Жаңалықтар

«Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға мемлекет тарапынан одан әрі белсенді қолдау көрсетілмек

«Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға мемлекет тарапынан одан әрі белсенді қолдау көрсетілмек
13.09.2019 12:11 3831

Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі депутаттар тобы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминге депутаттық сауалмен жүгінді.

Халық қалаулылары осы сауалда қоғамдағы маңызды проблема – ауылдарда мамандардың жетіспеушілігі мәселесіне назар аударады.

Баршамызға белгілі, қазіргі уақытта елімізде «Дипломмен – ауылға» республикалық бағдарламасы іске асырылуда. Оның мақсаты – ауылдық аймақтарда дәрігер, мұғалім, инженер, ауыл шаруашылығы мамандары және осы аумақтар үшін қажетті өзге де жоғары оқу орны түлектеріне деген қажеттілікті жою.

Депутаттық сауалда көрсетілгендей, ауылдық объектілер мен салаларды мамандармен қамтамасыз ету шеңберінде мемлекеттік грант бойынша диплом алған жоғары оқу орны түлектерінің ауылда 3-5 жыл аралығында міндетті түрде жұмыс істеуі жөніндегі заңнамалық нормалар қабылданып жатыр.

Биылғы жылдың 23 қаңтарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев Жастар жылының ашылуына арналған салтанатты жиында Үкіметке бірқатар тапсырмалар берген болатын. Атап айтар болсақ, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына енгізілген мамандықтар тізбесін кеңейту, жас мамандарға арналған біржолғы жәрдемақыны 100 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 252 000 мың теңгеге дейін көтеру. Соңғы тапсырма облыстардың бюджеттерінде қаржының жетіспеуіне байланысты толығымен орындалған жоқ.

Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттарының тобы және Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті ауылға келетін жас мамандарды, сондай-ақ жұмыс істеп жүрген жастарды оңтайлы ипотекалық немесе жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау мәселесін өз депутаттық сауалдарында бірнеше рет көтерген болатын. Сол мақсатта ауылда ипотекалық немесе жалға берілетін тұрғын үй құрылысын бастау үшін «Нұрлы жер» бағдарламасының қаржылай қаражатын қайта бөлу де ұсынылған болатын. Сонымен қатар, ауыл адамдарына арналған жекелеген үй өндірісін жедел ұйымдастыруға мүмкіндік беретін үй-құрылыс комбинаттарын құру да ұсынылды.

Үкімет жауабында мемлекеттік «Нұрлы жер» (НЖ) бағдарламасының шеңберіндегі қаржылай қаражат облыстық әкімдіктер құзырында деп көрсетілген. Сондай-ақ Үкіметтің 2019 жылғы 3 мамырдағы жауабында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ ипотекалық қарыздың 11,2%-ын республикалық және облыстық маңызы бар қалалардан шеткері жерлерде салу үшін бөлгені атап өтілген. Бұл облыстық және республикалық орталықтардан 10-20 км радиуста салынатын коттедждік және өзге де тұрғын үйге қатысты екені айтпаса да белгілі. Сонымен бірге «Дипломмен – ауылға» бағдарламасында 0,01% жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылға бюджеттік кредиттер беріледі. Көптеген аудандық орталықтарда ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үй өте аз, біраз ауылдарда мұндай үйлер мүлдем жоқ. Дегенмен, аудандардың біріне жұмыс істеу үшін келген жас медициналық қызметкерлердің тұрмысымен танысқан Денсаулық сақтау министрінің соңғы мәлімдемесі бойынша, аудан әкімдері ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үй салудың кепілгерлеріне айналған. Себебі облыстық басшылар аталған бағдарлама бойынша тұрғын үй салуға бөлінетін қаражаттың басым бөлігін облыс орталықтарында және облыс қарауындағы ірі қалаларда игеруді жөн санаған.

Биылғы жылы және келесі жылдан бастап ауылдарға көптеген жас мамандар баратынын ескере отырып, тұрғын үй проблемасы ең өзекті мәселеге айналмақ. Бұл өз алдына жас мамандар арасында әлеуметтік шиеленіс тудырып, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының беделіне нұқсан келтіретіні сөзсіз.

Жоғарыда жазылғанды ескере отырып, депутаттар мынадай ұсыныстар жасайды:

1) Облыстық әкімдіктерге «НЖ» бағдарламасы бойынша қаражатты ауылдық аудандар пайдасына қайта бөліп, жас мамандардың келуіне дайындалу туралы нұсқау беру;

2) Облыстар мен аудандар әкімдеріне «Дипломмен – ауылға» жобасының шеңберінде ауылға келіп жатқан мамандарға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредиттер беру жұмысын жедел тәртіппен бастауды тапсыру. Ол үшін жоғары оқу орнын бітірген соң келетін жас мамандардың ықтимал санын анықтап, облыстық бюджеттерде 0,01% жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылға, соның ішінде «НЖ» бағдарламасы есебінен несие беру үшін қажетті қаражат көзделуі тиіс.

3) Аталған мәселенің шешімін тездету үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйлер мен пәтерлер салынатын алаңдарда инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмысты бастау қажет.

4) Жас мамандарға «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы шеңберінде көзделген әлеуметтік қолдауды бірінші кезекте алу құқығын беру қажет.

Қазақстан Республикасының Үкіметі ауылға келетін жас мамандарды, сондай-ақ жұмыс істеп жүрген жастарды ипотекалық немесе жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдай жасау мәселесіне қатысты депутаттық сауалды қарап, толық жауап жіберді.

Атап айтқанда, «НЖ» мемлекеттік тұрғын-үй құрылыс бағдарламасы шеңберінде қаражатты ауылдық аудандардың пайдасына қайта бөлуге қатысты келесіні хабарлайды. Мәселен, жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) өтінімдері негізінде 2018 жылы жалпы сомасы 30,6 млрд. теңгені құрайтын 97 жобаның 26-сы (4,8 млрд. теңге) сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді салу үшін 11 облыста (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының) ауылдық жерге жұмсалған.

Жалпы, «НЖ» бағдарламасының басым бағыттарын іске асыру үшін бекітілген бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес тұрғын үйлерді жаппай салатын басым аудандар анықталуда. Осы жылы жергілікті атқарушы органдар (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында) 12 050 тұрғын үймен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Оның ішінде 2 052-сі ауылдық жерде салынады деп күтілуде.

Сонымен қатар, «НЖ» бағдарламасының шарттарына сай сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй мынадай азаматтарға беріледі. Тиісті қаржы жылына берілген республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген қаражатқа сәйкес 1) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-8), 10), 11) тармақшаларында айқындалған халықтың әлеуметтік осал топтарына Қазақстан Республикасының қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес анықталған кезектілік тәртібінде; 2) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабының 9) тармақшасында айқындалған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына; 3) Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға – мемлекеттік жастар саясаты саласындағы уәкілетті орган бекітетін Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру қағидаларында анықталған тәртіппен беріледі.

Осыған орай, белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, ауылдық жердегі мамандар сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етілуі мүмкін.

Ауылға келіп жатқан мамандарға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие беруге қатысты Үкімет мынаны түсіндірді: «Дипломмен – ауылға» жобасын іске асыру кезеңі ішінде 2009 жылдан бастап 60 мыңнан астам маман 7,4 млрд. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алған, ал 27,5 мыңнан астам маманға тұрғын үй сатып алу үшін 70,6 млрд. теңге көлемінде бюджеттік несие берілген.

Салалар бөлінісінде алсақ, білім беру саласына 42 745 адам (71,2%), денсаулық сақтау саласына – 12 705 (21,2%), мәдениет саласына – 1 604 (2,7%), спорт саласына – 863 (1,4%), әлеуметтік қамтамасыз етуде – 483 (0,8%) және агроөнеркәсіптік кешенге – 1 665 (2,8%) маман тартылған. Бұл ретте осындай серпін мамандарға деген нақты қажеттілік құрылымына негізделеді.

Бұдан басқа, әлеуметтік сала мен агроөнеркәсіптік кешен мамандарына деген қажеттілік бюджеттік заңнамаға сәйкес жоспарланады.

Мәселен, кезекті үш жылдық кезеңге арналған бюджетті қалыптастыру кезінде өңірлер қажеттілігі ескеріледі. Бұл қажеттілік бос лауазымдық орындардың болуына, алдағы үш жылға болжаммен жаңа жұмыс орындарын ашуға, жыл сайынғы түзетуге негізделеді.

Соңғы жылдары Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен қаражат бөлудің оң серпіні байқалады. Мәселен, тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие беруге 2017 жылы 11,0 млрд теңге, 2018 жылы – 13,7 млрд теңге бөлінген, ал 2019 жылы 14,8 млрд теңге көзделіп отыр. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен өңірлер мамандармен 70-75% қамтамасыз етіліп отыр.

Алдағы 2020 жылға бюджетті қалыптастыру кезінде облыстардың әкімдіктері 15,8 млрд. теңге сомасына 3980 маманға деген қажеттілікке өтінім берген. Бұл әлеуметтік сала мен агроөнеркәсіптік кешен мамандарына деген қажеттілік. Қосымша қаражат бөлу мәселесін Республикалық бюджет комиссиясының отырысында қарау жоспарланып отыр.

Ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйлер мен пәтерлер салынатын алаңдарда инфрақұрылымды жақсартуға қатысты, «НЖ» бағдарламасы шеңберінде 2018 жылы ауылдық елді мекендерде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға 6,4 млрд. теңге сомасына 39 жобаға, ал 2019 жылы 4,6 млрд. теңге сомасына 20 жобаға қаржы бөлінгені туралы хабарланады.

Сонымен бірге, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – «Еңбек» бағдарламасы) шеңберінде ауылда қажетті жағдайды жасау және оны мамандар үшін тартымды ету үшін айтарлықтай маңызды қолдау шаралары көзделген.

«Еңбек» бағдарламасында әлеуметтік келісімшарт шеңберінде осы бағдарламаның кем дегенде 5 қатысушысын жұмыспен қамтамасыз еткен жағдайда жұмыс берушілер әртүрлі міндеттемелерді (өтемақы, қызметтік тұрғын үй және т.б.) алған кездегі мемлекеттік қолдау шаралары көзделген.

Жас мамандарға «Дипломмен – ауылға» жобасында көзделген әлеуметтік қолдауды бірінші кезекте алу құқығын беруге қатысты, «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі заңының 18-бабының 8-тармағына сәйкес ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) шешімі бойынша көтерме жәрдемақы (100 айлық есептік көрсеткіш) және тұрғын үй алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау (1500 айлық есептік көрсеткіш) көрсетіледі.

Қазіргі уақытта әлеуметтік қолдау шаралары мамандардың өтініш беру күні бойынша кезекпен берілуде.

«Дипломмен – ауылға» жобасында әлеуметтік қолдау шараларын мамандардың жасына, білім деңгейіне және мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесіне бөлу көзделмеген. Бұл ретте осы мамандардың шамамен 70 %-ы жас мамандар болып табылады.

Жалпы, «Дипломмен – ауылға» жобасы белсенді іске асырылып жатыр және Үкіметтің тұрақты бақылауында.

Бөлісу:

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға