Жаңалықтар

Дінтанушы: Радикалды ағымдарға қарсы күресте солқылдақтық танытпау керек

Дінтанушы: Радикалды ағымдарға қарсы күресте солқылдақтық танытпау керек
Фото: Жеке мұрағаттан 15.10.2024 18:25 416

18 қазан – Рухани келісім күні қарсаңында белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлымен еліміздегі діни ахуал, радикалды ағымдармен күрес, ауылдағы имамдардың жағдайы және басқа да мәселелер жайында әңгімелескен едік.

Діни бірегейлік жоқ жерде, іштен бөліну болады

El.kz: Әңгіменің әлқиссасын өзіңізден бастасақ. Кейінгі кезде сізді Шығыстан жиі көретін болдық. Не мақсатпен, қандай жұмыспен жүрсіз?

Кеңшілік Тышқанұлы: Біздегі мақсат біреу, ол – қоғамның діни сауаттылығын арттыру, радикалды діни ағымдар тарапынан болуы ықтимал қауіптің алдын алу, шалыс басқандарды әлеуметтендіруге, оңалтуға көмектесу.

Бүгінде мен Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің дінтану кафедрасында аға оқытушысы қызметін атқара жүріп Шығыс Қазақстан облысының дін мәселелерін зерттеу орталығында теолог болып жұмыс істеймін, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесімін. Университетте теориямен, ғылыммен айналыссақ, дін мәселелерін зерттеу орталығында тәжірибеге жүгінеміз. Өйткені ғылымның өзі тәжірибемен сабақтасып отыруы шарт. Осы орайда ақпараттық-түсіндіру, оңалту, алдын алу шараларына араласып, теріс діни ағымдармен жұмыс істеу бізге теорияны тәжірибемен бекітіп, дамуға үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Сонымен қатар жергілікті жерлерде теолог мамандардың біліктілігін шыңдауға, олардың кәсіби білімін жетілдіруге бұл бастаманың тигізер пайдасы көп.

Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі ретінде еліміздің барлық айғамын аралап, тиісті жұмыстар жүргіземіз. Оның ішінде өңірлерде теологтар мен дінтанушыларды даярлауға, жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептерде дінтану және зайырлылық негіздері пәнінен сабақ беретін педагогтардың, психологтардың біліктілігін арттыруға қолдан келгенше көмектесіп, тәжірибемізді бөлісеміз.

El.kz: Ақпараттық-түсіндіру тобының құрамында республиканың әр өңірін аралаймыз дедіңіз. Қазір елдегі діни ахуал қалай? Алаңдауға негіз бар ма?

Кеңшілік Тышқанұлы: Бүгінгі күні елімізде діни ахуалды жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар көп. Әр үш жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, соның аясында жұмыстар жүргізіліп келеді. Дегенмен діни ахуал түбегейлі жақсарып кетті деп те айта алмаймыз. Неге десеңіз, мемлекет бейтарап бағытты ұстанады. Яғни, бізде радикалды ағымдардан зардап шеккендерді оңалту, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, халықтың діни сауаттылығын көтеру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілгенмен қатаң күрес тәсілдері қолданылмайды. Мәселен, әлемнің бірқатар елінде радикалдармен күштік құрылымдар арқылы күреседі, шектен шыққандарды жаппай жазаға тартады. Бізде осы жағы жетіспейді. Әрине, елдегі жалпы картинаға қарап діни ахуал тұрақты деп айтуға болады. Бірақ бұл тұрақтылық біздің діни бірегейлігімізді қалыптастырды деуге келмейді. Бұл жерде мен елдегі барлық конфессияларды айтып отырған жоқпын, әңгіме исламның ішіндегі бірегейлік туралы. Бүгінгі таңда қоғамда түрлі діни ағымдардың өкілдері бар, олар кез келген уақытта «мінез» көрсетуі мүмкін. Тәуелсіз Қазақстан тарихында ондай жағдайлар болған. Себебі қандай да бір діни топтың идеологиялық бағыт-бағдары шетелде айқындалуына байланысты олардың кез келген уақытта жағымсыз іс-әрекеттерге бару ықтималдығы жоғары. Елімізде 2011 жылы, 2012 жылы және 2016 жылы болған оқиғалар бұл сөзімізге дәлел. Сондықтан қоғамда діни тұрақтылықты берік орнатып, түбегейлі қалыптастыру үшін әлі де болса жетілдіруді қажет ететін мәселелер көп. Бір ғана мысал айтайын, біздің заңдарда радикализм, деструктивтілік деген сияқты категориялардың нақты анықтамасы жоқ. Сондықтан олармен жұмыс істеген кезде мамандар тек түсіндіру, оңалту, алдын алумен шектелуде. Заңнамалық негіздер болмаған соң радикалды ағамдар да жауапкершілікті сезінбейді. Әрине, егер олар қылмысқа барса экстремизм, терроризм баптарымен қатаң жазаланады. Ол сөзсіз. Бірақ біздің мақсат қылмысқа жеткізбеу, дер шағында алдын алу десек, бұл ретте заңдық тұрғыдан тиісті шешімдер болу керек. Бұл – бір.

Екіншіден, кейбір экстремистік, террористік әрекеттердің қай радикалды топтар тарапынан болып жатқандығы бізге жасырын емес. Ендеше сол діни ағымдардың іс-әрекетіне мемлекет белгілі бір деңгейде заңмен шектеу қоюы қажет. Оларға қатысты нақты бір позиция ұстанған абзал. Сонда қарапайым халық арам пиғылды ағымдарға ерудің, олардың қатарына қосылудың зардабы қаншалықты ауыр екенін түсінеді. Ал енді мемлекет солқылдақтық танытса бұл онда радикалды топтар қатарының көбеюіне, күшеюіне әкеліп соғады. Есесіне олармен күресіп жатқан біз сияқты сала мамандарының жұмысын қиындатады.

El.kz: Радикалды топтардың күшеюі елдегі тұрақтылыққа салқынын тигізуі мүмкін дейсіз ғой...

Кеңшілік Тышқанұлы: Әбден мүмкін. Радикалды ағымдардың күш алуы бір ұлттың, бір діннің, тіпті бір мешіт жамағатының ішінде бөлінуге әкеліп соғуы ықтимал. Ал бұның соңы алауыздықпен аяқталады. Діни бірегейлік, рухани тұрақтылық болмаған жерде іштен бөлшектену оңай. Өйткені кез келген жамағат өз дінін қасиетті деп санайды, дін жолында жанын құрбан етуге дейін барады. Көрдіңіз бе?! Сондықтан дін арқылы бөлшектену өте қауіпті.

El.kz: Кейінгі жылдары қоғамның, оның ішінде жастардың жаппай исламға бет бұруы байқалады. Қалай ойлайсыз, бұл дұрыс па? Мұны сұрап отырған себебім, әлі оң-солын дұрыс тани қоймаған көкөрім жас теріс діни ағымдардың ықпалына түсіп қалмай ма?

Кеңшілік Тышқанұлы: Иә, тәуелсіздік алғаннан соң елде жаппай дінге бет бұру, руханиятқа, салт-дәстүрге оралу болды. Бұл қалыпты құбылыс. Тарихтан білеміз, ерте заманнан бері біздің елдің рухани дамуында, ағартушылықта діннің орны ерекше. Сондықтан 1992 жылы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданғанда дінге толық еркіндік берілді. Осыдан соң шетелдегі діни орталықтар, оның ішінде мұсылман елдеріндегі ұйымдар, соңынан жамағат ерткен белгілі тұлғалар посткеңестік елдерде дінді белсенді таратуға кірісті. 

Сол сияқты Қазақстан азаматтары тарапынан да исламға қызығушылық оянып, шетелге барып діни білім алушы жастар көбейді. Олардың дені ата-бабамыздан жалғасқан дәстүрлі исламның бағытын ұстанды.

Азаттықтың алғашқы жылдарында елдегі мешіттер қазіргідей Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төңірегіне шоғырланған жоқ. Қолында қаржысы бар кәсіпкерлер мешіт соғып, оған түрлі мәзһабтағы азаматтар имам болып, әрқайсы өз алдына күн кешіп жатты. Міне осы кезеңде бізде мұсылман жамағаты қалыптасты. Есесіне, бұл кезеңде руханиятқа шөлеркеген қоғамның сұранысын қанағаттандырып, қажетті діни ілім-білім беретін көшбасшылар, тұлғалар, уағызшылар, ұстаздар елімізде толық қалыптасып үлгермеді. Соның салдарынан да кейбір азаматтарымыз шетелдік уағызшыларды тыңдап, солардың ықпалына еріп кеткен жағдайлар болды.

«Битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа» дейді ғой қазақ. Ел ішінде теріс діни ағым өкілдері бар екен деп дінге шектеу қойып, қайтадан кеңестік атеистік қоғамға айнала алмаймыз ғой. Зайырлы, демократиялық, құқықтық мемлекте ретінде азаматтардың діни сенім бостандығы заңмен қорғалып, реттеліп отырады. Осыдан ондаған жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда қазір азаматтарымыздың діни сауаттылығы әлдеқайда жақсарып, мұсылман жамағат ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін біледі.

Жалпы жастардың дінге, руханиятқа бетбұруынан трагедия жасаудың қажеті жоқ. Уақыт өте келе бәрі өз орнына келеді.  

El.kz: Радикалды діни ағымдардыңдың ықпалына көп жағдайда қандай адамдар түсуі мүмкін? Қандай да бір әлеуметтік зерттеу жүргізілді ме?

Кеңшілік Тышқанұлы: Ондай зерттеулер бар. Теріс ағым өкілдерімен жұмыс істеу арқылы дін әлеуметтанушылары белгілі бір ғылыми қорытындылар шығарады. Сол қортындыларға сүйенсек, қазақ тілді азаматтармен салыстырғанда орыс тілділердің жиі шалыс басатынын байқаймыз. Неге десеңіз, радикалды әдебиеттердің көбі посткеңестік елдерге арналғандықтан орыс тілінде жазылған немесе аударылған. Оған қоса интернет ресурстарында да орыс тілінде ақпарат мол. Екінші бір ескеретін жәйт – отбасындағы тәлім-тәрбие. Қазақы отбасында туып-өскен, тәрбиеленген адам салт-дәстүр, мәдениет, ұлттық құндылық сияқты қасиеттерді жастайынан бойына сіңіріп, іргетасы мықты болып қалыптасады. Ондай адам мешітке барғанда да, басқа ортада жүргенде де өзінің таным-түсінігіне, қабылдауына, менталитетіне сай көзқарастарды іздеп, қабылдайды. Ал орыстілді отбасында тәрбиеленген жастардың бойында өкінішке қарай қасиеттер аз болғандықтан жаңаны жатсынбай қабылдайды.

Сонымен қатар толыққанды отбасында тәрбиеленбеген, өмірден өз орнын таппаған, қандай да бір қиындыққа тап болған адамдар да теріс діни ағымдардың құрығына оңай түседі. Азаматтардың үшінші бір тобы ол –қылмысын дін арқылы ақтап алғысы келетіндер. Былайша айтсақ, радикалды топтардың мақсатты тұрде өздеріне ыңғайлап алған аят-хадистерін жанына жақын тұтып, қылмыстық әрекеттерін жасырғысы келетіндер. Мысалы, намаз оқымайтындарды кәпір санау, жиһадқа шығу, кейбір жағдайларда адам өлтіруге болады деп айту, қантөгіске жол беру сияқты дүниелерді олар дұрыс санайды. Өйткені оның болмысында бар мұның бәрі. Бұрынғы істеген қылмысын енді олар діннің атын жамылып ары қарай жалғастыра бергісі келеді.

Бірақ мұның бәрі абсолютті категория деп айта алмаймыз. Радикалды діни идеология кез келген адамның санасын улап жіберуі мүмкін. Тіпті ұлттық тәрбиенің мәйегімен сусындап өскен өте білімді, саналы адам да қауіпті діни ағымдардан сақтандырылмаған.

Имамдар неге ауылға барғысы келмейді?

El.kz: Кәсіпкерлер жаппай мешіт соғып, оған өз адамын имам етіп қойған кезең болғаны рас. Кейін олардың бәрі ҚМДБ-ға қарады. Қазіргі сол мешіттерде жағдай қалай? Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының құрамында ауыл-аймаққа сапарлағанда жамағатпен кездесулер өткізетін боларсыздар. Не көрдіңіз? Не түйдіңіз?

Кеңшілік Тышқанұлы: Мешіт имамдары жамағатпен тікелей жұмыс істейтіндіктен олардың қызметі өте маңызды. Сол себепті ауыл-аймақтағы имамдардың біліктігінін арттыруды, білімін жетілдіруді ұдайы есте ұстап отыру керек. Жасыратыны жоқ, қазір мешітте қызмет етіп жатқан имамдардың басым бөлігі жоғары білім алмаған. Ал «Нұр Мүбарак» сияқты жоғары оқу орнын бітіріп, мықты маман болып шыққан исламтанушы жастар ауылға бармайды. Өйткені олардың әлеуметтік мәселелері шешілмеген, баспанамен қамту, тұрақты жалақы және басқа да қажеттіліктері ескерілмеген. Ірі қалалар мен облыс орталығының мешіт имамдарында бәлкім ондай проблема жоқ шығар, ал ауылды жерде бар. Сол себепті қазір амалсыздан діни сауаты шамалы адамдар ауылда молда болуға мәжбүр. Ал ондай имам жастардың діни қажеттілігін толық өтей ала ма? Қазір әлеуметтік желіде уағызшылар көп. Оларды тыңдайтындар да аз емес. Айтылатын уағыздардың ішінде дұрысы да, терісі де бар. Осындай кезде ауылдағы мешіт имамдарының сауатты, білікті болғаны өте маңызды. Себебі мешітке келетін жас ең алдымен имамға жүгінеді, өзін қызықтырған сұрақтың жауабын содан білгісі келеді. Осы кезде имамдарымыз тосылып қалса жамағаттың ішіндегі басқа бір топтар ол адамды өз ықпалына түсіріп алуы да ғажап емес. Ондай мысалдар кездеседі.

Біздің елде дін мемлекеттен бөлек болған соң мешіттегі имамдардың қаржылық мәселелерін шешу үшін бюджеттен бір тиын да қарастырылмайды. Сондықтан дін қызметкері өзінің отбасын асырау үшін күнкөріс қамымен басқа да кәсіппен айналысуға мәжбүр. Бұдан кейін мемлекет те талап ете алмайды. Егер болашақта дін мен мемлекет бөлек деген қағида өзгеріп, имамдардың жалақысы бюджеттен тағайындалып, әлеуметтік мәселелері шешімін тапса, онда оларға да белгілі бір деңгейде жауапкершілік артылады.

El.kz: Қателеспесем, имамдардың жалақысына қатысты мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатыр...

Кеңшілік Тышқанұлы: Иә, дәл солай. Бұл мәселені бір жағына шығару керек. Өйткені қазір Қазақстанда 3 мыңнан астам мешіт, жеті мыңға жуық діни қызметкер бар. Ірі қалалар мен облыс орталықтарындағы мешіттердің жағдайы тәуір десек, ауылды жерлерде мәселе шешілмеген. Кейбір ауылда мешіт жабық тұр. Имам жоқ. Ешкімнің имамдыққа келгісі жоқ. Бәрі сол жалақыға, материалдық жағдайға келіп тіреледі.  

El.kz: Жұмысыңыздың бір бағыты оңалту дедіңіз. Радикалды діни ағымдардың шырмауына түскендерді оңалтумен айналысасыздар ғой сонда. Жалпы, қоғам бұл мәселеде екіге бөлінеді. Олардың бірі экстремистік топтардың ықпалында кеткен адамдарды қоғамға қайта бейімдеу, әлеуметтендіру қажет емес, тіпті қауіпті десе, екінші тарап өз азаматтарымызды далаға тастауға болмайды, адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дегенді айтады. Сіз не дейсіз?

Кеңшілік Тышқанұлы: Оңалту жұмыстарын жүргізу қажет және ол жүргізіліп жатыр. Мәселен, «Жусан» операциясы арқылы елге оралған адамдармен теологтар, дін істері басқармаларының арнайы мамандары және басқалар жұмыс істейді. Олардың әлеуметтік мәселелері, материалдық жағдайы бәрі де мемлекеттің назарында. Тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Оның ішінде балаларды мектепке, балабақшаға орналастыру, азаматтарды қоғамға бейімдеу бойынша біраз шаруа атқарылды әлі де жалғасуда. Бірақ бұл өте ұзаққа созылатын үдеріс. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» дейді ғой, теріс идеологиямен уланған адамның бетін бері бұру, қайтару бір жылдың жұмысы емес, одан да көп уақыт керек. Өйткені оның жүрегіне кіріп алған сенімді, миына сіңген түсінікті теріске шығару, өзінің қателескенін санасымен мойындау ол адам үшін өте қиын. Бәлкім сондықтан да болар оңалту жұмыстарында бір жылда осынша көрсеткішке қол жеткіздік деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Дегенмен кейінгі кездегі радикалды ағымдарға ерушілер қатарының азаюына осы оңалту шараларының тигізген әсері де бар деуге болады. Бір айта кететін жәйт, қазір бұрынғыдай емес мемлекеттің заңын, басқару жүйесін, саясатын мансұқтап, теріске шығаратындар, бәрін «кәпір» дейтіндер азайды. Иә, арабтар сияқты киініп, сақал қойып, түр-келбетін соларға ұқсатқысы келетіндер, атрибуттар қолданатындар әлі де бар. Уақыт өте ол да өз арнасына түседі деп ойлаймын. Тек осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беру керек.

El.kz: Әңгімеміздің соңында Шығыстағы діни ахуал туралы бір ауыз айта кетсеңіз...

Кеңшілік Тышқанұлы: Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының құрамында еліміздің көптеген өңірін аралап, жағдайды көзбен көріп жүрген маман ретінде айтсам, республиканың басқа облыстарымен салыстырғанда Шығыста діни ахуал тұрақты. Дегенмен кейінгі жылдардағы ішкі миграцияның әсерінен, яғни халық тығыз орналасқан, еңбек күші көп оңтүстік өңірлерден Шығысқа қарай отбасылардың белсенді қоныс аударуына байланысты түрлі көзқарастағы адамдар да келе бастады және олардың дені дін ұстанатын азаматтар. Сол себепті қоғамның тұрақтылығын, тыныштығын сақтау үшін радикалды діни ағымдардың алдын алу, түсіндіру жұмыстарын үзбей жүргізе беру керек. Бұл ретте Шығыс Қазақстанда ешқандай кедергі жоқ. Керісінше облыстық дін істері басқармасы барлық жағдайды жасап, қажетті мамандарды орталықтан шақыртып, оларға лайықты жалақысын төлеп,әлеуметтік мәселелерін шешіп, жүйелі жұмыс істеп жатыр. Әрине, өңірде тұрақты қызмет атқаратын білікті де білімді теолог, дінтанушы мамандардың жетіспеушілігі бар. Ол барлық облысқа тән жағдай. Дегенмен жағдай жасалса бұл олқылықтың да орны толар деп ойлаймын.

El.kz: Тұшымды әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға