаң да, 19-да болсаң да, қиындық та, жеңілдік те бірдей болады. Бұл жерде ешқандай айырмашылық жоқ.

– Дизайн-студияңыз немен айналысады?

– Дизайн-студиям брендинг және интерьер-дизайнмен айналысады.

– Youtube-тен жеке арна ашқандағы басты мақсатыңыз қандай?

– Басты мақсатым – Youtube-тегі жеке арнамды бір-екі жыл бойы ешқандай мақсатсыз жүргізу. Осы әрекетім мені ақыры қайда алып баратынын көре тұра, біле алмаймын. Жалпы, өмірдің әдемілігі сонда, сіз өзіңіздің кейбір әрекеттеріңіз сізді қайда алып келетінін білмейсіз. Сондықтан, құр босқа отырғанша, Youtube-тегі жеке арнамды дамыта беремін. Бұл әрекетім түбінде маған бірдеңе әкеле ме, жоқ па, оған арқа сүйеп отырған жоқпын.

 Сіздің әкеңіз Медғат Құлжанов Астанада Абайдың 160 жылдығын, Шәкәрімнің 150 жылдығын өткізген меценат екенін білеміз. Ол кісі Карл Дженкинске Шәкәрімнің симфониясын жаздырғанынан да хабардармыз. Болашақта ағаңыз екеуіңізді меценаттар қатарынан көре аламыз ба?

– Әкем Шәкәрімнің симфониясын Карл Дженкинске жаздырмас бұрын,  қазақ композиторы Серік Еркімбековке тапсырыс берген болатын. Өйткені, біз, қазақтарды білесіз ғой, «неге бұл қазақ ағылшын композиторын байытып отыр?» деуі мүмкін. Сондықтан, алдымен қазақ композиторына тапсырыс беру маңызды болды.

Жалпы, өз басым меценаттықпен айналысқым келеді. Менің салам қолөнер саласы болғандықтан, келешектегі мақсатым – өзімнің дизайн-студиямды дамыту. Одан соң, жылына он шақты адамды өзім тегін оқытып, керек болса, бір жерге жіберіп оқытып, дизайнға көзқарасы ерекше мамандарды дайындағым келеді. Әрине, бірден қаржы бөлуге әзірше жағдайым жоқ. Сондықтан, мамандарға білгенімді үйрету өте жақсы іс сияқты көрінеді.

– Сіз текті азаматтың ұлысыз, шетелде білім алған, жан-жақты, көзі ашық кәсіпкерсіз. Алдағы уақытта өзінің кәсібін ашқысы келетін қазақстандық замандастарыңызға қандай кеңес бере аласыз?

– Осындай баға алғаныма қуаныштымын. Пікіріңізге рахмет! Алдағы уақытта өзінің кәсібін ашқысы келетін қазақстандықтарға кеңесімді бір-екі сөйлеммен айтып бере алмаймын. Сол себепті, Youtube-тегі арнамды ашқан болатынмын. Көп сұрақтардың жауабын сонда айтамын. Арнам енді ғана ашылғандықтан, әлі көп нәрсені ретке келтіруім керек. Келешекте видеоларды қысқартып, әр сұраққа нақты жауап беретіндей мықты арна жасағым келеді.

Бастысы, адам бір іспен айналысқысы келсе, көп тәжірибе жинаған соң, өзінің жеке кәсібін аша алады деген ойдамын. Егер, оны бір кәсіп қатты қызықтырса, онда сол салада біраз уақыт тегін немесе азғандай жалақымен жұмыс істеуге дайын болуы керек. Әйтпесе, оған сол кәсіптің ұнайтыны бос сөз болып қала береді.

 – Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға