Жаңалықтар

Диқаншы: "Егіншілік - тәуекел мен табандылықтың, еңбектің сынағы"

Диқаншы: "Егіншілік - тәуекел мен табандылықтың, еңбектің сынағы"
Фото: Хамит Тұрсынбековтің жеке мұрағаты 30.03.2025 22:20 345

Ауыл шаруашылығы – экономиканың маңызды салаларының бірі. Бүгінде егіншілікпен айналысатын шаруалардың алдында өнімділікті арттыру, жаңа технологияларды енгізу, климаттық өзгерістерге бейімделу секілді күрделі міндеттер тұр. Осы орайда El.kz тілшісі Түркістан облысы Жетісай ауданында қырыққабат өсірумен айналысатын тәжірибелі диқан Хамит Тұрсынбековпен сұхбаттасты. Кейіпкеріміз ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайы, мемлекет қолдауы, зиянкестермен күрес және алдағы жоспарлары жайлы әңгімелеп берді.

El.kz: Хамит Нариманұлы, ауыл шаруашылығы саласында, оның ішінде егіншілікпен айналысып келе жатқаныңызға қанша жыл болды? Жалпы, өзіңіз басқарып отырған шаруа қожалығы жайында толығырақ айтып өтсеңіз...

Хамит Тұрсынбеков: Мен 1964 жылы  бұрынғы Киров, қазіргі Түркістан облысы, Жетісай ауданында дүниеге келдім. Осы өңірде туып-өсіп, ауыл шаруашылығына деген қызығушылығым бала кезден басталды.  азіргі таңда отбасыммен бірге осы кәсіпті жалғастырып келеміз. Біздің шаруашылық «Ынтымақ 10» деп аталады. Бұл шаруашылық 1996 жылы құрылған, содан бері біз оны үздіксіз дамытып отырмыз. Негізі бұл кәсіпті әкеміз бастаған болатын. Сол кезден бері оның ісін жалғастырып, қазіргі таңда 15 гектар жерді тиімді игеріп отырмыз. Бұл үлкен алқап емес, бірақ біз үшін жеткілікті. Әкемізден қалған мұраны сақтап, әрі қарай дамыту – біздің басты мақсатымыз. Сондықтан қазіргі уақытта осы шаруашылықтың жұмысына жетекшілік етіп келемін.

El.kz: 1996 жылдан бері тек қана егін шаруашылығымен айналысасыздар ма, әлде басқа да бағыттар бар ма?

Хамит Тұрсынбеков: Жалпы, ауылды жерде тұрғандықтан, біз тек егін шаруашылығымен шектелмейміз. Ауыл шаруашылығының екі негізгі бағыты – егін және мал шаруашылығы бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан бізде мал шаруашылығы да қатар дамып келеді. Сонымен қатар, біз жылыжай шаруашылығымен де айналысамыз. Өнімдердің әртараптандырылған болуы шаруашылықтың табыстылығын арттыруға септігін тигізеді.

El.kz: Естуімізше, егістік алқабында қырыққабат егуді ақпан айында бастапсыздар...

Хамит Тұрсынбеков: Біз қырыққабат егуді 2014 жылдан бері қолға алдық. Бұл өнімнің басты ерекшелігі – оның ерте пісетін көкөніс түріне жататыны. Еліміздің оңтүстік өңірінің әсіресе, Жетісай ауданының климаты қырыққабат өсіруге өте қолайлы. Өйткені біздің өңірде қыс қатты болмайды. Басқа облыстарда қыс мезгілінде қар тізеден жауып жатса, бізде қар өте аз түседі, ал түскен күннің өзінде тез еріп кетеді. Сондықтан біз қыстың суығында да егістік жұмыстарын тоқтатпай, әрі қарай жалғастыра береміз.

Қырыққабат өсіру процесі желтоқсан айында басталады. Алдымен тұқымнан көшет өсіреміз, ол үшін жылыжайларымыз бар. Өнімнің тұқымын сол желтоқсан айында отырғызып, кейін ол көшет боп өсіп шығады.  Оларды егістік алқапқа шығару үшін белгілі бір температура қажет. Сондықтан ауа райын жіті бақылап отырамыз. Бұл – қырыққабаттың дұрыс жетіліп, жақсы өнім беруіне мүмкіндік береді.  Өзіңіз білесіз, біздің Жетісайды күн ерте жылиды. Шамамен сол ақпанның 10-20-сынан бастап, күн жылына бастаған кезде көшеттерді ашық егістік алқаптарға   отырғызамыз. Осылайша, біз жыл сайын қырыққабатты өсіруді алдымен жылыжайда бастап, кейіннен егістік далада жалғастырамыз.  Ақпан айында ашық алқапқа егілген қырыққабат сәуір айының соңына қарай, мамыр айының басында өнім бере бастайды. Осылайша, біз ерте пісетін өнім алып, оны нарыққа шығарамыз. Ерте өнім алу - шаруалар үшін үлкен мүмкіндік, себебі бұл кезеңде қырыққабаттың бағасы жоғары болады. Сондықтан біз осы бағытта жұмыс істеп келеміз.

(Фото: Хамит Тұрсынбековтің жеке мұрағаты)

El.kz: Өнімді көбінесе қайда сатасыздар? Шетелге экспорттала ма?

Хамит Тұрсынбеков: Біздің өнімдеріміз ең алдымен еліміздегі нарыққа шығарылады. Жинап алынған қырыққабат облысымыздың түкпір-түкпіріндегі базарларға, сондай-ақ Қазақстанның басқа аймақтары мен ірі қалаларына жөнелтіледі. Алматы сияқты үлкен қалаларда қырыққабатқа сұраныс өте жоғары. Сонымен қатар, өнімдерімізді шетелге де экспорттаймыз. Экспорттаумен айналысатын арнайы адамдар бар, олар өнімімізді сатып алып, шет елдерге жөнелтеді. Біз олардың көлік құралдарына дайын өнімді тиеп береміз, ал әрі қарайғы тасымалдау мен өткізу – солардың жұмысы.

El.kz: Мәселен, қандай елдерге экспортталады?

Хамит Тұрсынбеков: Негізінен қырыққабат Ресейге көп жіберіледі. Одан бөлек, Беларусь пен Украинаға да экспортталады. Кейбір жағдайларда өнімдеріміз Еуропа елдеріне де жеткізіледі. Экспорттаушылармен тығыз жұмыс істейміз, олар өздерінің логистикасы арқылы біздің өнімімізді шетелдік нарықтарға шығарады. Осылайша, біздің қырыққабатымыз тек ішкі нарықта ғана емес, халықаралық деңгейде де сұранысқа ие.

El.kz: Қырыққабат егуді 2014 жылдан бастап қолға алдық деп қалдыңыз. Ол неше гектар жерге егіледі?

Хамит Тұрсынбеков:  Жалпы, қырыққабат 5 гектар жерге егіледі. Бізде 10 соттық жылыжайымыз бар. Жоғарыда айтып өткенімдей, сол жерде қырыққабаттың тұқымын сеуіп, көшет болып өскенше күтіп-баптаймыз. Қыс мезгілі болғандықтан, жылыжай ішін қажетті температурамен қамтамасыз етіп, от жағып, көшеттің толықтай өсіп шығуына жағдай жасаймыз.

El.kz: Қалған 10 гектар жерге не егесіздер?

Хамит Тұрсынбеков: Қалған 10 гектарға әртүрлі дақылдарды егеміз. Біз мал шаруашылығымен айналысқандықтан мал азығын дайындау үшін 5 гектар жерге жоңышқа егеміз. Жоңышқа – құнарлы мал азығы, сондықтан оны жыл сайын өсіреміз.

Қалған 5 гектарға бақша дақылдарын отырғызамыз. Атап айтқанда, қауын мен қарбыз егеміз. Биыл қосымша бақша дақылдарының көлемін ұлғайтып, егістік алқабымызды тиімді пайдалануды көздеп отырмыз. Осылайша, әр жылы жердің жағдайына, сұранысқа және ауа райына қарай белгілі бір дақылдарға басымдық береміз.

El.kz: Ақпан айында ауа райы құбылмалы болып, кейде қыстың соңғы суығы сезіліп жатады. Осындай жағдайда егілген қырыққабат көшеттері үсіп қалмай ма? Мұндай кезде қиындықтар болмай ма?

Хамит Тұрсынбеков: Жалпы, қырыққабат – суыққа төзімді дақылдардың бірі. Ол минус 3, тіпті минус 4-5 градусқа дейінгі суыққа шыдай алады. Біздің өңірде температура кейде осы деңгейге дейін төмендеуі мүмкін, бірақ бұл құбылыс ұзаққа созылмайды, көбінесе түнде ғана байқалады. Кейін күндізгі уақытта ауа райы тұрақтала бастағанда, қырыққабат қайтадан өсуін жалғастырады.

Біздің тәжірибемізде ақпан-наурыз айларында осындай суық кезеңдер болғанымен, қырыққабаттың өсуіне айтарлықтай кері әсер еткен жағдайлар  кездеспеді. Суық түссе, дақылдың өсуі уақытша баяулайды немесе тоқтайды, бірақ күн жылынған соң ол қайтадан өсіп, қалыпты дамуын жалғастырады. Дегенмен, біз көшеттерді қатты үсік шалу қаупінен қорғау үшін арнайы шаралар қолданамыз. Мысалы, егілген жердің бетін арнайы қаптамамен (кленка) жабамыз. Бұл әдіс топырақтың жылуын сақтауға көмектеседі және жас көшеттерді суықтан қорғайды. Осылайша, ерте егілген қырыққабаттың үсікке ұрынбай, аман-есен өсіп шығуын қамтамасыз етеміз.

El.kz: Қырыққабатты ақпан айында егудің қандай артықшылықтары бар?

Хамит Тұрсынбеков: Қырыққабатты ақпан айында егудің бірнеше маңызды артықшылықтары бар. Біріншіден, көшетті ерте ексең, өнімді ерте аласың. Қырыққабат ерте піскен сайын, оның нарықтағы бағасы жоғары болады. Өйткені көктемнің алғашқы айларында жаңа піскен көкөніске сұраныс көп, ал өнім аз. Сондықтан бағасы да жоғары жүреді. Бұл шаруалар үшін тиімді.

Екіншіден, уақытты тиімді пайдаланып, екінші өнім егуге мүмкіндік аламыз. Ақпанда отырғызылған қырыққабат сәуір-мамыр айларында пісіп, жиналып болады. Осыдан кейін егістік алқабын жаңа дақылдарға дайындап, маусымдық егіншілікті жалғастыра аламыз. Бұл жерді бос қалдырмай, оны барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Жалпы, ерте пісетін өнімнің экономикалық және агротехникалық тұрғыдан да пайдасы зор. Бұл тәжірибеде өзін ақтаған әдіс.

El.kz: Сәуір-мамыр айларында қырыққабат өнімін жинап аласыздар. Одан кейін бұл жерге қандай дақыл егіледі? Әлде келесі жылға дейін бос жата ма?

Хамит Тұрсынбеков: Жоқ, егістік жер ешқашан бос жатпайды. Өнім жиналған соң, топырақтың құнарлығын сақтау және тиімді пайдалану мақсатында басқа дақылдар егіледі. Ол жерге мақта егілуі мүмкін. Біз өзіміз бұршақ тұқымдас дақылдардың бірі – маш егеміз.

Маш – пайдалы дақылдардың бірі, ол тамаққа қолданылатын, құнарлылығы жоғары өнім. Бірақ біз үшін оның тағы бір үлкен артықшылығы бар – ол топырақтың құнарлығын қалпына келтіріп, оны келесі маусымға дайындайды. Себебі бұршақ тұқымдас дақылдар топырақтағы азот мөлшерін көбейтіп, оны табиғи жолмен байытады. Бұл келесі жылы қайтадан қырыққабат немесе басқа дақылдар еккенде топырақтың құнарлылығын жоғалтпауы үшін өте маңызды. Былайша айтқанда, жерді бос қалдырмай, оны «демалдыру» үшін арнайы өсімдіктер егіледі. Бұл – табиғи тыңайтқыштың бір түрі. Осылайша, біз жыл сайын өнім алып қана қоймай, топырақтың сапасын да сақтаймыз. Сондықтан сәуір-мамыр айларында қырыққабат жиналған соң, сол жерге толықтай маш дақылын егуіміз – біздің шаруашылықтағы тұрақты тәжірибеміздің бірі.

El.kz: Маш өнімдері  шетелге экспорттала ма, әлде ішкі нарыққа ғана жеткізіле ме?

Хамит Тұрсынбеков: Маш дақылы негізінен қыркүйек айында піседі. Қыркүйек пен қазан айларында толықтай жинап аламыз. Өнім дайын болған кезде оны сату процесін бірден бастаймыз.

Жергілікті нарықта машқа сұраныс бар. Жыл сайын тұрақты сатып алушыларымыз болады. Өнім жиналған соң  біз сол алушыларға хабар береміз. «Міне, бізде осынша көлемде маш өнімі бар, сатып алуға дайынсыздар ма?» деп алдын ала келіссөздер жүргіземіз. Кейбір сатып алушылар бізбен келісімшартқа отырып, өнімді белгілі бір бағамен алып кетеді.

Маш өніміміз негізінен ішкі нарықта қалады. Яғни, біздің өнім Қазақстанның ішкі нарығына бағытталады. Нақтырақ айтқанда, Қазақстанның түрлі өңірлеріне, әсіресе үлкен қалаларға — Астана, Алматы, Шымкентке жөнелтіледі. Бұл дақылға сұраныс жоғары болғандықтан, өнімімізді отандық базарлар мен сауда орындарына жеткіземіз.

(Фото: Хамит Тұрсынбековтің жеке мұрағаты)

El.kz: Ал ерте піскен қырыққабаттың нарықтағы бағасы қандай?

Хамит Тұрсынбеков: Қырыққабаттың нарықтағы бағасы жыл сайын өзгеріп отырады. Өнімге деген сұраныс пен нарықтағы жағдайға байланысты баға тұрақсыз болады, сондықтан әр жыл бір-біріне ұқсамайды. Бірақ жалпы алғанда, ерте піскен қырыққабаттың келісі шамамен 150-200 теңге аралығында сатылады. Кейбір жылдары ең жоғары баға 200 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Нарықтағы орташа бағамен есептесек, гектарынан шамамен 5 миллион теңге көлемінде табыс табуға мүмкіндік бар. Бұл, әрине, өнімнің сапасы, ауа райы жағдайы және нарықтағы сұранысқа байланысты өзгеріп отырады.

El.kz: Дәл қырыққабатты ерте егу біздің өңірде, оның ішінде жетісайлық шаруаларға климаттық тұрғыда өте қолайлы болып тұр ғой?

Хамит Тұрсынбеков: Иә, дәл солай. Біздің өңірде ерте пісетін қырыққабат дақылын өсіруге климат өте қолайлы. Жетісай ауданының ауа райы мен жер бедері бұл дақылды өсіруге толықтай сәйкес келеді. Бірінші кезекте, біздің топырағымыздың ерекшелігі мен климаты қырыққабат өсіруге өте ыңғайлы. Біз мысалы, картоп сияқты дақылды өсіре алмаймыз, өйткені біздің топырақ оған сәйкес келмейді. Біздің топырағымыз – сұр топырақ, жеңіл құрылымды, солтүстік өңірлердегідей қара топырақ емес. Осыған байланысты жер астынан емес, жер үстінде өсетін дақылдар бізге анағұрлым тиімді. Қырыққабат осы ерекшеліктердің барлығына сай келетіндіктен, біз дәл осы өнімді таңдап, өсіруді қолға алып отырмыз.

El.kz: Күннің кенеттен ысып кетуі қырыққабаттың өсуіне қалай әсер етеді?

Хамит Тұрсынбеков: Иә, бұл мәселе қырыққабат үшін өте маңызды. Күннің кенеттен қатты ысуы қырыққабаттың өсуіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Бірақ мұның бәрі қырыққабаттың сортына байланысты. Кейбір сорттар ыстыққа төзімді емес, температура көтерілгенде, олардың өсуі тежеліп, тіпті мүлде өнім бермей қалуы мүмкін. Ал басқа сорттар бар – олар суыққа да, ыстыққа да шыдамды. Сондықтан дұрыс сортты таңдау – өте маңызды. Егер шаруа дұрыс таңдамастан, кез келген сортты еге берсе, бір жылдық еңбегі зая кетіп, шығынға батары анық. Жалпы, біз ауа райының өзгерістерін әрдайым ескеріп, соған бейімделуіміз керек.

El.kz: Қырыққабаттың қандай сорттарын өсіресіздер? Қайсысы тиімді?

Хамит Тұрсынбеков: Біз негізінен ерте пісетін және өнімділігі жоғары қырыққабат сорттарын өсіреміз. Қазіргі таңда кеңінен егілетін сорттар – Зариссима, Фарао. Бұлардың барлығы – шетелден әкелінген жоғары сұрыпты тұқымдар. Сонымен қатар, кешірек пісетін сорттардың қатарында Ринда және т.б түрлері де бар.

Негізі қырыққабаттың пісіп-жетілу мерзімі әртүрлі болады. Ең ерте пісетіндері – 50-55 күнде жетілетін сорттар. Орташа мерзімде пісетіндері – 60-70 күнде, ал кешірек пісетіндері – 80-90 күн аралығында. Әр шаруашылық  қажеттілігі мен нарықтағы сұранысқа қарай қай сортты еккені тиімді екенін өзі шешеді.

El.kz:  Шетелден әкелінеді дедіңіз. Қырыққабат тұқымын көбінесе қай елдерден алдырасыздар?

Хамит Тұрсынбеков: Біз қолданатын қырыққабат тұқымдарының барлығы шет мемлекеттерден, негізінен Еуропадан келеді. Көбіне Голландия, Франция сияқты аграрлық технологиясы жоғары дамыған елдерден жеткізіледі.

El.kz:  Қырыққабатқа зиянкестер көп келе ме?

Хамит Тұрсынбеков: Иә, жалпы егіншілік саласында әрбір өсімдіктің өзіне тән зиянкестері бар. Қырыққабат та солардың қатарында. Оған құрт-құмырсқалар мен зиянкес жәндіктер көп үйір келеді. Біздің өңірде де бұл мәселе өзекті. Қырыққабаттың өсу кезеңдерінде оның жапырағын жеп қоятын, өнім сапасына зиян келтіретін зиянкестер болады. Сондықтан біз оларға қарсы күрес шараларын алдын ала ұйымдастырамыз.

Зиянкестермен күресудің бірнеше тәсілі бар. Ең кең тарағаны – химиялық және биологиялық әдістер. Қазіргі таңда біз негізінен химиялық тәсілді қолданамыз. Арнайы дәрі-дәрмектер бар, оларды алдын ала егістікке себеміз. Өйткені зиянкестер егістікке түсіп үлгерсе, онда олар өнімді үлкен шығынға ұшыратады. Сондықтан біз зиянкестер келіп үлгермес бұрын дәрілеу жұмыстарын жүргіземіз. Бұл алдын алу шарасы болып табылады. Жәндіктер өсімдікке жақындаған кезде, олар сол препаратпен өңделген жапырақтарды жейді де, әрі қарай көбейе алмайды, басқа жабайы өсімдіктермен қоректенуге мәжбүр болады. Осылайша біз өнімімізді сақтаймыз. Яғни, зиянкестермен күрес – қырыққабат шаруашылығында тұрақты түрде атқарылатын жұмыстардың бірі. Біз бұл мәселеге үлкен мән береміз, себебі бір рет дұрыс қаралмаса, барлық өнімнен айырылып қалу қаупі бар.

El.kz: Қырыққабатты суару мәселесі қалай шешілуде? Ол суды қаншалықты қажет етеді?

Хамит Тұрсынбеков: Қырыққабат   ылғалды жақсы көреді. Су жеткілікті болса, өнімі де жоғары болады. Бұрын біз дәстүрлі әдіспен, яғни жүйелік аралық техникалармен суарып келдік. Бірақ бұл әдіс көп мөлшерде су шығынын тудырып, жұмыс күшін де көп қажет ететін.

Соңғы үш жылда біз заманауи технологияларға көшіп, тамшылатып суару әдісін қолдана бастадық. Бұл бізге бірден бірнеше артықшылық берді. Біріншіден, су шығыны азаяды, яғни суды үнемдеуге мүмкіндік туады. Екіншіден, жұмыс күші де үнемделеді, себебі суару процесі автоматтандырылған. Үшіншіден, тыңайтқыштарды тиімді пайдалану мүмкіндігі артады. Біз қажетті минералдық тыңайтқыштарды су арқылы біркелкі таратып, өсімдіктің қоректік заттарды дұрыс алуын қамтамасыз етеміз.

Қазіргі таңда тамшылатып суару әдісі қырыққабат өсіруде ең тиімді тәсіл болып отыр. Бұл өнімнің сапасын жақсартып, шығынды үнемдеуге көмектеседі. Қысқасы, қазіргі таңда тамшылатып суару әдісі біз үшін ең қолайлы болып тұр.

El.kz: Өнімділікті арттыру үшін тағы қандай әдістер қолданылады?

Хамит Тұрсынбеков: Негізі тамшылатып суару әдісі бізге өнімділікті 15-20%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл әдіс арқылы қырыққабат дәстүрлі суару әдісіне қарағанда бір апта ерте піседі. Бұл бізге нарыққа ерте шығып, өнімді жоғары бағамен сатуға мүмкіндік береді. Өнімнің ерте пісуінің себебі – өсімдіктің уақытылы су мен минералды тыңайтқыштарды қабылдауы.

Дәстүрлі суару әдісінде кейбір жерлерге су жетпей қалатын немесе керісінше, артық су жиналып кететін жағдайлар кездесетін. Ал тамшылатып суару арқылы барлық өсімдік бірдей мөлшерде су мен қоректік заттарды алады. Сонымен қатар, тыңайтқыштар да дәл мөлшерде беріледі, ал агротехникалық шаралар жоспарлы түрде жүргізіледі. Бұдан бөлек, өнімділікті арттыру үшін сапалы тұқым таңдау - маңызды. Екіншіден:    минералды тыңайтқыштар қолдану. Өсімдікке қажетті қоректік заттарды жеткілікті мөлшерде беру өте маңызды. Үшіншіден: топырақты өңдеу және тыңайту. Жердің құнарлылығын сақтау үшін бұршақ тұқымдас дақылдарды егіп, кейін жерді қайтадан демалдырамыз. Осы әдістердің барлығы өнімділікті арттырып, жердің құнарлылығын ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді.

(Фото: Хамит Тұрсынбековтің жеке мұрағаты)

El.kz: Суару мәселесінде қандай қиындықтар кездеседі? Шаруалар үшін судың жетіспеушілігі үлкен кедергі емес пе?

Хамит Тұрсынбеков: Иә, бұл өте өзекті мәселе. Жалпы алғанда, дәл қазіргі уақытта бізде қырыққабат үшін су жеткілікті. Себебі  бақша дақылының бұл түрі ерте егіледі және оның суару кезеңі жаппай су тапшылығы болатын уақытқа сәйкес келмейді. Ал жалпы шаруалар үшін су тапшылығы мәселесі жоқ емес. Шілде айында жағдай өзгеріп, нағыз су тапшылығы сезіледі. Бұл кезде басқа дақылдарды жаппай суару маусымы басталады, ал біз көршілес Өзбекстан мемлекетіне тәуелдіміз. Өзбекстан өз дақылдарын – мақтасын, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін суарғанда су тапшылығы туындауы мүмкін. Оларға да, бізге де су қажет болғандықтан, белгілі бір кезеңде жетіспеушілік байқалады. Жоғарыда айтып өткенімдей, қырыққабат шаруашылығы үшін дәл қазіргі уақытта мұндай қиындық жоқ. Оның негізгі суару кезеңі су қоры жеткілікті уақытқа сәйкес келеді.  

El.kz: Жалпы, қырыққабаттың орташа өнімділігі қандай? Жыл сайынғы көрсеткіш тұрақты ма, әлде құбылмалы бола ма?

Хамит Тұрсынбеков: Өнімділік жыл сайын әртүрлі болады. Кей жылдары жақсы өнім алсақ, кей жылдары ауа райының қолайсыздығына байланысты төмендеп кетуі мүмкін. Орташа есеппен алғанда  бір гектардан шамамен 35-40 тонна өнім алынады. Ең жоғарғы көрсеткіш – 50 тоннаға дейін жетуі мүмкін. Бірақ бұл көрсеткіш көптеген факторларға, соның ішінде ауа райы мен топырақ жағдайына да байланысты өзгеріп отырады.

El.kz: Қалай ойлайсыз, диқандар үшін өнім бағасы қаншалықты әділетті белгіленеді? Қателеспесем былтыр қарбыз бағасы күрт төмендеп, шаруаларға айтарлықтай әсер еткені жайлы естігеніміз бар...

Хамит Тұрсынбеков: Иә, мұндай жағдайлар жиі болып тұрады. Қырыққабаттың бағасы көбіне нарықтағы сұранысқа тәуелді. Мысалға айтар болсам, біздің ауданда жыл сайын мың гектардан астам жерге қырыққабат егілетін болса, оның басым бөлігі экспортқа жіберіледі. Өйткені Қазақстанда қырыққабат күнделікті тағам ретінде жиі қолданылмайды. Мысалы, өзіңіз де айына жоқ дегенде бір рет қана қырыққабат тұтынатын боларсыз?... Ал Ресейде оны күнделікті ас мәзірінде пайдаланады. Сондықтан қырыққабаттың негізгі тұтынушысы – Ресей. Баға тұрақтылығы да осы елдегі нарық жағдайына байланысты. Соңғы бір-екі жылда экономикалық тұрақсыздық салдарынан баға құбылып тұр. Ресей нарығындағы сұраныс жоғары болса, біздегі баға да тұрақты болады. Ауыл шаруашылығындағы баға әрдайым нарыққа тәуелді болып келеді. Тек қырыққабат емес, жалпы шаруалардың өнімдерінің көбі экспортталатындықтан  шетелдегі нарыққа, ахуалға тікелей байланысты. Ал егер ол жақта баға төмендесе, біздің шаруаларымыз да соның салдарын сезінеді. Бұл – нарық заңдылығы.

El.kz: Қырыққабат өсіру қаншалықты еңбек пен қаржыны талап етеді?

Хамит Тұрсынбеков: Қырыққабат өсіру үлкен еңбекті, көп шығынды талап етеді. Бұл – екінің бірі иегере алмайтын үлкен шығын. Себебі мұнда жұмыс күшінен бастап, техникаға, тыңайтқыштарға, сапалы ұрыққа дейін көп қаражат қажет. Әрбір кезеңде мұқият бақылау жасалмаса, өнім сапасы төмендеп, шаруаның еңбегі зая кетуі мүмкін.

El.kz: Өнімді жинап алғанға дейінгі шығындарды есептегенде қандай негізгі факторлар бар?

Хамит Тұрсынбеков: Иә, әрбір шығын есепке алынады. Мысалы, жұмысшылардың еңбекақысы, суару шығындары, тыңайтқыштар, жанар-жағармай, техника қызметтері – мұның барлығы егін жинауға дейінгі шығындар. Өнімді сақтап, тасымалдауға да қосымша қаражат қажет. Яғни, бұл өте ауқымды процесс. Бір гектарға шамамен 1,5-2 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалады.

El.kz: Қырыққабат өсірудегі ең қиын кезең қандай?

Хамит Тұрсынбеков: Қырыққабат өсірудің ең күрделі кезеңі – ұрық себу және көшетті отырғызу. Ұрық дұрыс себілмесе, көшет әлсіз болып шығады, ал ол өз кезегінде бүкіл өнімге әсер етеді. Біз көшеттерді жылыжайда 60 күн бойы күтіп-баптаймыз, оны кәдімгі бала сияқты мәпелейміз. Жылы жерде өсіріп, температурасы, су мөлшері, жарығы – барлығын қадағалаймыз. Көшет дайын болғанда оны егістік алқапқа шығарар алдында біртіндеп табиғи ортаға бейімдейміз. Бастапқыда 30 градус жылыда өсірсек, кейін температураны біртіндеп 25-ке, 20-ға, 10-ға, 5 градусқа дейін төмендетеміз. Осылайша, өсімдік табиғи жағдайларға бейімделеді. Соңында нөл градусқа түсіріп барып, егістік алқапқа отырғызамыз. Осы процестің әр кезеңі мұқият бақылауды қажет етеді. Көшетті дұрыс отырғызбасақ, ол дұрыс өспейді, өміршеңдігі төмендейді. Ең басты қиын кезеңі деп   ұрықты дұрыс тастау  және одан кейін егістік алқапқа егу деп айтуға болады. Осы екі кезеңнен өтсек, ары қарай белгілі бір күтіп-баптаудың арқасында өзінің кезеңімен біртіндеп өсіп шыға береді.  

El.kz: «Үй соғатын болсаң, алдымен іргетасы дұрыс қалануы керек» демекші, бастапқы кезеңі сол ұрықты егуден басталады дейіз ғой?...

Хамит Тұрсынбеков: Дәл солай! Егер көшет жақсы болып өссе, оны далаға дұрыс егіп, бейімдей алсақ, әрі қарай ол өз жолымен дами береді. Бірақ ең бастысы – бастапқы кезеңде дұрыс күтім жасау. Бұл – қырыққабат өсірудегі ең маңызды және жауапты сәттердің бірі. Егер осы процестер сәтті өтсе, шаруалар жақсы өнім алады.

El.kz: Жақсы өнім алу үшін тағы қандай факторлар маңызды? Қандай жағдайлар ескеріліп, сақталуы керек?

Хамит Тұрсынбеков: Жақсы өнім алу үшін ең бірінші топырақтың сапасына назар аудару қажет. Содан кейін егістік жер арамшөптерден таза болуы керек. Егер топырақта арамшөп көп болса, олар негізгі дақылмен бірге өсіп, қоректік заттарды тартып алады. Бұл өз кезегінде өнімнің сапасы мен көлеміне кері әсер етеді. Сонымен қатар топырақтың тұздылығы да үлкен рөл атқарады. Егер жердің тұз мөлшері жоғары болса, қырыққабат дұрыс өсе алмайды, өнім сапасы нашарлайды. Сондықтан қырыққабатты тек тұздылығы төмен, құнарлы топыраққа отырғызған жөн.

Қырыққабат – өте талғампаз әрі күтімді қажет етеді. Оны өсіру үшін үлкен тәжірибе мен білім керек. Сондықтан қырыққабатты егу кез келген шаруаның қолынан келе бермейді.  

(Фото: Хамит Тұрсынбековтің жеке мұрағаты)

El.kz: Егістік жұмыстарына қажетті жұмыс күші қалай ұйымдастырылады? Жергілікті жұмысшылар тартыла ма, әлде сырттан келетіндер бар ма?

Хамит Тұрсынбеков:Негізінен  біз жергілікті жұмысшыларды тартамыз. Жалақы мөлшері белгілі бір стандарттарға сәйкес белгіленген. Әсіресе, науқан уақытында 30-40 адамға дейін жұмысқа тартылады. Ал күнделікті жұмыстарды егістік алқаптарда 3-4 тұрақты жұмысшы атқарады.

El.kz:  Өнім жинау науқанында жұмысшы тапшылығы болмай ма?

Хамит Тұрсынбеков: Жоқ, бізде жұмыс күші жеткілікті. Себебі ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдар бұл маусымдық жұмыстың ерекшеліктерін жақсы біледі және өз уақытын соған сәйкес жоспарлайды. Егер күнделікті жалақысын тұрақты төлеп отырсаңыз, жұмысшылар еш қиындықсыз таңертең келеді, кешке дейін өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды.

El.kz: Егін шаруашылығында кездесетін тағы қандай ең үлкен қиындықтар бар?   

Хамит Тұрсынбеков: Ең үлкен қиындық сол – бағаның тұрақсыздығы. Біз өнімді еккеннен кейін оны күтіп-баптап, бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Қажетті агротехникалық шараларды жасап, суарып, қоректік заттар беріп, қолымыздан келгенше ең жақсы жағдайды жасаймыз. Бірақ өнімді жинау кезеңі келгенде  нарықтағы баға біз күткендей болмай қалуы мүмкін.

Егін шаруашылығымен айналысу – бір жағынан, лотерея сияқты. Бір жылы өнімнің бағасы жақсы болып, диқандар мол пайда табуы мүмкін. Ал келесі жылы баға күрт төмендеп, шығынға батып жатамыз. Бұл нағыз "карта ойыны" секілді ғой, кейде жолың болады, кейде болмайды. Сондықтан шаруалар үшін тұрақтылық өте маңызды. Егер баға жыл сайын шамамен бір деңгейде сақталса, біз алдағы жоспарларымызды дұрыс құра алар едік. Былайша айтқанда, егіншілік - тәуекел мен табандылықтың, еңбектің сынағы. 

El.kz: Өзіңіз ең үлкен шығынға түскен сәтіңіз болған ба?

Хамит Тұрсынбеков: Иә, ең ауыр жыл – 2019 жыл болды. Сол жылы қырыққабат көкөнісін ектім, күтімін жасадым, жақсы өнім алдым. Бірақ өткізе алмадым. Баға тым төмен болды. Кейбір сатып алушылар 20 теңгеден аламыз деді. Ал менің шығынымның өзі 15 теңгеден асып кетіп жатты. Оған жұмысшылардың еңбекақысы, суару шығындары, тасымалдау құны, трактор мен көліктерге кететін қаражат кіреді. Осындай төмен бағада сату мен үшін үлкен шығынға айналар еді.

Сол жылы қырыққабатты сатпай, халыққа тегін таратып бердім. Кімге қанша керек болса, келіп алып кетіп жатты. Бұдан кейін де бірнеше қиын жылдар болды. Бірақ мен өз шамамды білемін, сондықтан жыл сайын тұрақты түрде 5 гектарға ғана егіп жүрмін. Егер өнім жақсы шықса – жақсы, егер нашар болса, басқа шаруаларға көңіл бөлемін.

Кейбір шаруалар дақылды бір жылы бес гектарға егіп, жақсы өнім алып, жоғары бағада сатты делік. Сөйтіп келесі жылы 10 гектарға дейін егеді. Бірақ сол жылы нарықтағы жағдай өзгеріп, баға түсіп кетсе, олар үлкен шығынға ұшырайды. Осы себепті ауыл шаруашылығында тұрақтылық маңызды. Өз мүмкіндігіңді нақты бағалап, соған қарай әрекет ету қажет. Мәселен, мен  жыл сайын тұрақты түрде қаражат қорын жинап отырамын. Себебі көктемде егін егу үшін алдын ала қаржы болуы керек. Мысалы, тұқым алу, тыңайтқыштар сатып алу, суару жүйелерін дайындау, жұмысшыларға еңбекақы төлеу үшін белгілі бір сома қажет. Жыл сайын шамамен қанша қаражат кететінін білемін, сондықтан өзіме арнайы қор жасап қоямын. Егер бір жылы өнімді жақсы бағада сатсам, одан түскен табыстың бір бөлігін осы қорға аударамын. Келесі көктемде сол қаржыны пайдаланып, егін егу жұмыстарын жүргіземін. Бұл – менің жеке стратегиям. Себебі ауыл шаруашылығында ертең не болатынын  ешкім нақты білмейді.

El.kz: Шаруалар арасында бәсекелестік жағы қалай?

Хамит Тұрсынбеков: Қазіргі таңда бәсекелестік өте жоғары. Негізі ол –  жақсы нәрсе. Себебі бәсекелестік диқандарды жаңа технологияларды қолдануға, тиімді жұмыс істеуге әкеледі. Егер бәсекелестік болмаса, бәріміз әлі де ескі әдістермен жұмыс істеп жүрер ме едік?... Мысалы, осы бәсекелестіктің арқасында біз тамшылатып суару әдісіне көштік. Бұл әдіс бізге суды үнемдеуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік берді. Ертең тағы да жаңа технологиялар пайда болса, біз соған да бейімделеміз. Сондай-ақ, біз кейде басқа да дақылдарды егуді қарастырып отырамыз. Мүмкін, болашақта қырыққабаттан басқа өнімдерге де көңіл бөлерміз. Себебі кез келген шаруашылықтың мақсаты – тұрақты табыс табу. Егін шаруашылығы кәсіптің бір түрі. Мәселен, кәсіпкер базардан бір өнімді 20 теңгеден алып, оны 10 теңгеден сатпайды ғой. Сол сияқты диқандар да шығыннан бөлек пайда табуды көздейді.

El.kz: Қалай ойлайсыз, бағаның құбылмалы болуына бәсекелестіктің көптігі  әсер етіп отырған жоқ па?

Хамит Тұрсынбеков: Әрине, белгілі бір деңгейде әсер етеді. Кейбір шаруалар жыл сайын нарықтағы жағдайды ескермей, кездейсоқ шешімдер қабылдайды. Мысалы, бір жылы қырыққабат жақсы бағамен сатылды деп, келесі жылы бәрі жаппай қырыққабат еге бастайды. Бірақ сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі бұзылып, баға түсіп кетеді. Осылайша, көптеген шаруалар шығынға ұшырайды. Сондықтан әркім өз мүмкіндігін нақты бағалап, дұрыс шешім қабылдауы керек. Бәсекелестік – жақсы нәрсе, бірақ ол ақылмен жүргізілуі қажет.  

El.kz:  Мемлекеттен қандай да бір қолдау немесе субсидиялар беріледі ме? Жалпы, олардың пайдасы қаншалықты? Сіздер мұндай көмекті алып отырсыздар ма?

Хамит Тұрсынбеков: Бақша өсімдігінің қырыққабат түріне біз мемлекеттен субсидия алған жоқпыз. Менің білуімше, оған арнайы субсидия қарастырылмаған. Бірақ, тамшылатып суару технологиясын енгізуге қатысты мемлекет тарапынан қолдау бар. Біз осы жүйені енгізу үшін құжаттарымызды жинақтап жатырмыз. Қазіргі таңда 80 пайыз субсидия беріледі деп айтылды. Яғни, егер біз өз қаражатымызға қажетті жабдықтарды сатып алсақ, мемлекет соның басым бөлігін өтеп береді.

Қазіргі уақытта біз бұл технологияны енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қажетті құрал-жабдықтарды – яғни, құбырлар, фильтрлер, насостар, шлангілер – барлығын өз қаражатымызға сатып алып, егістік алқапқа орнаттық. Ендігі кезекте біз тиісті құжаттарды толықтай дайындап, мемлекеттің қарауына тапсырамыз. Егер бәрі ойдағыдай болса, бізге осы жүйеге жұмсаған қаржымыздың бір бөлігін субсидия арқылы қайтарады деп күтіп отырмыз.

El.kz: Демек, осыған дейін мемлекеттен ешқандай қолдау алмағансыздар ғой?

Хамит Тұрсынбеков: Дәл қырыққабат көкөнісіне қатысты ешқандай субсидия алған жоқпыз. Бірақ, өткен жылдары бақша дақылдары мен жүгері сияқты дақылдарға гектарлық субсидия берілген болатын. Атап айтсақ, 2017, 2018, 2019 жылдары осындай мемлекеттік қолдау түрі болды. Ол кезде белгілі бір гектарға егілген дақылға қарай субсидия берілді. Сол кездері біз бұл мүмкіндікті пайдаланып, белгілі бір деңгейде мемлекеттен көмек алған едік. Алайда, қазіргі таңда ондай субсидиялар жоқ. Яғни, сіз қандай дақыл ексеңіз де, мемлекет оның көлеміне қарай қаржылай көмек көрсетпейді. Оның орнына, нақты технологияларды енгізуге немесе ауыл шаруашылығын модернизациялауға бағытталған субсидиялар ұсынылады. Сондықтан біз қазіргі мүмкіндіктерді пайдаланып, жаңа әдістерді енгізуге тырысып жатырмыз.

El.kz: Жалпы, субсидия алу процесі қаншалықты қиын?

Хамит Тұрсынбеков: Бұл жерде ең бастысы – құжаттарды дұрыс дайындау. Себебі, субсидия алу үшін нақты талаптар бар. Егер барлық құжаттарды уақытылы, дұрыс рәсімдесеңіз, онда мәселе туындамайды. Бірақ, кейде түрлі бюрократиялық кедергілер кездесуі мүмкін. Сондықтан шаруаларға бұл процесті мұқият жүргізу қажет. Жалпы, мемлекет тарапынан берілетін қолдау өте маңызды. Бірақ, оны тиімді пайдалану үшін шаруалар да өз ісін сауатты жүргізіп, заманауи технологияларды енгізуге бейім болуы керек.

(Фото: Хамит Тұрсынбековтің жеке мұрағаты)

El.kz: Кәсіпті кеңейту ойыңызда бар шығар... Енді  өнімнің қай түрін егуді жоспарлап отырсыздар?

Хамит Тұрсынбеков: Болашақта біз ауыл шаруашылығы саласында жаңа дақылдар егіп, кәсібімізді кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Маш дақылының орнына соя дақылын егуді ойластырып жатырмыз. Қазіргі таңда соя дақылы біздің өңірге қаншалықты қолайлы екенін зерттеу үстіндеміз. Бұған дейін кейбір шаруалар соя дақылын еккенімен, дұрыс сортын таңдай алмағандықтан, олардың өнімі төмен болды. Осы себепті біз  өзіміздің аймаққа лайықты, жоғары өнім беретін сорттарды анықтауға күш салып жатырмыз. Егер дұрыс сорт таңдалса, соя маш дақылына қарағанда екі есе көп өнім береді, әрі оның нарықтағы бағасы да жоғары. Сондықтан да бұл дақылды егудің экономикалық тұрғыдан тиімді болатынына сеніміміз мол.  Өздеріңіз білетіндей, соя да бұршақ тұқымдас дақылға жатады. Оның да жердің құнарлылығын сақтай отырып, топыраққа қажетті азотты қалдыру қасиеті бар. Осы тұрғыдан алғанда, соя біз үшін өте пайдалы дақыл болмақ. Ең бастысы – бізге ыстық климатқа төзімді сортын дұрыс таңдау қажет.  

El.kz: Негізі Жетісайда соя егетіндер бар ғой?

Хамит Тұрсынбеков: Жетісай ауданында соя егетін шаруашылықтар өте аз. Менің білуімше, өткен жылы бір шаруашылық 12 гектар жерге соя еккен. Алайда ол кісілер таңдаған ұрық біздің аймақтың климатына сәйкес келмегендіктен,  өнбей қалған. Яғни, дән жерге егілгенімен, көшет болып шықпаған. Кейін ол шаруашылық иесі маған   бұл ұрықтың біздің климаттық жағдайымызға қолайсыз екенін айтты. Сол себепті биыл біз зерттеу жүргізіп, ғылыми-зерттеу институттары  ұсынып отырған арнайы сорттарын егуді жоспарлап отырмыз. Осылайша бұл дақылдың біздің топырақ пен климаттық жағдайымызда қалай өсетінін тәжірибе жүзінде көріп, оның тиімділігіне көз жеткізбекпіз.

El.kz: Ал жалпы белгілі бір көшеттің сортын таңдайтын кезде шетелдік мамандардың пікірін ескересіздер ме? Бәлкім тәжірибе алмасатын шығарсыздар?  

Хамит Тұрсынбеков: Біз жаңа өнім егерде алдымен өз еліміздегі ғылыми-зерттеу институттарының ұсынымдарына жүгінеміз. Өйткені, әр аймақтың өзіндік топырақ құрамы мен климаттық ерекшеліктері бар. Мысалы, Жетісай ауданында жаз мезгілінде ауа температурасы 40-50 градусқа дейін көтеріледі. Мұндай жоғары температура сояның қалыпты өсуіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан да бізге ыстыққа төзімді сорттарды таңдау қажет. Бұл ретте кейбір шаруалар қателесіп, солтүстік өңірлерге бейімделген сорттарды таңдап жатады. Мұндай қателіктер өнімділіктің төмендеуіне,тіпті болмауына алып келеді. Бз тексерілген, біздің климатқа бейімделген тұқымдарды ғана пайдалануды көздейміз. Егер тәжірибе сәтті шықса, алдағы жылдары бұл дақылды үлкен көлемде егу жоспарда бар. Бұл біздің кәсіпті әрі қарай дамытуға, сондай-ақ аймақта ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне өз үлесімізді қосуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

El.kz: Жалпы елімізде егін шаруашылығының дамуы үшін қандай өзгерістер қажет деп ойлайсыз?

Хамит Тұрсынбеков: Бұл - өте ауқымды мәселе. Ауыл шаруашылығы саласының дамуы үшін бізге жаңа технологиялар ауадай қажет. Әлі күнге дейін кейбір дәстүрлі әдістермен жұмыс істеп келеміз. Ең бастысы – заманауи техника, комбайндар мен автоматтандырылған жүйелер қажет. Қазіргі таңда шетелдік тәжірибені зерттеп, интернет арқылы заманауи технологияларды бақылап отырмыз. Ол жақтарда ауыл шаруашылығы саласында адам күші барынша азайтылған. Бұл дегеніміз – еңбек өнімділігінің артуы, шығынның қысқаруы және шаруалар үшін үлкен жеңілдік.

Бізде егіншілікте адам күшін көп жұмсауға тура келеді. Бұл, әрине, шаруалардың қалтасына ауыр тиеді. Себебі жұмыс күшіне, техника жүргізушілеріне, жұмысшылардың күнделікті шығындарына, жанармайға, еңбекақыға қаражат бөлу керек. Ал шетелдерде бұл жүйе әлдеқайда оңтайландырылған.

Қазіргі таңда дамыған елдерде ауыл шаруашылығы техникалары толықтай автоматтандырылған. Мысалы, арнайы спутниктер арқылы басқарылатын тракторлар бар. Олар адамсыз-ақ жерді жыртып, егіс алқаптарын дайындап, қажетті жұмыстарды атқарады. Бізде мұндай жүйелер енгізілсе, шаруалар үшін үлкен көмек болар еді. Себебі еңбек ресурстарына жұмсалатын шығын азайып, өнімділік артады. Сол себепті  менің ойымша, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу өте маңызды. Бұл – уақыт талабы. Біз де болашақта осы бағытқа бет бұрсақ, өнімділігіміз де арта түсер еді.

(Фото: Хамит Тұрсынбековтің жеке мұрағаты)

El.kz: Ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Хамит Тұрсынбеков: Ең бастысы – білім алу керек. Кез келген салада жетістікке жету үшін білім мен тәжірибе маңызды. Ауыл шаруашылығы да солай. Қазіргі таңда жаңа технологиялар қарқынды дамып жатыр. Біз, үлкен буын өкілдері, дәстүрлі әдістермен жұмыс істеп келеміз, бірақ заман өзгеруде. Сондықтан жастарға заманауи технологияларды меңгеруге кеңес беремін. Мысалы, өткенде бір топ жас маман маған хабарласты. Олар жер телімімді спутник арқылы бақылап, өсімдіктердің жағдайын бағалай алатындарын айтты. Бұл – үлкен мүмкіндік. Бұрын ондай технологияны қолдану мүмкін емес еді, ал қазір ол қолжетімді. Мұндай жаңашылдықтарды жастар үйреніп, меңгеріп, ауыл шаруашылығына енгізуі керек.

Ауыл шаруашылығы – тоқтаусыз жүретін сала. Бұл жерде бір жыл күтіп, кейін әрекет етемін деп отыруға болмайды. Әр күннің өз уақыты, өз маусымы бар. Дақылды дер кезінде отырғызу, суару, дәрілеу – бәрі нақты кесте бойынша жүзеге асуы тиіс. Бір күн кешіксең, бір маусым еңбегің зая кетуі мүмкін.

Жастарға айтарым – заманауи технологияларды үйреніп, ауыл шаруашылығына енгізу қажет. Егер олар осы салаға жаңашыл көзқараспен келсе, біз, тәжірибелі шаруалар, оларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Тек ең бастысы – жаңа әдістерді дұрыс зерттеп, тәжірибеге енгізу керек. Егер шынымен тиімді тәсілдер болса, біз оны қуана-қуана қолданып, бірге жұмыс жасауға әзірміз.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға