Жаңалықтар

Діндар

Діндар – Жаратушы хаққа иман келтіріп, құлшылық рәсімдерін берік ұстанған және діни уағыздарды таратушы, дін ұстаушы адам.
25.08.2014 04:28 8975

Діндар – Жаратушы хаққа иман келтіріп, құлшылық рәсімдерін берік ұстанған және діни уағыздарды таратушы, дін ұстаушы адам.

Діндар

Діндарлар. ҚР МОМ қорынан (ФКП 5745)

Шынайы Д. жас кезінен барлық тіршілік құбылыстары Жаратушының қолында екеніне кәміл сеніп, осы сенім жаман істерден тежеп, имандылықтан шықпауына себепші болады деп пайымдайды. Қазақ даласында діндар сөзі VIII-IX ғғ Ислам дінінің таралуына байланысты қолданысқа ене бастады. Сондай-ақ ертедегі түсінік бойынша, Д. қара тасқа айналған пейіштен келген періште, ақырет күні жақсы көрген адамдарына ара түсетін бейнелер ретінде танылған. Байырғы ортада Хиуа, Бұқар оқуын оқып бітіргендерді ахундар, діндар адамдар деп атаған. XIII ғ-дың ІІ жартысында Бұқар хандығындағы ең жоғарғы діни лауазым ахун болған (толығырақ қ. Ахун).

Діндар

Ишан Құдайберген Бесимов. 1928 ж. ҚР МОМ қорынан (ФКП 260)

Орта ғасыр дәуірінде Орта Азия сопылықтың немесе дәруіш ілімінің кең таралған аумағы болды. Мұнда Мұхаммед Баха ад-дин Нақышбенди, Қожа Ахрар Обейдуллах, Қожа Ахмет Йасауи, Абдул Қадыр Гиляни, Ахмет Омар әл-Кубра және т.б. сопылықтың дамуына жол салып, өрістеуіне ұйытқы болды.

Діни  қызметтің  сопылықтан  кейінгі  келесі  сатысы «бір-біріне барабар» саналған ишандар мен қожалар болды. Өйткені ишандардың көпшілігі қожа тобынан шықты. Ишандар ел өмірінде әлеуметтік топты құра отырып, мұсылман Д.-інің имандылық-тәрбиелілік қасиеттерін үгіттеп, мешіт салдырып, медреселер ашты. Ишандармен қатар сопылық ілімді меңгерген, өздерін толығымен Құдай жолына бағыштаған дәруіштер де Д.-дарлар ретінде танылды, ал шамандық пен кезбе сопылықтың белгілерін қатар алып жүретіндер диуана деп аталған.

Байырғы  ортаның  тұрмыс  қарекеті  бағзы  заманнан бері ғұрыптық жосындармен тығыз байланыста болған, ислам діні үстем еткен ғасырларда көптеген сенімдер мен салт-дәстүрлері кейбір белгілерінен айырылып, мұсылмандық әсерімен өзгеріске түсті. Мұндай рәсімдердің мұсылмандық жағынан көрініс табуына дін қызметкерлерінің, сопылық жолын ұстанушылар мен ишан, қожалардың уағыз-насихаты ерекше ықпал етті.

Дәстүрлі орта наным-сеніміндегі ежелгі анимистикалық, тотемдік, фетиштік элементтер мұсылмандық қағидаларымен астасып, синкретті түрде жаңаша сипатқа ие болды. Ислам тарағаннан кейін қазақтар ежелгідәстүрлі тұмармен қатар мұсылмандық дұға бойтұмарды тағатын болды. Адамның ғұмыр жолындағы атқарылар бүкіл салттық, ғұрыптық шаралардың барлығы діндарлардың араласуымен атқарылды.

Ерте заманнан бастау алатын дәстүрлі жерлеу салтында исламға дейінгі әдеттермен қатар исламдандырылған ғұрыптардың көріністері де баршылық. Әдетте өмірден өткен адамның үйіне лезде ауыл қарттарымен дұға оқитын молдалар жиналады (қ. Өлікті жөнелту). Жаназаға қатысты барлық ғұрыптық жосындар жасалғаннан кейін молда, имамдар қайтқан адамға дұға бағыштап, Құран оқиды. Дүниетанымдық түсінік бойынша марқұмның артында қалған ұрпақтары мен жақын ағайын туыстары жұма сайын жеті шелпек пісіріп, аруаққа Құран оқып, иман келтіреді.

Ғұрып бойынша отыз күн оразадан соң үш күн Ораза айт мейрамы болады. Ораза айында әрбір отбасы мүшелері кедейлер мен мүсәпірлерге пітір садақа береді.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға